Арнайы беттер 0 пікір 0 лайк

Жемқорлық жабыла күрескенде жеңіледі

Қазан 18 / 2018

 

Әрбір мектеп бітірушінің жоғары оқу орнына түсуі – үлкен жетістік. Бірақ, сол жастардың жаңа оқу орнының табалдырығын аттай бере жемқорлықтың көріністерімен бетпе-бет кезігетінін кейбір ата-аналар айтып та, жазып та жүр. Ал, бұған қалыпты құбылыс ретінде қарауға болмайды.

Өйткені, мұндай келеңсіздікке көз жұма қарау – бұл құбылысты одан күрделендіре түсері анық. Сондықтан да, білім шаңырақтарын жайлаған жемқорлықпен күресуді тек Білім және ғылым министрлігінің ғана міндеті деп қарамай, онымен қоғам болып күресуіміз керек. Еліміз бойынша парақорларды әшкерелеп отыратын www.vzyatochnіk.іnfo сайты жұмыс істейтіні мәлім. Осы сайтқа кіру арқылы жемқорлыққа жол берген оқытушылар мен басқа да адамдар туралы ақпарат қалдыруыңызға болады.

Біздіңше, оқу ордаларындағы жемқорлықпен күресудің бірден-бір жолы қоғамдық бақылауды күшейту болып табылады. Сонымен қатар, БАҚ арқылы белең алған сыбайлас жемқорлықтың көріністерін үздіксіз сынға алып отыру керек. Ол жайындағы кез келген ақпарға бей-жай қарамай, тексеру жұмыстарын жүргізіп, тиісті шара қолдану қажет.

Осы орайда, жақында ғана Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылғандай, ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін жоғарылатып, жалақысын көтеру мәселесі өз шешімін күтіп тұр. Жоғары оқу орындарында жемқорлықтың көріністері жайламауы үшін мұнда, біріншіден, ары таза азаматтар жұмыс істеуі қажет. Сонда ол оқу орнында ешқандай келеңсіз құбылыстардың белең алуына жол берілмейді. Сонымен қатар, оқу орындарындағы жемқорлықпен күресу үшін жас буынға ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін тереңдетіп оқыту ләзім. Оның қағидаларын ұғынған жастар адамзат баласына деген қаскөй мінезден арылады.

Университеттерде өзін-өзі басқару жүйесін дамытуды қолға алу қажет. Егер бұл басқару жүйесін дамытатын болсақ, онда білім саласындағы бәсекелестік арта түседі. Ал, бәсекелестік бар жерде білім беру сапасы көтеріліп, оқу орны рейтингісінің өсуіне ықпал етеді. Біздің университеттің «Заңтану және халық- аралық қатынастар» факультеті профессор-оқытушылар құрамының ұйымдастыруымен «Жоғары оқу орнындағы жемқорлықпен күрес – сапалы білімнің негізі» атты «дөңгелек үстел» мәжілісі, семинарлар, конференциялар жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Ондағы басты мақсат – білім ордаларындағы жемқорлық көріністерінің алдын алу, анықталған жағдайда арнайы әдістерді қолдана отырып, күрес жүргізу. Сондай-ақ, оқуын «бармақ басты, көз қыстымен» бітіргенді жөн көретін жастарға тәлім беріп, бірлесе күресуге шақыру. Тәрбие жұмысындағы бұл үрдісті басқа әріптестеріміз де қолданысқа енгізсе деген ұсыныс бар.

Жамбыл ОРЫНТАЕВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Заңтану және халықаралық қатынастар» факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, профессор.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ