Бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық моделі – әлемге үлгі

Қазан 11 / 2018

 

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІ съезінің пленарлық отырысына қатысты. Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстанның осы шараны өткізу жөніндегі бастамасына қолдау көрсетіп, оған атсалысып келе жатқан дін көшбасшыларына, халықаралық ұйымдар өкілдеріне, саясаткерлер мен сарапшыларға зор ризашылығын білдірді.

 

– Алғашқы тарихи съезден бері 15 жыл уақыт өтті. Бүгін біз алтыншы рет бас қосып отырмыз. Мен өткен жиындарға қатысқан ескі достарымызбен қайта қауышқанымызға өте қуаныштымын. Астанаға алғаш рет келгендерге ризашылық білдіремін. Біздің елордамыз биыл өзінің жиырма жылдығын атап өтуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамыздың бойтұмарына айналды деуге болады. Себебі, біз Астананы барлық мәдениеттер үшін ашық әрі болашақтың еуразиялық қаласы ретінде салдық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы бітімгершілік, серіктестік, толеранттылық, жасампаздық идеяларын жаһандық деңгейде ілгерілету жолында Қазақстанның жұмсаған күш-жігері мен елорданың рөлі жөнінде айтты.

– Ғылыми-технологиялық прогрестің дамуы барысында өркениетаралық қақтығыстардың жөнсіздігі айқын көрінеді. Дәл қазір болашақ адамзаттың бет-бейнесі қалыптасуда. Келер ұрпаққа ортақ планетамызды қандай күйде тапсыра аламыз – өркениетіміздің басты проблемасы осы. Біздің үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатқанымызға 18 жыл болды, алайда бейбітшілік, бақ-береке мен молшылық адамзат дамуының негізгі үрдісіне айнала алмады. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздіктің, жек көрушілік пен қақтығыстың иірімінен шыға алмай келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы түрлі мәдениет, дін және мемлекет көшбасшылары арасында өзара сыйластық, сындарлы ынтымақтастық идеяларын нығайту ісіндегі Қазақстанның тәжірибесі жөнінде айтты.

– Қазақстанда 18 түрлі конфессияның 3,5 мыңнан астам діни субъектілері тіркелген. Осыншама алуан түрлілікке қарамастан, біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және дін бостандығын қорғаудың тепе-теңдігін сақтай білдік. Біз елімізде конфессия­аралық бейбітшілік пен келісімнің көпшілік мойындаған ерекше

қазақстандық моделін қалыптастыра алдық. Қазақстан тәжірибесін әлемдік ауқымда да толық қолдануға болады деп сенемін, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті әлемдік қоғамдастықты бейбітшілік пен қауіпсіздікке шақыру жөнінде рухани көшбасшыларға ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев білім мен ағартушылықты насихаттаудың маңызды екенін, сондай-ақ білім алудың қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бәрін Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру үшін ұсынған іс-қимылдарын қолдауға шақырды.

– Қазақстан алдағы уақытта да бар күш-жігерін өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты мәселелерді шешуге жұмылдыра береді. Айтылған бастамаларды бірлесе жүзеге асыру үшін Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөнінде орталық құруға дайынмын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін берілетін съездің бірінші сыйлығын Ватикан Папасының кеңесіне табыстау жөнінде шешім қабылданғанын делегаттарға хабарлады.

Соңында Қазақстан Президенті съезд делегаттарының бәріне ашық та сындарлы диалог рухында табысты жұмыс істеуіне ниеттестік білдірді.

Пленарлық отырыс аяқталған соң Мемлекет басшысы Бейбітшілік және келісім музейінің экспозицияларын аралап көрді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ