Көркем мінезді көкем

Қазан 11 / 2018

 

Әкем – Исақ Әшірұлы 1924 жылы ОҚО, Бөген ауданы, Аманкелді ауылында дүниеге келген. Өзі айтқандай балалық шағы базарлы болмаған. Жастық шағы мен жігіттік кезеңі алмағайып заманға ұрынғанымен, жанын жүдетіп, рухын түсіре алмапты. Әкемнің бойына біткен қайсар да қайтпас мінезі бойына батылдық беріп, 1942 жылы жасына 1 жас қосып жазып, 18-ге толмай комсомолға өтті. Содан кейін өз еркімен өтініш жазып соғысқа аттанады.

 

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 73 жыл толса да, оның зардабы әлі ұмытылған жоқ. Дегенмен, әкемізге деген аяулы сезім, ұлы сағыныш әлі күнге дейін жүректі тербейді.

Әкем ІІ Украина майданында 1942 – 1943 жылдары Ұлы Отан соғысында бірнеше рет әскери ұрыстарға қатысқан екен. Біз алған наградаларының ішінен «Мерген» деген соғыс кезіндегі берілген куәлігін көріп мақтанушы едік. Соғыстағы ерліктері үшін әкем І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, әртүрлі мерекелік медальдармен, соғыс ардагері, еңбек ардагері төсбелгілерімен, бейбіт күндердегі еңбегінің жемістері үшін Алғыс хаттармен марапатталғаны бала көңілімізді көкке көтеріп тастайтын еді.

Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралған соң да  әкемнің жарақаттары мазасын алып, әр кез белгі беріп, ауыртып, жанын жейтін. Бірақ, ол кісі бұл туралы ешкімге тіс жарып айтпайтын, мінезі ауыр, бос сөзді жаратпайтын,  сабырлы еді. 

1943 жылы 1 шілдеде анамыз Зылиха Әлімбайқызына үйленіп, 12 құрсақтан сегізімізді аман-есен жетілдіріп, қатарға қосты. Cоңында 80-нен аса немере-шөбере қалды.

Қазақта «би бол немесе би түсетін үй бол!» деген тәмсіл бар. Туыстарына бауырмал, қамқор әкемнің үйіне Қажымұқан палуан, Нартай ақын келгенде біз тура би түскендей қуанып қалушы едік. Әкем сол кісілермен табақтас болса, анамыз сарқытын жейтін. Ол кісілер біздің үйге жиі-жиі ат басын бұрып тұрады екен. Нартай ақын үйдің жанындағы төбешікке шығып, жұртшылыққа жыр арнаса, Қажымұқан атамыз түрлі өнер көрсетеді. Өзімен қатар өскен Әліхан, Сәуірбай көкелеріміз үйге жиі келіп, естіген жаңалықтарының анық-қанығын әкемнен біліп кететін. Өйткені, атқарылатын келелі іс-шараның басы-қасында әкем жүруші еді. Бейбіт өмірде жастай шаңырақ құрып, ұстаздық қызметпен айналысты. Соғысқа кетіп, майданнан оралмаған ағалары Тас, Смайыл аталарымның әйелдері Айдаркүл әже, Әлия апама «өз балаларыңдай жұмса» деп сол үйлерге жіберетін бізді.

Әкеміздің ерекше жаратылған болмысын жас та болсақ түсінетінбіз. Ауыл тұрғындарына асарлатып, арықтарды тазалататын. Егін жинау кезіндегі науқаншылық жұмыстарға, мақталық егіс алқабындағы диқандарға қолғабыс беруді ұйымдастырып жүруші еді. Тіпті, айналаға күл-қоқыс тастатпай таза ұстауды, ауылда дау-жанжал шығармауды қатты қадағалайтын. Көшеде дабырлап, шапқылап жүргендер әкемнің қарасын көрсе түп-түзу, тәртіпті бола қалушы еді. Тіпті,  келіндері, жеңгелері әкемнің үстіне кірмейтін еді. Бұл нағыз этнопедагогика ғой. Әкем жылына бір рет аудандық ауруханада жатқандарға әдейі Шымкентке барып, тандыр нан әкеліп таратушы еді. Көшеміздегі кішкентай оқушы балалар топ-тобымен әкеме келіп, шаштарын ұстарамен алғызып кететін. Өйткені, әкем олардың атасы әрі үлкен досы, қамқоршысы болды.

Өзінің өнегелі өмірімен отбасына ғана емес, ауыл аймағына, ел-жұртына үлгі болған асыл әкем көзі тірісінде екі мыңнан аса әдеби кітап жинады. Қалаған кісі келіп кітаптарды әкетіп оқитын. Ешқандай талдау-түсіндірмесіз өмірі өнеге, тұнып тұрған тәрбиеге бай адамдар болады. Ал, бала, әрине, ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі. Үйдегі сегіз баланың бесеуі әке жолын қуып ұстаз болды, қалғандары медицина саласының маманы.

Ұстаз мерейі шәкірті өзінен озғанда көрінеді емес пе? Шәкірттерінің ішінен Таненов Арыстан, Жадыраев Өштан, Мұса Қаныбеков сияқты азаматтар үлкен ғалым болды. Әкем оларды мақтан ететін.

Исақ Әшірұлының Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі мен ұстаздық қызметіндегі абыройлы еңбегі, сара жолы бізге үлкен мектеп болды. Қандай қиын жайды бастан кешсем де, қиналып торыққан кездерде жанымды қапастан алып шығатын алып күшім – ӘКЕМ еді!

Көкемнің көркем мінезі, қатты сөйлемесе де отты жанарымен бір қарағаны, әрине, жүріп өткен дара жолы біздің өмір бойы бағыт ұстайтын темірқазығымыз болып қалды.         

Мейраш ИСАҚҚЫЗЫ, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің,  облысқа сіңірген еңбегі үшін медальдарының иегері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ