Руханият 0 пікір 2270 лайк

Қазына аралы

Қазан 16 / 2018

 

Абай БАЛАЖАН, Ажар БЕРМҰХАНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Алақандай аумақта өмір сүрсе де батыс тарабы шығыс жағындағыларын, желдік бетіндегілер түстіктегі ағайындарының тіліне түсіне бермейтін ұлттар бар. Бір елде тұрып, аудармашылар арқылы немесе әдеби тілі арқылы ғана ұғынысатын ұлттардың талайын біледі мына жұрт. Оны аз десеңіз, ана ауылының салты мына ауылына жүрмейтіндер де аз емес. Жартысы бір дінді, енді екінші жартысы екінші дінді тұтынып отырған ұлыстар да бар. Ал, Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр аймақта өмір сүріп жатқан қазақтың тілін айтасыз, дініне, діліне дейін біртұтас. Сәби шыр етіп дүниеге келген күннен бастап шын дүниесіне аттанғанға дейін атқарылатын, яғни бесіктен бейітке дейінгі жолындағы салт-дәстүрлеріне дейін еш айырмашылық жоқ. Мұның сыры неде?

 

Біздіңше, мұның сыры тұтас қазақ ұлты кіндігінің бір руханиятқа байланғандығында. Біртұтас рухани кеңістікте өмір сүрген ұлттың рухани проблемасы болмайды. Біз осыны ойлана білгенде ғана Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының не үшін жазылғандығының сырына үңіле аламыз. Ал, ойлана білмесек өзіміздің де арамтер болғанымыз болған, өзгелерді де арамтер қылғанымыз қылған.

Өсіп келе жатқан жас өскінді ұлттың руханиятымен кім сусындатуы керек? Әрине, аға буын. Демек, қазыналы қарт болу да оңай шаруа емес... Қазақтың танымайтын бір ауылға барса «Қартың бар ма?» деп сұрайтыны содан ғой.

«Қартың бар ма?» демекші, мына Қазығұрт ауданының байлығы – егін шаруашылығында да, мал шаруашылығында да емес, осы қазыналы қарттарында! Мұнда кешегі аталар жасаған руханиятты бүгінгі ұрпаққа табыстап жатқан қарттарды әр ауылдан көріп, қызығасыз. Ондай қарттардың алдын көрген, тәрбиесін тыңдап, тәлімін алған елдің болашағы жарқын болмағанда кімнің болашағы жарқын болады?!

Қазығұрттағы қазыналы қарттардың бірі – Жаңабазар ауылының тұрғыны Рахматулла Жамашев қария. Бүгінде сексеннің төртеуіне келіп отырған қария заманында сол аудандағы «Коммунизм» кеңшарында экономист, бөлімше басқарушысы болып еңбек еткен. Кім бөлімше басқармады, кім экономист болмады, онда тұрған не бар дерсіз... Сөзіңіздің бір қатесі жоқ, білімі асқан, бақ көтерген адамдар одан да зор қызметтерді атқарды. Алайда, Рахматулла көкеміздің бойында оны көп тұрғыластарынан ерекшелеп тұрған бір қасиет болғанға ұқсайды. Ол – өз заманындағы руханият шырақшыларын тап басып, тани білуі және олардың өнегесін бойына дарыта білуі. Мәселен, осы Қазығұрт өңірінде Айтбай молда деген аузы дуалы қарт өткен. Жүзден асып қайтыс болғанына он жыл өтсе енді өткен шығар. Сол Айтбай Баймырзаұлын өзгелер тек молда деп қана таныса, Рахаң ол кісінің әулиелердің соңғы тұяғы екенін іштей сезгендей. Сезгеннен кейін де оның рухани өнегеге толы әңгімелерін тыңдап қалуға ынтық болған. Рахматулла қарияның ендігі арманы сол Айтбай молданың руханиятқа сіңірген еңбегін кейінгі буын да білсе дейді, оның өмірінен өнеге терсе дейді. Содан кейін ғой кешегі жексенбіде Жаңабазардағы атақты Қымызханада «Қарттарға құрмет, өткенге салауат» атты рухани сырласу кешін өткізіп жүргені.

Әрине, өткізу деңгейі жағынан, қатысушылардың саны жағынан елімізде бұл іс-шараны он орап алатын талай іс-шараның өткендігінде дау жоқ. Алайда, Рахматулла қария бас болып өткізген осынау іс-шараның әсеріндей әсерді күнде кездестіріп жатырмыз деп айтып, өтірікші болатындай жағдайымыз тағы жоқ. Бұл басқосуға жиналғандар Айтбай молданың, сондай-ақ, бірнеше ауданды басқарған, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып жемісті қызмет атқарған Әділ Сасбұқаевтың өмір жолдарынан өнеге тыңдады. Ол жердегі айтылған әңгімелердің бәрін қайта айтып шығуға бір мақаланың көлемі көтермейді. Дегенмен, айтпауға болмайтын мәселелер де бар.

– Айтбай ақсақалдың тек өзіне ғана тән керемет бір қасиеті бар еді. Ол ауылдың бір адамы науқастанып қалыпты дегенді естісе және ол аяқ жетер ауруханалардың бірінде жатса, міндетті түрде өзі барып, әлгі науқастың көңілін сұрап шығатын. Екі мыңыншы жылдардың басында Шымкенттегі «Жедел жәрдем» ауруханасында он шақты күндей жатып, емделіп шықтым. Айтбай ақсақал мені ауруханаға жатып қалды дегенді естіп, сонау Шымкенттегі ауруханаға көңілімді сұрай келіпті. Ол кісі келгенде мен ауруханадан шығып кеткен екенмін. Жасы жүзге келген қария этаж бен этажды түгел аралап, мені таппаған. Осы оқиғаны естіп, көңілім босады. Ауылға келген соң әрі амандасайын, әрі «таптырмай кеткендігім» үшін кешірім сұрайын деп үйіне барсам, бір жаққа шығып кетіпті. Сосын бір мал сойып үйге шақырдым. Сөйтсем сол жүзге келгенінде «Жүзге келдім Алла деп...» деген кітап шығарыпты. «Сол өзіңе бұрыннан айтып жүрген жағдайлар ғой кітапқа түскен» деп жатыр. Кетерінде кітабын сыйға тартып, батасын беріп кетті, – дейді Рахматулла қария.

Жаңабазар ауыл округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Құралбаев жүргізген рухани кеште Қазығұрт ауданының құрметті азаматы, атын алыс-жақын тегіс танитын ел ағасы Молдабай Ильясов қарияның Әділ Сасбұқаев туралы айтқан естелігін де жастар жағы көкейлеріне түйіп алса, игі.

– Қайбір жылы Созақ ауданында үлкен бір іс-шара өтіп, соған мені де шақырды. «Оу, ағайындар, мен Созақта бір күн де қызмет істеген емеспін, бұл қалай болады?» десем, «есесіне Сіз Әділ Сасбұқаевтың жерлесісіз, інісісіз, ал, бұл ел Әдекеңді әлі күнге дейін ұмытпайды» дейді. Расында да, созақтықтардың Сасбұқаев дегенде ықыластары ерекше екен. Жергілікті азаматтардың бірінен реті келгенде мұның сырын сұрадым. «Ой, Әдекеңнің тумысы бөлек жан еді ғой. Елге шын мәнінде жанашыр бола білді. Шопандарды аралағанда баратын қыстауында кім тұрады, оның балалары қай жерде жүр, алдымен осы мәселелерді зерттеп алатын. Әлгі шопанның баласы әскерде жүрсе немесе Алматыда, Шымкентте оқып жатқан болса «Пәленшеден хат-хабар бар ма?» деп сұрайтын. Тіпті, оқуға түсулеріне көмектесетін. Ал, баласы мектепті интернатта тұрып, оқып жатқан болса, тәрбиешісінен бір-екі күнге сұрап алып, көлігіне салып ала келетін. Қайтарында алып кетеді. Және барлық басшылардан осылай істеуді талап ететін. Шіркін, Әдекең нағыз азамат еді ғой» деді әлгі кісі. Ал, мен сондай үлкен жүректі азаматтың жерлесі болғаныма қуандым, – дейді Молдабай қария.

Осы Қазығұрт ауданының тумасы, руханият жанашыры, есімі бүкіл Қазақ-

станға танымал заңгер Бекет Тұрғараев сөз кезегі келгенде жиналғандарға кешегі Елбасы Жолдауының мән-маңызын түгел түсіндіріп берді. «Таяуда ғана мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан аймақтық байқауды сәтті өткізген «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы енді алдағы уақытта Абай оқуларын өткізуді қолға алса, ұрпақ алдындағы тағы бір борышын өтеген болар еді» деді. Руханият жанашырының бұл тілегінен «рухынан ажырамаған ұлт қана жаһанданудың топанына жұтылып кетпейді» деген сырды аңғардық.

Айтбай Баймырзаұлы мен Әділ Сасбұқаевтың рухына Құран бағышталды. Алыс-жақыннан келген қонақтарға ризашылығын білдірген рухани кештің ұйымдастырушысы Рахматулла Жамашев қария:

Халқымыз дәулетті болсын,

Жігіттеріміз қайратты болсын,

Қыздарымыз сәулетті болсын,

Қарияларымыз иманды болсын,

Қазақ халқының бірлігі алынбас қамалдай болсын,

Еліміз айбынды болсын,

Елбасымыздың абыройына абырой қосылсын!

– деп ақ батасын берді.

Иә, Қазығұрт ауданына барған адам қазына аралына барғандай болады. Рухани қазына аралына.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ