Кірме таңбалардан арылсақ...

Қазан 13 / 2018

 

Қазіргі қазақ әліпбиінің тізбегінде төл таңбалармен (әріптермен) қатар кірме таңбалар араласып жүр. Төркіні бөлек кірме таңбалардың жасалым-естілімі (артикуляция-перцепциясы) бөгде болғандықтан, олар қазақ сөзінің дыбыс/әріп санын, үндесім әуенін, морфем құрамын, буын тұрқын, тасымал ретін, сондай-ақ, сөйлеу ырғағын түгел бұзып бітті.

 

Көзіміз үйреніп, қолымыз жаттығып, санамызға сіңіп алған соң кірме жазуды да өгейсінбейтін болдық. Егер рухани сананың жаңғыруы ұлттың тілінен басталатынын ескерсек, онда алдымен төл әліпбиді қалыптастырып алу керек. Төл әліпбиден төл сөз, төл сөзден ұлттың тілі қалыптасады. Бұл – әлемдік жазу тәжірибесі көрсетіп отырған фонетика-грамматикалық ұстаным.

Қазіргі қазақ әліпбиінің құрамындағы кірме таңбалардың дыбыс құрамы (мазмұны) академиялық еңбектер мен орфоэпиялық сөздіктерде таратылып көрсетіліп келеді. Алайда, оған ешкім мән бермей отыр. Орыс әліпбиімен санамыздың тұмшаланып (мәңгүрттеніп десе де болады) қалғандығынан болар, әйтеуір кірме таңбалардың тіл бұзар машақатынан арыла алмай-ақ қойдық.

Әдетте әлеми әліпби түзу тәжірибесінде бір дыбысты бірнеше таңбамен белгілеу дәстүрі жиі кездеседі. Ал, әлемде жоқ әліпби үлгісі қазақ жазуында ғана бар: бір таңбамен екі-үш дыбыстың тіркесін біз ғана белгілеп келеміз. Белгілеп қана қоймай, арнайы емле-ережемен бұлжымастай етіп бекітіп те қойдық. Жарты ғасыр бойы ұрпақтар сол емле-ережемен ауызданып, сонымен ержетті, сонымен қартайды.

Тіл бұзар емле-ереженің бастау сәті 1957 жыл екені белгілі, белсенділері – сол кездегі аты әйгілі тіл мамандары.

Ендігі шешім не болмақ? Қазіргі таңда қазақтың өзіне «қазақтың бар дыбысын бар деп, жоқ дыбысын жоқ деп» сендіре алмайтын кезеңде тұрмыз. Біз, қазіргі ұрпақ, шамасы, сол «и-у-я-юмен» өтетін тәріздіміз. Амал жоқ, күйінесің-күйесің, іс өнбесін білесің...

Әліпби жаңғыртуды мектептен, тіптен, бірінші сыныптан бастамаса болмайтын түрі бар. Сол ұрпақ өсіп жетілгенде ғана қазақ сөзінің қазақы жазылымы мен айтылымы кірме таңбалардың машақатынан тазаратын болады. Бірақ, ұрпақ дайындығын бүгіннен бастау керек. Мұндай дайындық, ең алдымен, сауат ашудың бастау көзінде тұрған мұғалім-ұстаздарға керек. Көзі ашық сауатты қауымның да игеріп алғаны артық болмайды. Өйткені жақында қабылдаған латын әліпбиінің емле-ережесін жасаған кезде бүгінгі кемшіліктерден арылуымыз керек.

Ендеше, оқулықтардағы дауысты у деп жүргеніміз дербес-дербес екі дыбыс тіркесінің таңбасы екен, басқаша айтқанда дыбыс емес таңба (әріп) екен. Сонда қазақ тілінде екі түрлі дыбыс тіркесін тағы да бір таңбамен (әріппен) белгілеп жүр екенбіз.

Қазақ тілінің сөзқұрауыш (просодикалық) заңдылығы бойынша жазу үлгісі «бір дыбыс-бір таңба» болу керек, сонда ғана мәтіннің дыбыс/әріп саны, үндесім әуезі, морфем құрамы, буын жігі, тасымал реті мен сөйлеу ырғағы үйлесімді шығады. Қазақ (жалпы түрік) тілінің өзге тілдердің жазу үлгілерінен басты ерекшелігі осы болып табылады.

Латын әліпбиінің таңбалары бүкіл әлем қабылдап отырған Халықаралық фонетикалық әліпби (ХФӘ) құрамынан алынды. Дыбыстың таңбасы тек сол дыбыстың артикуляциясының ғана көрсеткіші болады. Бір дыбыстың таңбасымен екінші бір дыбысты белгілеуге болмайды. Әр дыбыстың әріп таңбасы тұрақты болады.

Сонымен, «У» дыбыс па, таңба (әріп) ма?

Біріне-бірі жалғасқан әліпби ауыстыру мен орынды-орынсыз емле құрастыру осындай жайға алып келді. Оп-оңай көрінген қазақ тілінің дыбыс құрамын түгендей алмай әлек болып жатқанымыз да сондықтан. Кез келген қазақтан (ересек болсын, бала болсын) «қазақ тілінде қанша дыбыс бар?» деп сұрасаң, бәрінің берер жауабы біреу-ақ, «42 дыбыс бар» дейді. Бұл, әрине, олардың кінәсі емес, мектептен бастап жоғары оқу орнын бітіргенге дейін «42» деп тоқпақтай берсе, кім де болса соған ұйып қалады. Ұйып қалғандардың арасында, өкінішке қарай, қазақ тілі пәнінің мұғалім-оқытушылары барын қайтерсің.

Қазақ тілінің дыбыс құрамын анықтау сонау ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алған болатын. Сол дәуірдің өкілі В.Радлов 31 дыбысты атайды, оның құрамындағы бір дыбысты арнайы у таңбасымен белгілейді және ол дыбыстың ағылшын тіліндегі w дыбысымен ұқсас екенін атап, «жартылай дауысты» деп көрсетеді. «Жартылай» деп отырғанының мәні бар: дыбыс жасалым/естілімі жағынан дауыстыға жақын. Келесі кезеңде, ХХ ғасырдың басы, А.Байтұрсынұлы қазақ тілінде 29 дыбыс бар деп көрсетеді. Ахаң анықтаған құрамда да «жартылай дауысты» кездеседі. Қазақ тілінің алғашқы латын әліпбиінде (1929-39) v таңбасымен белгіленіп келді. Бертін келе дауыссыз мәртебесі ескеріліп, ұу/үу тіркестерінің құрамында 1957 жылға дейін у түрінде дербес жазылып келді. Ал, академик І.Кеңесбаев бастаған зерттеушілер 43 дыбысқа тоқтады. 43 болып тұрған себебі у таңбасы дауыстының құрамында тағы бір рет кездеседі. Ал, 1957 жылы «қызыл саясат» қазақ әліпбиі мен оның емле-ережесіне де жетті. Сөйтіп, қазақтың төл сөздерінің жазылымына орыс тілінің у дыбыс/таңбасы ендірілді. Сонымен, кірме у таңбасы қазақтың төл дауысты дыбыстарының құрамына «дауысты» болып қосыла кетті. Кез келген ғылыми-теориялық еңбек немесе оқулық бетін ашыңыз, оқу-құралының немесе әртекті мақаланың бетін ашыңыз, алдыңыздан дауысты у шыға келеді. Басқа амалдың жоғынан, «дауыссыздан кейін дауысты болады, дауыстыдан кейін дауыссыз болады» деп амалдап келе жатырмыз. Қазақ тілінде дауысты барлық уақытта дауысты болатыны, дауыссыз барлық уақытта дауыссыз болатыны санамызға жетпей қойды.

Осы саяси әліпби реформасының жемісін енді «теріп-жеп» отырмыз. Қазіргі ұрпақты қазақ тілінде дауысты у дыбысы жоқ деп сендіре алмай отырғанымыз сондықтан. Қазір қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиі сатылап енгізіліп жатқаны белгілі. Енді соның емле-ережелерін қалыптастырған тұста осы мәселелер ескерілсе дейміз.

Жанат ЖҮНІСБЕКОВА, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ