«Оның әдебиеттегі әлемі тап-таза еді»

Қазан 13 / 2018

 

Есімгүл – қазақ әдебиетінің қайталанбас дара тұлғаларының бірі Тәкен Әлімқұловтың аяулы жары. «Жазушыға жар болу оңай емес, бірақ, жаратылысы бөлек Тәкендей жанға сүйеніш болуды тағдыр менің де маңдайыма бұйыртыпты» дейді бізге берген сұхбатында. Тәкен ағаның шаңырағына ие болып, бүкіл шығармаларына жоқтаушы болып отырған Есімгүл Болысбайқызын жақында Созақта жолықтырдық. Ұлы Рауанды ертіп, арнайы елге келген беті екен. Жазушының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған қат-қабат шаруаның арасынан уақыт тауып, Есімгүл апаймен әңгімелескен едік. Ол кісі уақытының тығыздығына қарамай, жазушымен өткізген уақыт, сол заманның әдеби келбеті, жазушының замандастары жайында ақтарыла сыр шертіп еді.

 

– Сұхбатымызды дәстүрлі сұрақтан бастасақ, қаламгермен қалай танысып едіңіз? Елудегі Тәкен жиырмадан енді асқан бойжеткеннің жүрегіне қалай жол тапты екен?

– Ең алғаш Тәкенді мектеп бітіретін жылы көрдім. Аққұба, қыр мұрынды, қалың қасты, ұзын бойлы келген жігіт екен. Ол қаламдас інісі, менің немере ағам Бек Тоғысбаевпен өте жақсы араласатын. Екеуі заманқұрбы еді. Мектепті сол кісінің үйінде жатып оқыдым. Бір үйден соғысқа аттанған ағайынды екеуден тек Болысбай ғана елге аман-сау оралса,

Тоғысбай көкемнің сүйегі жат жерде қалды. Қазір ойлап отырсам, сол уақыттағы ағайынның бір-біріне деген бауырмалдығы мен татулығына тәнті болмасқа шараң жоқ. Өзі тойып тамақ ішпесе де өзгелермен барын бөлісуге асығып тұратын ағайын-туыстың кеңпейіл қасиетін айтсаңшы. Мұны айтып отырған себебім, әкем сол кезде бас-иесіз қалған бауырының шаңырағын ойлап, мені есейгенше сол үйге қолғанаттыққа беріпті. Сөйтіп, сол үйдің қызындай боп өстім. Кейін бағамдасам, мұнысы ағайынды екі үйдің балалары бір-бірінен ажырап кетпесін деген ой екен ғой.

1967 жылдың жазында Мәскеуге мединститутқа түсуге бардым. Әуежайдан Тәкен күтіп алды. Солай араласып жүріп, алты айдан кейін шаңырақ көтердік. Өзі қызық адам болатын, ұсынысты төтесінен бір-ақ қойды. «Сен маған тұрмысқа шық. Ата-анаңның, Бектің алдынан өтейін. Көнсең, келісіміңді осы жолы бер. Көнбесең, екінші қайталап сөз салмаймын!» деді. Мен келістім, бірақ ата-анамның разылығын алуын сұрандым. Тәкен ол кезде КСРО Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып істейтін. Дереу ұшақпен Алматыға келіп, жанына Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Әкім Таразиді ертіп алып, Бектің шаңырағына барады. Бек не десін, соңғы сөзді әке-шешеме қалдырып, оларды ауылға сілтейді. Не керек, әлгі топ Сафуан Шәймерденовтің ақ «Волгасымен» Бақанасқа тартады.

– Әке-шешеңіз Тәкенді қалай қабылдады?

– Расында, бұл жағдай әкемнің қабырғасына қатты батса керек. Тәкен қанша сөзге тартқанымен, ол кісі бір нүктеге қадалған күйі үндемей отыра беріпті. Баяғының адамдары ғой, сірә, разылығын осылай үнсіздік арқылы білдіруді жөн санаса керек.

– Ал, Тәкеннің өз жұрты сізді қалай қарсы алды?

– Әлі есімде, Тәкен мені Бабата ауылында тұратын жамағайыны Парманқұлов Тұрардың үйіне түсірді. Керемет қонақжайлылықты сол жерден көрдім. Ол кезде Тәкеннің шешесі бар еді. Мәти анамыз өте реңді, ешкіммен қақ-соғы жоқ жан болатын. Ал, әкесі ат үстінде жүрген, ел қамын жеген азамат болыпты.

1932 жылдың аштығында өмірден өтіпті.

– Тәкен ағаның сізге дейін бірнеше әйелмен көңіл жарастырғаны белгілі. Бұл жағдайлар сізге қалай әсер етті?

– «Тәлейі тағдырда Тәкеннің әйелден жолы болмаған» деген пікірлер ара-тұра айтылып жатады. Біз отбасылық өмірде тату-тәтті күн кештік деп айта алмаймын. Оның табиғаты кәдімгі адамдар сияқты болып жүруді көтермейтін. Тәкен мектеп бітіріп, ауылда есепші болып жүргенінде ең алғаш Ажар атты қызбен көңіл қосады. Бірақ, көп өтпей, екі жас екіге айырылысады. Одан Шымкентке келіп, қазір өзің қызмет етіп жатқан «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аз ғана уақыт жауапты хатшы болып істейді. Өзіне білім керек екенін түсініп, көп ұзамай Алматыға келеді. Мұнда бірнеше жыл «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі болады. Алматыда жүріп, елге танымал бір ақынның қарындасымен бас қосады. Қазіргі тілмен айтқанда, азаматтық некеде болады. Бірақ, мұнда да көп тұрақтамай, Мұхтар Әуезовтің тілдей қолхатымен Мәскеудегі М.Горкий атындағы әдебиет институтынан бір-ақ шығады. Тәкен Мәскеуге барғанда Мария Григорьевнамен табысады. Оны көргендер әйел біткеннің ажарлысы десетін. Одан Жанетта есімді бір қызы бар. Бүгінде Мәскеуде тұрады. Естуімше, тұрмыс құрмаған. Тәкен дүниеден өткенде қаралы жиынға шақырдық. Кейін де араласуға тырыстық. Бірақ, арадағы реніштің салқыны сол күйі жібімеді. Бұлар әйел ретінде бақытты болды ма, болмады ма, ол жағын тап басып айту қиын. Бірақ, Тәкеннің барлық еркелігін көтергені шындық.

– Жазушымен 20 жыл бір шаңырақ астында тұрдыңыз, ағаның жазу машығы қалай еді? Шығарма жазарда қандай күй кешуші еді?

– Жазушыға жар болу оңай шаруа емес, қарағым. Азабы да, тозағы да көп, бірақ бақыты одан да асып жатыр. Қадыр ағамыздың «Сен ақынға тұрмысқа шықтым деме, сен ақынды бала қылып алдым деп біл» деген керемет сөзі бар. Жазушы деген де бала сияқты, қазір күліп отырса, сәлден соң қайғыра салады. Түңілген, түнерген, қайғырған, мұңайған, шаттанған сәттерінде қасынан табылып, шама келгенше алақанға салып аялап, әлпештеуге тырысасың. Бірақ, ағаларың алаңсыз шығармашылықпен айналыссын деп, бүкіл ғұмырымды соның қас-қабағына қараумен, жағдайын жасауға арнадым деп айта алмаймын. Өйткені, қалалық ауруханада дәрігер болғандықтан, таң атқаннан кешке дейін тыным таппайтынмын. Оның үстіне жас балаларым бар. Тәкен ол кезде барлық жұмысын тастап, тек шығармашылықпен айналысты. Ол күніге ерте тұратын. Таңертең бір жапырақ тәтті бәлішпен қою қызыл шай ішіп, темекісін ерінге қыстырған күйі диванға жантаятын. Бұл оның жазу үстеліне дейінгі дайындығы. Сосын кабинетіне кіріп, жазуға отырады. Ал, мен үйдің қат-қабат шаруасын реттеп, жұмысқа кетемін. Ағаң сол кіргеннен бөлмесінен түс ауа бір-ақ шығады. Кейін біраз сыртта тыныстап, көз көргендермен әңгіме-дүкен құрады. Ара-арасында балаларды балабақшадан алып келетін.

– Қазақтың талай марқасқаларының балаларының тілдері орысша шыққандары үнемі айтылып та, жазылып та келеді.

Тәкен Әлімқұловтың әулеті қай тілде оқып, білім алды?

– Оның рас. Біздің қатарластарымыздың үй болып, отау тіккен, одан кейін балалы-шағалы болған тұстары – кеңестік дәуірдің үстемдік етіп тұрған кезі еді. Ол кезде Алматыда қазақ мектептері жоқтың қасы, қала тұрғындарының басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болды. Сол қандастарымыз тұрмыстың қиындығына қарамай, мәдениет пен өнердің ортасы деп, Алматыны қия алмай қалып қойған нағыз жансебілдер еді. Сондықтан қалада бар-жоғы екі-ақ қазақ мектебі болды. Балаларымыздың бәрінің де тілдері ана тілінде – қазақша шықты. Әкесінің ұлтжандылығы сонша, балаларын алдымен ана тілінде сусындатып, кейін өзге тілдерді үйретуге ден қойды. Біз өзімізді бақытты ата-ана деп есептедік. Өйткені, екі бала сүйдік. Тұңғышымыз Алма жастайынан зерек болды. Өзінің тынымсыз ізденісі, еңбекқорлығының арқасында көптеген елдерде елшілік қызметте болды. Қазір Швейцарияда тұрады. Біріккен Ұлттар Ұйымының сондағы өкілдігінде жұмыс істейді. Одан Алтынай есімді немерем бар. Ал, Рауан қаржыгер-экономист. Алты тіл біледі. Рауаннан Найль атты немерем бар. Осы ұрпақтарым қазір менің өмірімді нұрландырып, көзқуанышым болып отыр. Олардың еңбектегі, оқудағы, өмірдегі жетістіктері төбемді көкке жеткізеді. Солардың арқасында ештеңеден кемдік көріп отырған жоқпын. Сондықтан Алла Тағаланың мұнысына шүкіршілік етемін. Әйтеуір осылай ұл мен қызыма, немерелеріме бас-көз әрі тілекші болып отырған жайым бар.

– Қаламгердің араласқан дос-жарандары туралы бірер сөз айтсаңыз...

– Жалпы, Тәкеннің ортасы шығармашылық орта болды ғой. Бірақ, сол ақын-жазушылардың өздері де бүгінгі биліктегілер секілді жік-жікке бөлініп жататын. Тәкен олардың ешқайсысына қосылмайтын. Оның әдебиеттегі әлемі тап-таза еді. Бек Тоғысбаев, Қалижан Бекқожин, Бекен Әбдіразақов, Сафуан Шәймерденов, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергеновпен сыйлас-аралас болдық.

– Жазушының 100 жылдығы қалай аталып өтуде? Әлде «көзден кетсе, көңілден кетеді» боп тұр ма?

– Созақ ауданы – Тәкеннің кір жуып, кіндік кескен жері. Тек Тәкен емес, қазақ әдебиетіндегі талай дарынды азаматтарды дүниеге әкелген өңір. Осы келгенімде аудан әкіміне біраз ренішімді білдірдім. Тәкендей біртуар тұлғаны өз дәрежесінде ұлықтай алмай отырмыз. Осыдан он жыл бұрын тоқсан жылдығы жетім қыздың тойындай боп өтіп еді. Ғасырлық мерейтойы да тек еске алу шараларымен шектеліп тұр. Әйтпесе, Тәкендей дарабоз бір ауданның тақиясына тар келе ме? Созақта әлі күнге дейін Тәкеннің ескерткіші жоқ. Аудандық мәдениет үйі Тәкен Әлімқұлов есімімен аталып жатса, қандай ғанибет! Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда Тәкен атындағы мектеп бар. Осы білім шаңырағындағы қолға алынған істер ғана көңілге медеу болып тұр. Басшысы Берік Тұрғанбаевқа мың да бір рахмет!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ