Экономика 0 пікір 2243 лайк

Сауда соғысы

Қазан 13 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өтіп бара жатқан аптада Қытай мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынасы одан әрі ушыға түсті. Қыркүйек айының соңында Қытай тарапы Ресеймен арада Су-35 әскери ұшақтары мен С-400 зенитті зымыран кешендерін сатып алу туралы келісім жасалғанын мәлімдеген болатын. Америка Құрама Штаттары аспан асты елінің бұл қадамына наразылық танытып, оған қарсы санкция жариялады. Нақты айтар болсақ, американдықтар қудалау шараларын ҚХР қорғаныс министрлігінің қару-жарақ саудасына жауапты департаменті мен оның басшысы Ли Шан Фуға қатысты қолданып отыр.

Bloomberg порталының хабарлауынша, 1 қазан күні Қытай қорғаныс министрлігінің төрағасы У Цзи Ян осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған. Бейжіңдік шенеунік «Қытай мен Ресей арасындағы әскери ұшақтар мен зымыран кешендерін сатып алу жөніндегі келісім – екі егемен мемлекет арасында жасалған қалыпты сауда актісі. Біз өз еліміздің қорғаныс жүйесін жетілдіріп, ұлттық қауіпсіздігімізді қорғауға құқылымыз. Америка Құрама Штаттарының екі елдің мұндай ішкі істеріне араласуға құқығы жоқ. Сол себепті Вашингтоннан санкциялық шаралардың дереу күшін жоюды талап етеміз. Әйтпесе, мұның салдары ауыр болады» деп мәлімдей отырып, американдықтардың жаһандық гегомонияға ұмтылып отырғанын, санкциялық шаралар осыны көрсететінін атап өткен.

 

«Қорыққан бұрын жұдырықтайды»

Қытай мен Құрама Штаттар арасында сауда-экономикалық бағыттағы мүдделер қайшылығы бұрыннан бар. Соңғы екі онжылдық бойына Қытай АҚШ-пен Еуропа Одағы елдерінің нарықтарындағы үстемдік үшін таласып келеді. Ал, соңғы жылдары Қытайдың «Made іn Chіna 2025» стратегиясы өз жемісін беріп, қытайлық тауарлардың бағасы бұрынғыша арзан күйінде қала отырып, сапасы бұрынғыдан әлдеқайда жақсарған. Бұған Қытай билігінің өндірушілерді инновациялық технологиялар қолдануға ынталандыруы және экспортқа бағытталған өнеркәсіп ошақтарына салықтық жеңілдіктер беруі ықпалын тигізіп отыр. Соның нәтижесінде АҚШ-та халық бағасы арзан, сапасы да көңілге қонымды қытайлық тауарларды көбірек таңдап, бұл өнімдердің импорты өсті. Мәселен, Forbes.com порталының мәліметі бойынша 2017 жылы қытайлық Huaweі және ZTE секілді компаниялар Америка нарығында жетекші позицияларға шыққан. Қытай тауарларының осындай экспансиясынан шошынған АҚШ президенті Дональд Трамп оған қарсы тұру үшін аспан асты еліне сауда соғысын бастаған еді.

Әуелі 6 шілде күні АҚШ билігі Қытайдан импортталатын 818 түрлі тауар тобына 25 пайыздық баж салығын енгізді. Бұған жауап ретінде Қытай тарапы АҚШ-тан әкелінетін 659 түрлі тауарға қатысты тап осындай шешім қабылдады. Тамыздың соңына қарай 25 пайыздық баж салығы салынатын тауарлар тізімін американдық тарап тағы 269-ға көбейтті. Бұл жолы да Бейжің тарапы тап осындай шаралармен жауап қатты.

АҚШ билігінің мақсаты – қытайлық өндірушілерді өз елінің нарығынан ығыстырып шығару арқылы Қытай экономикасының дамуын тежеу және оны Америка ұсынған шарттар бойынша сауда жасауға мәжбүрлеу. Ресми мәліметтер бойынша, баж салығының өсуі қытайлық импортты жылына 16 миллиард АҚШ долларына қысқартады. Д.Трамп осының өзі Қытай экономикасының дамуын жылдық 2 пайызға дейін тежейтініне сенімді. Егер Бейжің американдықтар ұсынған шартқа көнбесе, Ақ үй қожайыны қосымша баж салығы салынатын тауарлардың ауқымын жылына 200 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Д.Трамп сайлауалды компаниясы кезінде «Американың мүддесін бәрінен биік қоятынын» талай рет мәлімдеген болатын. Ол, тіпті, АҚШ-тың мүддесі үшін ең ірі сауда-экономикалық серіктестердің өзімен жанжалдасуға дайын екенін ашып айтқан. Арада бірер жыл өтісімен Д.Трамптың сөзі шындыққа айналып отыр. Әлемдегі ең ірі екі державаның арасындағы сауда соғысының соңы неге әкеп соқтыруы мүмкін? Бұл соғыста кімнің күші басым, жеңіске жетуге қайсысының мүмкіндігі мол?

АҚШ-тағы Йель университетінің экономикалық сарапшысы Стивен Роуч бұл соғыста басымдықтың Ақ үй тарапында екенін айтады. Ол «Әрине, қазір Құрама Штаттармен экономикалық тұрғыда тайталасатын мемлекет жоқ. Оның экономикасы қуатты әрі дамыған. Ол түрлі жағдайларға тез реакция бере алатын икемділігімен де ерекшеленеді. Сондықтан АҚШ – Қытай сауда соғысында американдық тараптың күші басым екені талас тудырмайды» дейді. Бірақ, сарапшының пікірінше, солай екен деп Қытай оңайлықпен капитуляция жариялай қоймайды, керісінше, Бейжіңнің де АҚШ экономикасына кері әсер ететін төрт бірдей тетігі бар. CNBC агенттігіне сұхбат берген С.Роуч мынадай төрт тетікті атап өткен.

 

Әлсіз юань – қуатты Қытай

Біріншіден, Қытай билігі өз елінде жұмыс істейтін американдық компаниялардың өмірін қиындатып жібере алады. Кедендік ресімдеуді қиындату, энергия көздерінің тарифтерін көтеру, түрлі салықтарды ойлап табу компартия үшін түк емес. Бұл жағдай Қытай нарығында жұмыс істеп жатқан компанияларды тығырыққа тірейтіні анық. Дегенмен, С.Роуч бұл қадамдардың екі жаққа да қымбатқа түсетінін айтады. Өйткені, екі елдің де нарықтарынан үшінші, бейтарап елдердің инвесторлары ат-тонын ала қашады. Әрі бұл әрекеттер екі елде де бағалардың шарықтауына, тұтынушылардың таңдауының азаюына әкеп соқтырады.

Екінші амал – АҚШ-ты халықаралық саудадан изоляциялауға тырысу. АҚШ президенті небары екі мерзімге ғана сайлана алады. Сондықтан Дональд Трамп тез арада қысқа мерзімді жеңістерге жетуге ұмтылады. Ал, Қытайда жақында заңнамадан мұндай шектеу алынып тасталды. Демек, төраға Си Цзин Пинь асықпай жүріп АҚШ-тан басқа ірі елдермен сауда альянстарын құра алады. Мәселен, транстынықмұхиттық сауда серіктестігі келісіміне АҚШ та, Қытай да қосылған. Қытай осы келісімге кірген Австралия және басқа да мемлекеттерге арзан тауар мен икемді шарттар ұсынып, жетекші позицияға көтерілуі мүмкін.

CNBC агенттігіне берген сұхбатында сарапшы «АҚШ қымбат баж салығы мен қосымша алымдарды тек Қытайдан ғана емес, Канада мен Мексикадан келетін тауарларға да салып отыр. Бейжің көршілер арасындағы келіспеушілікті тиімді пайдаланып, бұл екі елмен де сауда айналымын арттыруы мүмкін. Оның сыртында Қытайдың жыл өткен сайын Еуропа Одағы елдері нарықтарындағы салмағы артып келеді. Осының бәрін ескерсек, болашақта АҚШ-та сауда айналымының дефициті артса таңқалмаңыз» деген пікірімен бөліскен.

Үшіншіден, Бейжің юаньді девальвациялау арқылы АҚШ-қа ауыр соққы бере алады. Юаньнің құнсыздануы Қытайда АҚШ-тан әкелінген тауарлардың қымбаттауына негіз болады. Ал, Америкада, керісінше, юань құнсыз болса, қытайлық тауарлар арзандап шыға келеді.

 

Құнды қағаздар құнын жойса...

Төртіншіден, Бейжің американдық борыштық міндеттемелердің бір бөлігінен арылуы мүмкін. Оқырманға түсінікті болуы үшін айта кетейік, соңғы 20 жылда Қытай Құрама Штаттар қазынашылығының борыштық міндеттемелерін, яғни құнды қағаздарын үздіксіз сатып алумен болды. Бүгінде Қытайда жалпы сомасы 1 триллион 170 миллиард АҚШ долларына тең американдық облигация бар. Егер сауда соғысында жағдайы қиындап бара жатса, Бейжің осы құнды қағаздардың бір бөлігін саудаға шығара алады. Айталық, Қытай қолындағы американдық құнды қағаздардың үштен бір бөлігін бір күнде саудаға шығарса, дүниежүзілік экономикада қуаттылығы 7 баллдық зілзала болар еді. Өйткені, американдық бондтардың ұсынысы күрт көбейген кезде құнды қағаздар құнын жойып, олардың бағасы арзандап сала береді. Өз кезегінде осы құнды қағаздарға арқа сүйеп жұмыс істеп жүрген американдық алпауыт компаниялардың кредиттері бір күнде еселеп қымбаттап шыға келеді. Бұл жағдай тек АҚШ-тың ғана емес, оның көптеген серіктестерінің ұлттық экономикаларының дамуын қатты тежейді.

 

Ат құйрығын кесіспес

Әрине, сарапшы Стивен Роуч алға тартқан дәйектер өте нанымды. Бірақ, біздің ойымызша, екі жақта сауда соғысында біраз жерге барғанымен, ат құйрығын үзіп біржола кетіспейтін сияқты. Өйткені, сауда соғысын терең эскалациялау екі жақтың да тәуекелдерін тым арттырып жібереді. Түптің түбінде АҚШ-қа әлемдік сауда-экономикалық жүйенің қазіргі күйінде қалғаны керек. Жетекші супердержава ретінде ол әлем экономикасында түпкілікті, құрылымдық өзгерістер болғанын қаламайды. Әйтпесе, өзгерістерден кейін өзінің қандай позицияға ие болатынын дөп басып айта алмайды.

Қазірдің өзінде АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялық саясаты кері әсерін беріп жатыр. Bloomberg порталының жазуынша, санкцияның салдарынан ресейлік бизнесмендер Олег Дерипаск пен Виктор Вексельберг бірнеше сағатта миллиардтаған долларынан айырылған соң капиталын Батыста сақтап келген ресейлік миллиардерлер бар ақшасын Ресей банктеріне жаппай аударып жатыр. Ресейлік «Сбербанктің» жарғылық каптиалы соңғы 3 айда 98 миллиард АҚШ долларына көбейген. Сөйтіп, Ақ үй Ресейге санкция салу арқылы В.Путиннің талай жылдан бері орындай алмай келген ісін бітіруге «көмектесіп» жіберді. Енді осындай жағдайда Қытаймен соңына дейін айқасу американдықтарға тиімсіз екені анық.

Қытайға келер болсақ, өте шапшаң дамып келе жатқанымен, оның әскері де, экономикасы да, ғылымы да әлемдік гегомонияға дайын емес. Мұны Қытай билігі жақсы түсінеді. Әрі Қытайдың қазіргі стратегиясы қажетті күш-қуатты жинап алғанша барлық жанжалдар мен агрессиядан аулақ болу, әрі сол арқылы орнықты даму. Сондықтан АҚШ-Қытай сауда соғысы әрі кетсе екі жыл жалғасып, ең соңында ымыраға келеді және өзара тиімді шарттар бойынша сауда жасауды жалғастырады. Әйтпесе, бұл соғыс тым ұзаққа созылар болса, әлемдік экономикадағы жағдайды тұрақсыздандырып жіберетіні анық.

Қорыта келе айтар болсақ, осы оқиғалардың бәрі ХХІ ғасырда адамзатты үлкен өзгерістер күтіп тұрғанын байқатады. Алпауыт елдер жаңа ғасырда әлемдік тәртіпті жаңаша қалыптастырғысы келеді. Әрине, әрқайсысы өз ыңғайына қарай тәртіп орнатуға тырысуда. АҚШ пен Қытайдың екеуі де Қазақстанның стратегиялық сауда-экономикалық серіктестері. Біздің еліміздің жаңа әлемде қандай орынға ие болуы қазіргідей күрделі кезеңде дұрыс саясат ұстана білуімізге байланысты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ