Руханият 0 пікір 2275 лайк

Поэзияның Сүгірі

Қазан 18 / 2018

 

«Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақын, Құрмет орденінің және К.Симонов атындағы халықаралық әдеби сыйлық пен Алтын медалінің иегері Нармахан Бегалыұлының 75 жылдық мерейтойына арналған «Нармахан – поэзияның Сүгірі» атты шығармашылық кеш өтті. Кешті жазушы, сатирик Көпен Әмірбек жүргізіп, мерейтой иесінің шығармашылық әлемі жайында әңгіме қозғады.

 

Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек Нармахан ақынның азаматтық болмысына, Ордабасы тауының тарихтан өз орнын алуына қосқан үлесі жайында кеңінен әңгімеледі. Жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт ақынның өлеңдеріндегі ой мен тереңдік, образдылық ұғымына тоқталып, ақынның сыбызғыдай даусына орайластырып, «Сирек сыбызғы» атты мақала жазғанын баяндады.

Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ханбибі Есенқарақызы кеш иесінің баспагерлік қырына тоқталып, қаламгерлердің кітаптарын шығаруға жасаған демеушілігіне алғыс айтып, арнау өлеңін оқыды. Ақын Баян Тіленшина да лебізін жыр жолдарымен жеткізді.

Нармахан Бегалыұлына 75 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетовтің құттықтау хаты табыс етілді. ОҚМПУ әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры Ақлима Байғұтова кеш иесін құттықтаса, осы оқу орнының филология факультетінің деканы Анар Жаппарқұлова жырдан шашу шашты. ОҚМПУ студенттері ақынның лирикаларынан әдеби композиция орындаса, №80 мектеп оқушылары кеш иесінің жырларын жатқа оқыды.

Зылиқа ЖАНТАСОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ