Экономика 0 пікір 2238 лайк

Төл теңгеміздің төңірегіндегі мәселелер

Қазан 13 / 2018

 

Бүгінгі күні еліміздің әрбір тұрғынын мазалап жүрген мәселе – валюта бағамы десек қателеспеспіз. Ақша құнының тұрақсыздығы эндогенді (ішкі) және экзогенді (сыртқы) факторларға байланысты болады. Валюта бағамына орталық банк, ел ішіндегі және сыртындағы экономикалық, саяси өсімдер әсер етеді. Валюта операцияларын бақылайтын орталық мемлекеттік бақылау механизмі және валюта айырбасына әсер ететін реттеу саясаты болады.

 

Әр елдің өз валюта саясаты болады. Әлемде еркін, жартылай еркін айырбас валютасы және айырбасталмайтын валютаның түрі кездеседі. Бірінші және екінші жағдайда валютаны сатып алу, сату мүмкіндіктері болады. Бірақ, оған нарықтың белгілі бір өкілдері ғана қатыса алады. Үшінші жағдайға келетін болсақ, кейбір елдерде қаржы саясаты мемлекетпен қатты бақыланады.

Валюта бағамына экономикалық тұрақтылық, инфляция деңгейі мен динамикасы, қаржылық ауқаттылық, мемлекеттік саясат пен билікке деген сенім әсер етеді. Әрбір елде алтын қорына тең келетін валюта болады. Алайда, көптеген елдерде заңда бекітілгендей алтын қорымен сәйкестік бола бермейді. Өйткені, сату мен сатып алу бағамдары деген түсінік бар.

Сонымен қатар, валюта бағамына арақатынас орнатуға арналған ұсыныс көп жағдайға сәйкес келмейді. Мемлекет өзге елдердің валютасының түсімі мен төлемін бақылайтын белсенді не бейтарап төлем теңгеріміне ие. Экономика нарығында валютаны белгілеу сатылым мен сатып алуға байланысты. Олардың арасындағы айырмашылықты айырма деп атайды. Егер айырмашылық жоғары болса, ол тосыннан болатын валюта қатерлерінен сақтандырады. Көптеген мемлекеттер тікелей белгілеу саясатын ұстанады, яғни шетел валютасын ұлттық валютада көрсетеді. Сондай-ақ, жанама белгілеу деген түсінік бар. Ол кезде кері жағдай орын алмақ. Ұлттық валюта негіз ретінде алынып, шетел курсымен көрсетіледі. 

Енді қазіргі жағдайға тоқталайық. Қазір валютамыздың бағамы Қазақстанның қор биржасындағы (KASE) сауда қорытындысы бойынша анықталады. Биржадағы сауда жұмыс күндері таңертеңгі және күндізгі сессия бойынша жүреді. Іс жүзінде бағамның қалай қалыптасатынын түсіндірейін. Мәселен, сейсенбіде жұптасқан доллар-теңге негізінде сауда жүрді делік. Сол күнгі екі сессияның қорытындысы бойынша орташа бағам 369,36 теңге деңгейінде анықталса, келесі – сәрсенбі күні осы бағам Ұлттық Банктің ресми бағамы болып бекітіледі.

Басқа валюталар үшін де (Ресей рубліне де қатысты) бағам келесі күні бекітіледі. Түсінікті болу үшін айта кетейік, 2018 жылдың 10 қыркүйегінен бастап долларға шаққандағы теңгеміздің бағамы «Т+1 есеп айырысу жүйесі» бойынша екі сессияның қорытындысымен бекітіледі. Яғни есеп айырысу сауда бітімі жасалған күннің ертеңіндегі бағаммен орындалады. Бұл – әлем елдерінде көп тараған тәжірибе. Өз кезегінде мұндай тәжірибе экономикамыздың әлем нарықтарына интеграциялануына мүмкіндік береді.

Ресей рубліне келер болсақ, бағамын анықтауда кросс-курс қолданылады. Бұл жерде валюталық жұпты - RUBKZT – тағы екі жұпқа: RUBUSD (рубль-доллар) және USDKZT (доллар-теңге) деп бөледі. Валюталық жұптың мәндерін биржадан алып, қайта көбейтеді. Сөйтіп рубль-теңге жұбы үшін кросс-курс анықталады. Дәлірек айтқанда, 1 рубль үшін 0,015 доллар береді делік, ал, 1 доллар 369 теңге болсын. Онда 1 рубль үшін 5,53 теңге жұмсалады. Бұл кросс-курсты анықтаудың қарапайым үлгісі.

Енді валютамыздың бағамы неге Ресей рубліне байланып қалған, соған келейік. Шынында, валютамыздың бағамының өзгерісі рубльмен салыстырғанда статикалық түрде тұрақты болып қалуда. Яғни доллармен салыстырғанда қанша өзгерсе де рубльмен айырмашылығы ары кеткенде 5 теңге көлемінде қалуда. Бұл бізге не береді? Немесе валютамызды неге Ресей рубліне байлап қойғанбыз?

Басты себебі, 2014 және 2015 жылдардағы жағдайларды қайталамас үшін. Ол қандай жағдайлар? Соған тоқталайық. Аталған жылдары долларға қатысты бағамның өзгеруімен қатар, рубльге қатысты бағам да өзгерді. Айтар болсақ, 1 рубльдің бағамы 3 теңгеге дейін қысқарды. Нәтижесінде қазақстандықтар Ресейдің шекараға жақын аудандарынан, берісі азық-түлік тауарлары, жиhаздармен қатар, арысы көлік және пәтерлер салып ала бастады. Сөйтіп, ел қаржысының көп бөлігі сыртқа кетті, ал, отандық тауар өндірушілердің (азық-түлік тауарларын, жиhаздарды өндірушілер, көлік жасаушылар және т.б.) бәсекелестік мүмкіндіктері төмендеді. Бұл ұлттық экономикаға үлкен ауыртпалық туғызды.

Қазақстанға кіретін импорттық тауарлар арасында Ресей тауарлары жетекші орын (барлық импорттың 38%-ы) алады. Сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда қатынасына қызмет етуші негізгі валюта – рубль. Сондықтан, Ресей экономикасының нашарлауына себепші факторлар біздің экономикаға да әсерін тигізеді.

Келесі себеп – Ресейге қарсы санкциялардың болуы. Ол, өз кезегінде Ресей бизнесмендері мен компанияларының сауда мүмкіншіліктерін нашарлатып, рубльдің бағамын түсіріп жібереді. Ал, рубльге, жоғарыда айтқанымдай, теңгеміз «байланып» тұр.

Ел азаматтарын толғандыратын келесі мәселе – биржада бекітілген валюта бағамы басқа да айырбас пункттерінде басқа. Бұған себеп айырбас орындары және банктер коммерциялық ұйымдар болып табылады. Сондықтан, олардың мақсаты – пайда табу. Бұл әлем елдерінде кең тараған тәжірибе.

Міне, осылай рубль бағамының шет ел валютасына қарай қозғалысын бақылай отырып, теңгенің де жағдайын анықтауға болады. Алайда, Ресей рублінің бағамы теңге бағамына әсер ететін жалғыз ғана фактор. Теңгенің бағамы ел экономикасының дамуы, сауда серіктестерінің жағдайы сияқты факторларға тәуелді.

Қазіргі сыртқы нарықтарды шарпыған дағдарыстар ел экономикасының қарқындауына ықпалын тигізіп отырғаны анық. Еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және аймақтарды дамытуға бағдарламалар дайындалуда. Алайда, осы бағдарламаларды орындау үшін бізге кемінде 5-7 пайыздық өсім керек.

Аймақтар өзін-өзі асырауы керек. Солай болуы тиіс екені бәрімізге белгілі. Бірақ, «қалай-қайтіп?» деген сұраққа жауап жоқ. Аймақтардың басым көпшілігінің дотацияда отыруы ел дамуын тежейді. Экономист сарапшылар Алматы, Астана, Ақтау мен Атырау қалаларын «донор аймақтар» дейді. Еліміздің қалған аймақтары әзірге - реципиенттер (белгілі бір объектіден немесе субъектіден, белгілі бір нәрсе алушы объект немесе субъект). Әрбір аймақ, әрбір елді мекен өз арбасын өзі сүйресе, көш түзелер еді. Түйткілді проблемаларды өздері шешуі үшін аймақтарға серпіліс пен еркіндік керек. Әрине, серпіліс инновация жағынан болу керек те, еркіндік қаржылық тұрғысынан орын алуы қажет. Қазіргі күні елімізде «ең» деген он инновациялық компания (Технологиялық дамудың ұлттық агенттігінің (ТДҰА) анықтауы бойынша) жұмыс істейді екен. Олар: Еуразиялық топ, KunTech, Самрұқ-Энерго, Казатомпром, САПА, Beelіne Kazakhstan, Tau Іnnovatіve Solutіons, ВВС Инжиниринг, Mercury Propertіes және PolyTech Electronіcs.

Бұл жерде инновациялық даму бойынша тағы да Елбасымыздың еңбектеріне үңілу қажет. Елбасының «100 нақты қадамында» инновациялық даму мәселесі жақсы қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, 63-қадамында ғылымды қажет ететін экономиканың негізі ретінде екі инновациялық кластерді дамыту айтылған.

Қазіргі кезде Қазақстан экономикасы даму стратегиясына батыл қадамдар жасауда. Экономикалық дамудағы толғағы жеткен мәселелерді ашып көрсететін жаңашыл қадамдар әлеуметтік прогрестің қуатты қозғаушысы және объективтік мүмкіншіліктерді тиімді жолдармен іске асыруға көмектесетін күш болып табылады. 

Сондықтан, валютамыздың бағамының деңгейі сыртқы саудаға, ұлттық өнімдердің әлемдік нарықтағы бәсекелестігіне, капиталдың қозғалысына, ақша айналымының қалпына және елдің бүкіл экономикасына айрықша әсер етуде. Валюталық бағамның өзгеру перспективасы бойынша мәселеге ғалымдар және көптеген сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында қызу пікірталастар ұдайы жалғасуда. Осы көзқарастан валюталық саясат және ұлттық валютаның айырбас бағамын тұрақтандыру мәселесін зерттеудің өзекті екені айқын.

Әрбір елдің ұлттық валюталарын салыстыру олардың өндіріс және айырбас үдерісінде пайда болатын объективті құндық қатынастарына негізделеді. Валюталық бағам бағалы валюталарға сұраныс пен ұсынысқа ықпал етуші көптеген факторларға байланысты өзгереді.

Ұлттық валюта – мемлекеттің дербестігінің бір белгісі. Қазақстанның валюта саясаты ұлттық валютаның әлемдік қаржы нарығындағы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның валюта бағамының салыстырмалы тұрақтылығына инфляциямен сауда және төлем балансы сальдосының деңгейлері арасындағы нақты арақатынастарын реттеу жолымен қол жеткізіледі. Мемлекеттің сыртқы резервтік активтерінің түпкілікті есебіне төлем балансы тапшылығын қаржыландыру соңғы саты болып саналады. Оны теңестіру теңгенің, валюта бағамының ауытқуын шектеуді тікелей мақсат ететін валюта нарығындағы валюталық интервенцияның тетігі арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен, жоғарыда аталып өткен ішкі және сыртқы факторлардың валюта бағамын қалыптастыруда негізгі рөл атқарып отырғаны айқын. Қазақстанда 2018-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет түзетілді, бұл осы кезеңге арналған ресми макроэкономикалық болжамның түзетілуімен байланысты. 

Алдағы мәселе – осы қаржылық дағдарысқа қарсы әрекеттеріміздің жемісін көру.

Қ.ҚАЛЫҚҰЛОВ, Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университеті «Бизнес» кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ