«Бәрі де клубтағы концерттен басталды»

Қазан 13 / 2018

 

Айгүл СҮНДЕТОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

«Мен Жуалы ауданы, Успеновка ауылында туып өстім. Әкем соғыстан оралмады. Анам Ұлбосынның жалғызы болғандықтан ерке болып өстім. Тұрмысқа 15 жасымда шығам деп кім ойлаған?! Бәрі сол ауылдағы клубтың сахнасынан басталған еді».

 

Әңгімесін осылай, әріден бастаған Мәрия Мәткерімқызы қосағы Батан атамен тату-тәтті ғұмыр кешіп, 11 баланы өмірге әкелді. Біреуі шетінеп кеткені болмаса, 7 қыз, 3 ұлды аман-есен тәрбиелеп өсірді.

– Батан Боралдайдан жүк машина-сымен көмір әкеле жатып, жолай біздің ауылға соғыпты. Ол кезде 7 ноябрь – Ұлы Октябрь Революциясы мерекесіне орай клубта концерт болатын кез ғой. Мен сол концертте «Ленинские горы» әнін шырқадым. Бір көргеннен мені ұнатып қалса керек, ауылдастарымнан сұрастырып, мен туралы барлық мәліметті біліп алыпты. Концерттен соң таныстық. «Тағы келемін» деді де Түлкібасқа, ауылына қарай аттанып кетті. Содан не керек, Батекең Түлкібас пен Жуалының арасын жол қылды. 8-сыныпты бітірген жылы мені анамның, ағайындардың алдынан өтіп, Батан той жасады. Сөйтіп, Сарытөрге келін болып түстім. Осылайша ерте тұрмысқа шығып, оқи алмай қалдым.

Өздері оқымаса да Батан ата мен Мәрия апа балаларының бәрін қалаған мамандықтарында оқытты. Мәрия апамыз колхозда озат сауыншы болды, ері колхоздың малын бақты. Екеуі де адал еңбектерімен абыройға бөленді. Мәрия апа «Алтын қолды шебер» атанып, газеттердің мақтаулы кейіпкері болды. Қосағы мал басын арттырып, өкіметтің ет, сүт өткізу жоспарын артығымен орындады.

– 17 жыл енеммен бірге тұрып, тәрбиесін алдым. Балаларды бағысты. Бесікке тастай қып бөлеп, жұмысқа кете беретінбіз. Балалардың алды өсе келе бірін-бірі бақты, – дейді Мәрия апа.

 Одақ кезінде «Батыр ана» атанса, кейін егеменді ел болған соң кейіпкеріміз кеудесіне «Алтын алқа» тақты.

2001 жылы Елбасымыздың қабылдауында болып, сый-құрметін көрді.

Батан ата осыдан 15 жыл бұрын қайтыс болыпты. Ал, алтын құрсақты Мәрия апа бүгінде 39 немересінен 50 шөбере сүйіп, ұрпақтарының қызығына кенелуде. Ұл-қыздары, немере-шөберелері жан-жақтан келіп бас қосып, мойындарына асылып жатады.

Түлкібас ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ