Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Түркістан қайта жаңғыруда

Қазан 11 / 2018

 

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ: «Түркістан – қазақ  халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп».

Түркістан – қазақ жеріндегі ежелгі қалалардың бірі. Оның өзіндік кескін-келбеті, тағдыры мен тарихы бар. Күллі түркі халықтарына ортақ, қасиетті де киелі мекен. Бұл қаланың ең алдымен әлемге танылуы Ислам дінін таратушылардың бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама дегдар, әулие, ақын, философ Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мәңгілік орын тебуімен байланысты болса керек. Сондықта да болар, дүниенің төрт бұрышында Түркістан  десе  елең етпейтін  мұсылман жоқ. Оның үстіне, араб, қытай, парсы және Еуропа саудагерлерін өзара тығыз байланыстырған Ұлы Жібек жолы осы қала арқылы өткені    белгілі.

Түркістанда  көптеген хандар мен билеріміз, батырлар мен шайырларымыз, әулие-әмбиелеріміз мәңгілік тұрағын тапқан. Сонысымен де Түркістан – қазақ хандығының  және басқа да сұлтандықтар мен хандықтардың  астанасы атанған киелі орда. Бабалардың  көзіндей  болып тарихтан жеткен зәулім ескерткіштер, қабірстандар, қорымдар, аңыздар мен тарихи жұрнақтар Түркістанның абыройын асқақтатып тұр. Басқалай айтқанда, Түркістан – түмен бабтар мекені.

2000 жылдан астам тарихы бар қасиетті Түркістан қаласы Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-дың шешімімен 2017 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланды. Бұл іс-шара Түркістан төрінде бүкіл түркі халқы өкілдерінің қатысуымен кең көлемде аталып өтті.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Біз бүгін рухани мұрамызды қайта жаңғыртып жатырмыз, себебі онсыз болашақ мүмкін емес» деп атап өтті. Елбасы бұл көне қаланың алдағы уақытта   рухани жаңғырып, өсіп–өркендеуінің басты кепілі ретінде  Қазақ хандығы мен Түркі әлемінің жүрегіне айналған Түркістан қаласын облыс орталығы деп жариялап, 2018 жылы 18 маусымда осы Жарлыққа қол қойды.

Ендеше, Түркістанның жаңа тарихы басталды. Көне шаһар ендігі жерде  сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыратын орталыққа айналады. Атаулы Жарлыққа қол қою барысында Мемлекет басшысы Түркістан Қазақ хандығының ордасы болғанына ерекше мән бере отырып, әр кезеңде ел мүддесі үшін  жүргізген саяси күрестерде Түркістан тағлымының мол болғанына тоқталды. Сондай-ақ, шежірелі өлкенің мұсылмандар үшін де қасиетті болып саналатынын баса айтты. 

Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан үлкен өркениеттің орталығы болған қала туралы «Тек қазақ елінің ғана емес, бүкіл Түркі жұртының зиярат жасайтын қастерлі орны. Қаланың рухани өмірінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің үлкен орны бар екенін білеміз. Тарихы терең Түркістанның туризм үшін де маңыздылығы ерекше. Қаланың тоғыз жолдың торабында орналасуында сыртқы және ішкі туристер мен жергілікті тұрғындар үшін өте қолайлы. Сондықтан Түркістан қай жағынан алсақ та облыс орталығы болуға әбден лайық» деп атап көрсетті.

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналуы тиіс» деп атап өтті.

Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында «Туған жер» бағдарламасының маңыздылығын арттыра түсетін «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске қосуды ұсынды. Сонымен бірге, алдағы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Осыған сай жастарымыз қазақ елінің, туған жердің ұлттық тарихын, мәдениетін жақсы білуі, үйренуде жалықпауы тиіс.

Облыс орталығы мәртебесіне ие болған Түркістан қаласының мәдениетінің өркендеп, тарихының дамуына зиялы қауым мен отансүйгіш қала жастары үлкен жауапкершілікпен өз үлесін қосады деп сенемін.

Айгүл  ТІЛЕПОВА, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ