Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2227 лайк

Шерхан МҰРТАЗА

Қазан 11 / 2018

 

Түркістан облысының халқы қазақтың қабырғалы жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның қазасы жайлы қаралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

 

Шерхан Мұртазаұлы 1932 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келіп, 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Еңбек жолын «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінің тілшісі болып бастап, «Лениншіл жас» газетінде, «Жазушы» баспасы мен «Жалын», «Жұлдыз» журналдары, одан кейін «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», Қазақстан Республикасы мемлекеттік телерадио компаниясында басшылық қызметтер атқарды.

Шерхан Мұртаза ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған жылдары мемлекеттік тілдің мәртебесін, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге өзіндік үлесін қосты. Ол халық қалаулысы атана жүріп қазақ баспасөзінің ғана емес, тұтас елдік идеологияның қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41 жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз

Сонымен қатар Ш.Мұртаза – қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеп, тура жолға салған тұлға. Ол көзі тірісінде-ақ  «редакторлардың редакторы» деген құрметті атаққа ие болды. Орыс әдебиетінде «Гогольдің шинелінен шықтық» деген ұғым болса, қазақ журналистикасында да бірнеше аға буын өздерін «Шерханның шекпенінен шықтық» деп мақтан тұтуы бекер емес. Өйткені өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген қаламгерлер Шерхан Мұртазаұлының бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолды көрсетуімен әдебиетте өз қолтаңбасын қалыптастырды.

Біз өзіміздің және Түркістан облысы халқының атынан марқұмның жақындарының, туған-туыстары мен артында қалған ұрпақтарының, қала берді, жазушының шығармашылығын қастер тұтатын қалың оқырман қауымның қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз.

Шерағаңның өзі өмірден озғанымен, оның өз ұлтына сіңірген еңбегі мен мол әдеби мұрасы ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп, халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Ж.Түймебаев, Қ.Балабиев, Қ.Нүкенов, Ә.Тұрғымбеков, Ұ.Сәдібеков, Т.Сәрсембаев, Е.Садыр, Н.Жолдасов, Ө.Мелдеханов, Ж.Мәуленқұлов, Е.Тұрысов, Б.Қонысбек, М.Байғұт, Н.Бегалы, Х.Есенқарақызы, Қ.Ергөбек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ