Руханият 0 пікір 0 лайк

Байқауға түскен жырлар

Қазан 11 / 2018

 

Түркістан, төріңді ұсын, маған!

 

Бойыңа күш аласың тырмысқанда,

Көңілім тыншымайды жыр қысқанда.

Ежелден күллі Түркі басын қосқан,

Мен бүгін жыр арнайын Түркістанға.

 

Таныдым оқып тарих парақтарын,

Сан тұлға қомдап ұшқан қанаттарын.

Түркінің, Алты Алаштың қаймақтарын,

Бүгінде тауыса алмас санап бәрін.

 

Исламды уағыздады қырағы боп,

Ясауи дініміздің шырағы боп.

Пайғамбар жасына кеп жеткеннен соң,

Жер асты қалыпты оның тұрағы боп.

 

Тұрар мен Мұстафадай ағаларды,

Бағасын баянды ұрпақ айта алар-ды.

Мұсылман түркілердің орталығы,

Түркістан облыс болып қайта оралды.

 

Тарихтың ашып бүгін қатпарын да,

Өзіңе шабытымды ақтардым да.

Ол жерде жатыр қазір хан, алыптар,

Киелі сендей жерді таппадым да.

 

Қазақтың жетістігі өседі енді,

Осы еді Алашорда көксегені.

Әр елден келіп жатыр зиярат қып,

Әмір-Темір салдырған кесенені.

 

Рухани жаңғыруды қолға алды да,

Елбасы ұлы көшпен қозғалды да.

Қайтарған мәртебесін Түркістанның,

Нұрсұлтан боп тарихта өшпес ізі қалды.

 

Бұл күнде жаңа дәуір қайта келді,

Қуантып, күллі Түркі байтақ елді.

Тәуелсіз мемлекеттің ұрпағымыз,

Байырғы дәстүріңді қайтар енді.

 

Ел үшін өлең-жырдан тосылмағам,

Сенің де сыйың болсын тосын маған.

Ат басын Түркістанға бұрғанымда,

Төріңді, әрқашанда, ұсын маған!

Абай ӘБДІКӘРІМОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ