Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Облыстық білім кәсіподағы өз міндеттерін айқындады

Қазан 16 / 2018

 

Бұл кеңейтілген мәжіліс «Қазақ-стандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі атқару комитеті Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің оқу әдістемелік орталығында өтті. Мәжілісте Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауын насихаттау және түсіндіру жөніндегі кәсіподақ ұйымдарының міндеттері туралы» мәселе қаралды.

 

Мәжіліске атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ активі, облыстық және Түркістан қалалық кәсіподақ комитеттерінің аппарат қызметкерлері қатысты.

Кәсіподақ белсенділері бас қосқан жиында баяндамашы Елбасының Жолдауында көрсетілген мәселелер жайлы айта келіп, білім саласына байланысты мәселелерге ерекше тоқталды. Әсіресе, білім, ғылым салаларына жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің он пайызына дейін жеткізу жайы көпшілікке ой салды. Тәрбиешілердің, балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарта отырып, еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау мәселесі де назардан тыс қалмады. Ал, мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту – баршаның қолдауын көптен күткен мәселе. Мемлекет басшысы айтқан білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатында оқушыларға орын жетіспейтіні, мектептердің үш ауысымда оқыту және апат жағдайында болу проблемалары мейлінше сезіліп отырған өңірлер үшін Үкіметке 2019–2021 жылдарға арналған бюджеттен қосымша елу миллиард теңге қарастыру көптің ризашылығын тудырды.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеп, қабылдау туралы сөз баршаның пікірімен қабыса түсті. Расында да, педагогтардың мәртебесін көтеру, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсарту, ұстаздардың заң тұрғысында қорғалуы бүгінгі жаңашыл ұстаздардың шығармашылықпен жұмыс жүргізуіне жасалған ерекше жағдай деп қабылданды. Ұстаздардың беделін көтеру бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі. Елбасы шешімі мәжіліске қатысқандардың үлкен қуанышы мен ілтипатын және құрметін тудырды.

Облыстық кәсіподақ активі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазан күнгі Жолдауын насихаттау, түсіндірме жүргізу жөніндегі атқарылатын жұмыстарды жетілдіре түсу барысында өз міндеттерін айқындады. Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарында өтіп жатқан есеп беру-сайлау жиналыстарының күн тәртібіне Жолдауды қолдауды басты мәселе етіп енгізу ұсынылды.

Б.ЕРКІНБЕК, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ