Руханият 0 пікір 2261 лайк

«Бесік жыры – басты жыр»

Қазан 16 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бесік – киелі мүлік. Мұсылман халқы оны қатты қадірлеген. «Төрде бесік тұрса төре де басын иеді» деген аталы сөз текке айтылмаған. Өйткені, хан да, қара да сол бесіктен шыққан. Бесіктің қасиетін теңіздің арғы жағындағы халықтар да жақсы білген. Мұны америкалық психолог, медицина ғылымының докторы, трансперсоналды психология ғылымының негізін салушы Станислав Грофтың еңбектерінен де жақсы білеміз. Ғалым бесік жыры баланың психотерапевтік аурудан жазылуына септігін тигізетінін дәлелдеп берді.

 

Ал, біздің жас аналар бесік жырын біле ме? Балаларын бесікке бөлеп жүр ме? Бөбектерін қандай жырмен уатады? Міне, осы сауалдарға жауап табу, өскелең ұрпақтың рухани қазына – кітапқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық мәдениетімізді жаңғырту мақсатында Шымкент қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен қалалық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда «Бесік жыры – басты жыр» атты жас аналар байқауы өтті. Оған алдын-ала іріктеуден өткен 6 үміткер қатысты. Олар баланы бесікке салу, бесік жырын және ертегі айту, сондай-ақ көркем әдебиеттен үзінді оқу бойынша сайысқа түсті.

Байқауға бақ сынауға келгендердің барлығы да халқымыздың салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарын жақсы білетіндіктерімен әрі сыйлайтындықтарымен ерекшеленді. Қазақ келіндеріне тән ұлттық киімдерімен сахнаға шыққан олар жарасып тұрды. Сахнада келінге лайық ұяңдығымен де көрермендерді сүйсіндіргендері бар. Өздерін еркін ұстап, айтар ойын тұжырымды жеткізе білді.

Халқымызда бесік жырының алуан түрі бар. Кез келген келін солардың басым бөлігін біле бермейді. Баласына ертегі айтып бере алмайтын келіндер де көп. Ал, байқауға қатысушылар бұл сыннан сүрінбей өтті.

Десек те, байқаудың аты – қашан да байқау. Мұнда біреуінің озып, екіншісінің қалып жатуы заңдылық. Қазылар алқасы бас жүлдеге Әйгерім Бектұрғанованы лайық деп тапты. Ал, бірінші орынды Гүлмира Иманова, екінші орынды Айдана Ерболқызы, үшінші орынды Әлия Дәулетова еншіледі. Айман Жалғасбаева мен Жансая Назарова ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Біздің халқымыз қашан да анаға құрметті бірінші кезекке қойған. Бұл жолы да осы үрдістің куәсі болдық. «Бал Текстиль» кілем фабрикасының директоры Талғат Ысқақов жас аналарға тек шетелдерге импортқа шығаратын қалы кілемдерді сыйлыққа әкеліпті. Сондай-ақ, «Наурыз Пластик» ойыншықтар фирмасы (директоры Рабиға Байтемірова) экологиялық жағынан таза әрі балалардың ойлау қабілетін арттыратын ойыншықтар ұсынды. Оларды фирма басшысының орынбасары Гүлжан Сенбайқызы табыс етті.

Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Зәкира Пәрімбекова демеушілерге алғыс білдірді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ