Еңбегіне сенгеннің еңсесі биік

Қазан 18 / 2018

 

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы Қызылту ауылында осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын іңгәлап дүниеге келген сәби аяулы анасының ақ сүтін еме алмады. Қазан төңкерісінен кейінгі бір жыл өтер-өтпес уақыт еді. Ұлын босанып, қызыл шақаға жалқы рет жалт етіп қарап, үзіліп кеткен. Анасы. Әпкесі Тәжігүлдің, екінші анасы Дәненің мәпелеуімен өсті.

 

Сейдулла Оспанов ауылдық мектеп пен Қызылордадағы теміржол техникумын тәмамдады. Қалалық партия комитетінде нұсқаушы еді. Ақпанның аязды түнінде, 1939 жылы әскерге алынды. Фин соғысы жүріп жатқан. Бірталай қауіпті операцияларға қатысқан. 1940 жылдың қысында өкпесіне қатты суық тиіп, төрт айға жуық әскери госпитальдің төсегіне таңылған. 1941 жылғы маусымда денсаулығына байланысты әскер қатарынан біржолата босатылды.

Қызылорда обкомы ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімін басқарды. Иыққа да, жүйкеге де, адамгершілік сапаға да салмақ түсті. Жоғары жауапкершілікті терең сезінді. Еңбегіне сенді. Алматыға алты айлық курсқа жіберді. Жарты жыл ЦК-да істеді. Қызылорда облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Пәтимадай сүйікті жар тапты. Жарасымды жұп, үйлесімді үй болды.

ВЛКСМ ОК Қазақстан үшін бір орын бөліп, бір жарым жылдық Лениндік курсты бітірді. 1945 жылы. Тағы да комсомол басшысы болды. Облыста. 1947 жылы артта қалған, ақсап жатқан Қармақшы ауданын басқару тапсырылды. Алты жылда алдыңғы қатарға шығарды. 1951 жылы Сейдулла Оспановыңыз Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа сайланды. Елу үшінші жылы Жаңақорғанды, одан соң Шиелі ауданын басқаруға жіберілген. Тағы да алға шығару үшін. 1957 жылы Ленин орденімен марапатталған. Сол жылы Қызылорда обкомының екінші хатшылығына, екі жыл өте бере бірінші хатшылығына сайланған...

Алпысыншы жылдардың басында, Хрущевтің тұсында ұлттық рух ұялаған өңірлерге өңмендене тиісу, алақұйын ауыстыру сияқты аласапыран науқандар жүрген. «Правда» газетіне әдейілеп, қасақана ұйымдастырылған мақаладан кейін Сейдекеңнің соңына түскендер төмендетіп тынған. Дінмұхамед Қонаев Орталық Комитеттің бірінші хатшылығынан босатылған бюро отырысында Оспанов та, Тоқтамысов та қызметтерінен алынған.

Оспановыңыз осылайша оңтүстігіңізге ауыстырылған. «Правда» газетіне шыққан мақаланың тапсырыс берушілері басында отырған Юсупов: «Шымкентке барып, шыбын үймелеген шаруашылықтарды басқарасыңдар!» деп зіркілдеген.

Шөл даладағы мал шаруашылығы — Жданов атындағы қой өсіретін сапқозды да көркейтті ғой Сейдулла Оспанов. Оспановыңыз бірер жыл өтпей-ақ қайтадан биіктеген. 1968 жылы Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланған. Бұл ауданды да асу-асу белестерге шығарған. Облыстық кәсіподақ саласында да сапалы іздері сайрап жатыр. Біз бұл кісі туралы кезінде «Егеменде» мақала жариялағанбыз.

«Еңбегіне сенгеннің еңсесі биік». Бұл қанатты сөзді қазақ бағзыдан бері жоғары бағалайды. Осы мәтелді Оспановыңыз өмірлік ұстаным етіп, жүрегіне жазып қойған-тын. Сейдағаң әдемі қартайды. Құдай қосқан қосағы Пәтимасынан, одан әріректе ұлдары Тұраш пен Нұраштан айырылғаны ауыр соқты. Алайда, нарқасқадай мықтылықпен шыдас берген. Үш қызы мен үлкен ұлына шүкіршілік етті.

Үлкен қызы – Ботакөзді, ортаншы қызы – Рәшті, кіші қызы – Баянды ұзатқанда ше, үшеуінің жасауына да кітапхана қосты. Мұны бүкіл шымкенттіктер мен күллі қызылордалықтар аңыз етіп айтады.

Немере-шөберелерінің қуаныштарына ортақтасып, қызықтарына тоймаған Сейдағаң тоқсан тоғыз жасқа қарағанда Шымкент шаһарында дүниеден өтті. Соңғы сапарға шығарып салушылар көп болды. Жаназасында сапқа тұрғандар үлкен көшеге сыймады. «Текті еді», «адал еді», «бекзат болмыс иесі боп өтті ғой», «тап-таза күйінде кетті ғой» деушілер жүздеп саналды-ау.

Сейдағаңды, Сейдекеңді – Сейдулла Оспановты Қызылордада да, Шымкентте де, Алматыда да, басқа аймақтарда да жақсы білетіндер аз емес.

Егер көзі тірі болғанда ғой, мемлекетшіл, халықшыл, елшіл ереніңіз осы қазаныңыздың он жетісі күні жүз жасқа толар еді.

Мархабат БАЙҒҰТ. Суретте С.Оспанов.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ