Мемлекет басшысы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

Қазан 09 / 2018

 

Рәсім барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо, Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Израиль мемлекетінің Төтенше және өкілетті елшісі Лиат Вексельман, Словакия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Милан Коллар және Еуропа Одағының Төтенше және өкілетті елшісі Свен-Олов Карлссон сенім грамотасын тапсырды.

 

Нұрсұлтан Назарбаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, оларға мемлекетаралық қатынастарды дамыту және оны одан әрі ілгерілету ісінде табыс тіледі.

– Сіздердің миссияларыңыздың басталуы ел дамуының маңызды кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Біздің стратегиялық бағытымыз – әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу. Осыған орай, қажетті бағдарламалардың бәрін қабылдап, кешенді реформаларды жүзеге асырып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік дағдарыс күшейген жағдайда сенімді мемлекетаралық қатынастар орнатудың маңызды екенін айтты.

– Жақында Нью-Йоркте өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының кезекті сессиясында кейбір елдер арасында «сенім дағдарысының» одан әрі өрши түскені анық байқалды. Өзара сенім орнықпаса, дағдарысқа қарсы кез келген іс-қимылдың оң нәтижесі болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы халықаралық және өңірлік қақтығыстарды реттеу үшін Қазақстанның жүргізіп отырған көпвекторлық саясаты мен күш-жігерінің тиімділігін атап өтті.

Елбасы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларына арнайы тоқталды.

– Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. Дипломатиялық байланыс орнаған сәттен бастап біз тату көршілік және өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық қатынастардың үлгілі моделін құрдық. Бүгінде екі елдің үкіметтері өзара келісімдерді жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс атқаруда. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен ұштастыру жөніндегі ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлініп отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биыл еліміздің Еуропа Одағымен дипломатиялық қатынас орнатқанына 25 жыл толғанын атап өтті.

– Қазіргі басты міндетіміз – 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру. Сондай-ақ, Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзірлеуге күш жұмылдыру керек. Біз Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режімді жеңілдету мәселесі дұрыс шешімін табады деп сенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Рәсім соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы жауапты миссияларының басталуымен тағы да құттықтады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ