Руханият 0 пікір 2260 лайк

«Әлия» қайта оралды

Қазан 16 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кентау қаласында композитор, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Сейдолла Бәйтерековтің құрметіне арналған облыстық «Әлия» байқауы өтті.

 

Қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев алғаш рет 1999 жылы бастау алып, біраз жылдан бері өтпей қалған байқаудың қайта жаңғырып отырғанын жеткізді. Сейдолла Бәйтерековтің өмірі мен өнер жолының орны бөлек екендігін айтып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шараға облыс аумағынан 16 жас орындаушы қатысып, композитордың әндерін орындады.

Әнші, композитор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында ҚР халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосынов, С.Бәйтерековтің жұбайы Ләззат Аханова, композитор Бекжігіт Сердәлі, С.Бәйтереков атындағы халықаралық «Әлия» фестивалінің 1999 жылғы бас жүлдегері Мақсат Айтжанов және С.Бәйтереков атындағы музыка мектебінің директоры Аманбек Тұрсынбеков болды.

Байқау қорытындысында Созақ ауданынан келген Талғат Созақбай бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орын кентаулық Балымша Сабырға бұйырса, Келес ауданынан келген Бексұлтан Отарбеков екінші орынды иеленді. Үшінші орынды арыстық Сейілхан Ердос пен төлебилік Жания Төлепберген өзара бөлісті.

Бұдан бөлек, байқауға Бәйдібек ауданынан қатысқан Қуат Қасенов пен отырарлық Ұлжалғас Әбілдахан, қазығұрттық Нұрбек Қожатов арнайы номинациялармен марапатталды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ