Ленгір кеншілер қаласы болған

Қазан 11 / 2018

 

Төлеби ауданының орталығы Ленгір қаласына 73 жыл толып отыр. 1945 жылы қоңыр көмір өндірісін жолға қойған шаһар кеншілер қаласы деген мәртебеге ие болған-ды.

 

Бүгінде Ленгір заман талабына сай өзгерген. Жыл өткен сайын ажарланып, көріктене түскен. Қазан айының алғашқы күні төлебиліктер  қала күні мерекесін тойлады. Мәдениет сарайының алдында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, көрме ұйымдастырылды. Төлеби атындағы орталық алаңда мектеп оқушыларынан құралған жастар флешмоб ұйымдастырды. Осы күні «Lenger taxі» жекеменшік такси қызметінің ашылу салтанаты өтті. Әжелер мерекенің құрметіне шашу шашып, таксилер мен қоғамдық көліктер жолаушыларға тегін қызмет көрсетті. 

Жиналған жұртшылықты аудан әкімі Бауыржан Омарбеков, мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев құттықтап, қала белсенділеріне Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.  Тұрғындар мен қонақтарға арнайы әзірленген концерттік бағдарлама ұсынылды. Мерекелік дастарқан жайылды. 

Аталған алаңда ауданның балуандары мен спортшылары қазақ күресі, кір тасын көтеру, қол күрестіру және қошқар көтеруден сайысқа түсті. Жеңімпаздар дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Іс-шара  соңы жалпы серуенге ұласып, мерекелік отшашумен аяқталды.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ