Балуандарды баптаған бапкер

Қазан 13 / 2018

 

Сатым ағамен 1968 жылдан бері таныспыз. Сол кезде жаңадан құрылған Бөген ауданының басшысы В.Байжановтың шақыруымен Темірланға келген. Аудандық малдәрігерлік пунктте мал дәрігері бола жүріп, ауданда күрес үйірмесін ұйымдастырып, жастарды балуандыққа баулыды. Ерінбей еткен еңбегі, төккен тері өз жемісін беріп, ауданның балуан жастары әртүрлі жарыстарда бой көрсете бастады.

 

Жастардың күреске деген құлшынысының артқандығы соншалық, тіпті, спорт залға сыймай қалатын. Темірланның маңайындағы ауылдардан да үйірмеге келушілер көп болды. Мен өзім де жаттығуға қатысып, Сатым ағадан тәлім алдым. Сәкеңнің еңбегі көп ұзамай өз нәтижесін берді. 1969 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін болған жарыста Сатым ағаның шәкірттерінің арасынан алғашқы болып чемпион атандым. Көп ұзамай Оның өзге де шәкірттері осы турнирде топ жара бастады. Т.Әбішев, Д.Байжігітов, О.Үндемесов, Ш.Жарқынбеков, Б.Қырықбаев, В.Герд, Н.Әсілов, М.Данеев, С.Әзімбаев, Ш.Маханбетов, К.Үкібасов, А.Огородников секілді «серкелері» талай-талай жарыстарда топ жарып жеңімпаз атанды. Бұлардың арасында Қазақстанның ғана емес, Бүкілодақтық жарыстардың да жеңімпаздары бар.

Әлемді мойындатқан палуан болу бір басқа да, нәтижелі бапкер болу бір басқа. Сәкеңнің өзі кезінде еркін күрестен Қазақстанның үш дүркін чемпионы болып, КСРО-ның спорт шебері атанған. Бүгінде тағы бір шәкірті Серік Бақытқанов халықаралық жарыста чемпион атанды. Бұл күндері «мамандығы бойынша мал дәрігері, жүрек қалауымен күрес жаттықтырушысы болған» зейнет жасындағы Сәкеңе өміріңіз ұзақ болып, шәкірттеріңіздің алар асуы таусылмасын деген тілек айтамыз.

Бөріхан Тәмен, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ