«Жиналысты азайтып, атқаратын жұмысты көбейту керек»

Қазан 11 / 2018

 

Президент Жолдауы Шымкентте жаңа форматта түсіндірілді. Жолдауды түсіндірудің ерекшелігі сонда,  маңызды құжат туралы басқарма басшылары өз пікірлерімен бөлісіп қана қоймай,  Жолдау тармақтарында айтылған талаптарды жүзеге асыруға қатысты нақты жоспарларын айтты. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов атап өткендей, мұндай форматта өткен жиын жаңадан тағайындалған басшыларға өздеріне жүктелген міндеттердің жауапкершілігін сезінуі үшін тиімді. 

 

Жиында негізінен кәсіпкерлік пен туризмді дамыту, коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту, мектептер мен балабақшалар салу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және жастарды қолдау мәселесі сөз болды.

Мәселен, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсет Әбдіраханов Шымкентте «Жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асу нәтижесін саралап, бағдарлама қалада мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бергенін және бұл бағыттағы  жұмыс жалғасын табатынын айтты.

Ал, білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан хабарлағандай, келесі жылы Шымкентте 10 мектептің құрылысы басталады: оның екеуі – жергілікті бюджеттен, қалғаны республикалық бюджет есебінен салынады.

– Білім беру, ғылым және денсаулық сақтау шығындары ІЖӨ-нің 10%-ына дейін жеткізілетіндігі туралы жаңалықты қуана қабылдадық, – деді А.Абылайхан. – Шымкентке жаңа балабақшалар мен мектептер қажет. Сондай-ақ, келесі жылы қабылданатын «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдер үшін жүктемені қысқартуға, күтпеген тексерулерден қорғауға үлкен мүмкіндік бермек.

Коммуналдық сектордың дамуы туралы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Аманқұлов баяндады.

 Шымкент қаласының әкімі сала мамандарына халықты кәріз жүйесімен қамтамасыз етуді жоғары деңгейге көтеру туралы тапсырма берді.  

– Шымкенттің барлық тұрғыны жалпы алғанда ауызсумен қамтамасыз етілген, алайда, халықтың тек 46 пайызы ғана кәріз жүйесіне қосылған, – деді Ғ.Әбдірахымов. – Бұл тұрғындардың жартысы суды өзенге немесе аулаға төгетінін білдіреді.  Бұл мегаполис стандарттарына сәйкес келмейді.

Сонымен қатар, қала басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Қасымовқа отбасылық амбулаторияларды ұйымдастыру мәселесін қолға алуды тапсырды.

– Жаңа көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында отбасылық амбулаториялар болуы керек, – деді әкім. – Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде бар. Бұл өте ыңғайлы: баланың тамағы ауырып қалса, бірінші қабатқа түсіп амбулаториядан ем алады. Ал, ауруханалар мен емханаларға  науқастар ауыр себептермен баруы керек, сонда ол жақта да кезек күтпейтін болады.

Н.Қасымовтың айтуынша, 2019 жылы барлық қалалық медициналық мекемелер сандық форматқа көшірілетін болады. Бір учаскелік дәрігердің халықты қамту деңгейін 2080 адамнан 1700-ге дейін қысқарту жоспарланып отыр.

Қала әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов та электронды форматта қызмет көрсету қажеттілігі туралы айтты. Осыған байланысты қала әкімі сандық процесті жеделдетуді және осы бағытта жақында құрылған «Shymkent» ӘКК-мен тығыз қарым-қатынас жасау қажеттігін еске салды.

Өз кезегінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың жоспары бойынша келесі жылы Д.Қонаев даңғылының құрылысы мен А-2 айналма жолын қайта жаңарту жұмыстары басталады. 20 миллиардтан астам теңгеге 350 көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын.

Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі Елбасының Жолдауындағы мемлекеттік органдардағы формализм мен бюрократияны азайту туралы тармағын ерекше атап өтті:

«Жиналысты азайтып, атқаратын жұмысты көбейту керек! Мәселелерді телефон арқылы шешіңіздер. Бұл қандай да бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықты болдырмайды: егер ол мемлекеттік қызметшімен тікелей кездесуге келсе бірнәрсе жасырады немесе бірнәрсе ұсынғысы келеді».

Кездесу барысында барлық басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, «7-20-25» жаңа тұрғын үй бағдарламасын кеңінен насихаттау тапсырылды.

Ж.ШАЛАБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ