Әлеумет 0 пікір 0 лайк

«Сыбаға» – әрі табысты, әрі баянды бағдарлама

Қазан 11 / 2018

 

Біз бұл сөзді ауылдық жерде тұратын малсақ жандарға арнап отырмыз. Оның үстіне біздің Оңтүстік өңірі – еліміздегі мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі мол аймақ. Ал, ең бастысы, маңдай теріңнің табысқа жеткізетініне сенім қажет.

 

Қазір күз түсті. Бұл дегеніңіз жыл бойы жасаған еңбегіңіздің жемісін көру деген сөз. Сондықтан да дана халық «Балапанды күзде санайды» деген қағида қалдырған. Ал, «Сыбаға» бағдарламасы тек балапанды ғана емес, ірі қара мал санауды да ұсынады.

Иә, біз қателесіп отырған жоқпыз. Ел Үкіметінде жуырда 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа Ұлттық бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама бойынша осы мерзім ішінде ірі қара малдың басын 7 миллионнан 15 миллионға дейін ұлғайту  жоспарланған. Сонымен қатар, асыл тұқымды ірі қара малдың басын импорттау есебінен көбейту қарастырылған.

Құрметті ауыл еңбеккерлері! «Сыбаға» несиелендіру бағдарламасы өздеріңізге бет бұрумен қатар сіздердің мол тәжірибелеріңізге сенім артып отыр. Оның мақсаты – жас етті мал тұқымын молайтуда бұзаулайтын асыл тұқымды сиырларды сатып алу үшін шаруа және фермерлік шаруашылықтарды несие қаржымен қамтамасыз ету. Бұл бағдарламаны қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның несие серіктестіктер жүйесі арқылы жүргізіледі.

Осынау жағымды жаңалықты жария етпес бұрын аталған «Сыбаға» несиелендіру бағдарламасы арқылы өз ісін дөңгелете бастаған азаматтармен бетпе-бет жүздесуді ойладық. Сонымен жолға шықтық.

Бағытымыз – Қаратау өңірі. Қаратау тәжі аталған Кентау қаласы маңындағы кең жайлауда 600 гектар жайылымы бар «Жаннат» шаруа қожалығына ат басын бұрдық.

Қожалықтың басшысы Сабыржан Төреханұлы Анарбаевпен сұхбаттасып тұрмыз.

– Осы жылдың басында мерзімді басылым бетінен «Сыбаға» қаржыландыру бағдарламасы жайында ақпаратты оқып қалдым. Бағдарламаның шарттары мен ол бойынша жасалған жобалар жөнінде хабардар болдым. Бұған дейін барлық әріптестерім секілді егін науқанымен айналысатынмын. Диқаншылық та жақсы. Әйтсе де, «Сыбаға» бағдарламасы көңілімде көптен бері жүрген ойымның үстінен түсті. Содан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның өз ауылымыз Қарнақта жұмыс атқарып жатқан «Яссы-несие» несие серіктестігіне бардым. Ондағы мамандар бағдарламаның жеңілдік шарттарын айтып, мені қызықтыра түсті. Әсіресе, кепілге сатып алынған мал мен ауыл шаруашылығы техникасын қою мүмкіндігінің болғанына қуандым. Ал, тиісті құжаттарды жинауға көп уақытым кеткен жоқ. Қиыншылықтар да кездеспеді. Кейбір мәселелер бойынша серіктестік пен уәкілетті органдардың мамандары қолдау көрсетіп отырды.  Небәрі екі аптаның ішінде өтінімім мақұлданып, тиісті сомамен қаржыландырды. Содан ол қаражат мал жеткізушінің шотына аударылды да карантин аяқталғаннан кейін малды өз шаруашылығыма тасымалдап алдым.  Қазір бағымымда ақбас тұқымды 62 ірі қара бар. Жуырда сатып алуға берген тапсырысымыз бойынша тағы да асыл тұқымды ірі қара мал келуі тиіс.

Әрине, малдың күйі болу үшін оның жем-шөбін берудің, суарудың күнделікті тәртібі болуы тиіс. Бұл жағдайда да тиісті мамандар көмегін беріп тұрады. Әсіресе, олар мал тұратын жайдың зоотехникалық-малдәрігерлік және санитарлық нормаларға сәйкес келуіне көп көңіл бөледі. Осындай жауапкершілік артылмаса бұл дегеніңіз жұмыс орны болып саналмайды да ғой, – деп әзілдеп қойды қожалық басшысы.

Сабыржанның айтқанындай, қожалықта бүкіл отбасы мүшелері тиісті істерімен айналысып жүр. Қора-қопсыны қыс жағдайына дайындаумен қатар мал бордақылайтын жай салынып жатыр. Мал бағымынан тыс ауқымды құрылыс жұмысы қызып тұр. Қораның маңына 100 тіркеме тоғай шөбі, 3850 тақталанған сабан түсіріліпті. Оны Сапекеңнің ұлдары Елнұр мен Елмұрат реттестіріп жүр. Бұл екі азамат та жоғары білімді, бірі – қаржыгер, екіншісі – экономист. Әкелі-балалы Анарбаевтардың сөзі – мығым, жүзі – қуанышты, ісі – нақты.

Шаруа қожалығынан қайтқан сапарда Кентау қаласына бұрылдық. Қаланың «Ынтымақ» алаңына орналасқан Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының алды ығы-жығы адам. Мектеп оқушыларынан бастап, салмағы 90 келіге дейінгі ересек кісілердің арасында айкидо спорт түрінен халықаралық жарыс өтіп жатыр екен. Айкидо - Айкикай федерациясының президенті Гайбишев Кәрімжан Бабажанұлына жолықтық. Ол кісі «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие беретін «Яссы-несие» несие серіктестігінің басқарма төрағасы болып шықты. Іздегеніміз алдымыздан кездескеніне біз қуандық, өз жұмыстарының көпке жария болатынына ол кісі қуанды. Бірден әңгімеге көшті:

– Жарнамалық үлгіге салып айтайын. Бұл «Сыбағаның» артықшылықтары көп. Мысалы, дәл осындай бағдарлама бұрын да болған. Бірақ, оның ұсынған шартында несие алушының сатып алатын малы кепілдікке алынбайтын. Сондай-ақ, сатып алатын мал басының кемінде 25%-ы өз малы болуы керек еді.

Жаңа «Сыбаға» бағдарламасының жобасы ұзақ мерзімді болашаққа көзделгендіктен мемлекеттің басым бағытының бірі ретінде танылуы тиіс. Бұл бағдарлама бойынша еліміздің экспорттық әлеуетін және мал шаруашылығы саласында ет өнімі сапасын арттыру міндеті қойылып отыр.

Бағдарламаның өте қолайлы шарттарын айта кетсек, несиелеу мерзімі – 15 жылға дейін. Негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдікті кезең 2,5 жылға дейін беріледі. Несие сомасы – 70 миллион теңгеге дейін. Кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 4%-ға дейін (сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына сәйкес субсидиялау ескерілген сыйақы мөлшерлемесі) және негізгі қарызды фермердің өз мүмкіндігіне қарай тоқсан сайын, жарты жылда немесе жылына бір рет қайтару жиілігін ұсынады. Осылайша, Сіз несие серіктестігіне кіре отырып, өз мақсаттарыңызды іске асыруға және бизнесіңіздің жақсаруына үлкен мүмкіндік аласыз, – деп тұжырымдады Кәрімжан Бабажанұлы.

Ал, ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталған бағдарлама бойынша  пайдалы іспен шұғылданудың өзі – үлкен мәртебе!

Осының бәрін сіз «Сыбаға» несиелік бағдарламасынан табасыз. «Сыбаға» бағдарламасы – ауыл еңбеккерлері үшін үлкен сүйеніш, татымды талғам, баянды болашақ!

Атанбек НАУРЫЗ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ