Есім ханға сағана салына ма?

Қазан 11 / 2018

 

XVІІ ғасырда қазақтың үш Есім ханы өмір сүрген. Олардың бірі – Қашқарияда хан болған қазақ сұлтаны Есім сұлтан болса, қалған екеуі орта жүз бен кіші жүзден шыққан еді.

 

Міне, сол үш ханның бірі жайлы әңгіме қозғағалы отырмыз. Шығай сұлтанның ұлы Есім хан – Түркістан қаласын ең алғаш астана тұтқан қазақ хандарының бірі. Оның сағанасы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінің қасында орналасқан. Ол жөнінде 1950 жылдары кесенеде археологиялық  қазба  жұмыстарын  жүргізген   Б.М.Немцева:  «...из литературы известно, что своей архитектурной выразительностью отличались мавзолеи Есима (1628) и Джангира (1680), построенные в Туркестане близ мечети Ходжа Ахмеда Яссави...» деп жазған.

Төрт бұрышты тым пәс, төбесі жабылмаған сағананың о баста қандай болғаны туралы нақты дерек жоқ. Алайда, XІX ғасырда Түркістанға келген шетел саяхатшылары Есім ханның мавзолейінің сол маңда орналасқанын жиі жазған.

Кеңес заманында тарихымызға, салт-дәстүрімізге қиянат жасалды. Түркістанда көп нәрсе қирады. «Хан сүйегі қапта тұр» деген хикаялар да елге тарады (Дүкенбай Досжанов, «Қазақ әдебиеті» газеті, 1989 жыл). Одан бұрын да мавзолейге сырттан келіп жөндеу жұмыстары жүргізілгенде, бірнеше құлпытастан көз жазып қалдық. Алайда, беріде Рәбия сұлтан бегім мавзолейі бұрынғыдан да әсем қалыпқа келтірілді де, Есім хан жатқан жер баз-баяғы қалпында қалып қойды.

Бірде Түркістандағы  басқосуда  Өзбекәлі Жәнібеков Алматыдағы «Қазреставрация» ғылыми институтының директоры Б.Тұяқбаеваға:  «Есім ханның жайын сол замандағы заңғар биік болмаса да орта деңгейге неге келтірмейсіңдер? Қазір кез келген дәулетті адамдар бақилық болған ата-аналарының, бауырларының зираттарына күмбезден сағана салып жатыр. Ал, Есім хандай тұлғаның о бастағы сағанасы дәл осындай болған дегенге кім сенеді?» деді. Институт директоры өздерінде ешқандай дерек жоқ екенін айтып күмілжіп еді.

Есім хан – қойшы емес, барымташы емес немесе көп жауынгерлердің бірі емес, жиырма мыңдап әскер жинап, елін, халқын қорғаған қаһарман екені тарихта қаттаулы. Сондықтан хан сүйегі жатыр деп танылған жердің әлі күнге дейін  жертөледей кейіпте тұрғаны шымбайымызға батып жүргенін қалай жасырмақпыз...

Нұрмахан НАЗАРОВ, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Түркістан қаласының құрметті азаматы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ