«БӘЙДІБЕК БАРЫСЫ» анықталды

Қазан 13 / 2018

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте ерекше тәсіл ойластырған бәйдібектіктер «Адал жол – Честный путь» эстафеталық марафоны аясында қазақша күрестен «Бәйдібек барысы» жарысын өткізді.

 

Шаян ауылындағы спорт кешенінде өткен жарысқа еліміздің ең мықты балуандары қатысып, бақтарын сынады. Бұл жарыс ауданның 90 жылдығына да орайластырылды.

2002–2003 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақша күрестен республикалық турнирге қатысушыларды арнайы құттықтаған аудан әкімі Б.Танагөзов бас жүлдеге автокөлік тігілгенін жеткізгенде делебесі қозбаған балуан қалмады. «Асқар тау» шаруа қожалығының төрағасы Асқар Кенеханның демеушілігімен ұсынылған көлікті қанжығасына байлауға тырысқан білектілер боз кілемнің шаңын шығарды.

Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан республикалары және Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Түркістан облыстары мен Тараз, Алматы, Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Сайрам, Созақ, Қазығұрт, Шардара, Төлеби, Бәйдібек аудандарынан барлығы 40 балуан күресті. Ақтық сында 80 келі салмақта белдескен бәйдібектік Қазыбек Рахышов «Бәйдібек барысы» атанып, бас жүлде автокөлікті иеленді. Екінші орынды да бәйдібектік Жарқамырза Шүкірбеков алды. Үшінші орынға шымкенттік Бақберген Тұрсын ие болды. Ал, турнирге қатысқан 40 балуанның бәріне де қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы, 54 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқан Мұңайтпасұлының суреті бейнеленген «Бал Текстиль» фабрикасының кілемшелері тарту етілді.

Сонымен бірге бас демеуші Асқар Кенехан Шымкент қалалық «Қазақ күресі» федерациясы қоғамдық бірлестігінің шешімімен қазақ күресін дамытуға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің орынбасары Б.Жанғазиевті және бірқатар азаматы «Намыс найзагері» медалімен марапаттады. 

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ