Рухани жаңғыру 0 пікір 2195 лайк

«БОСҚА УАҚЫТ ӨТКІЗГІМ КЕЛМЕЙДІ»

Қазан 07 / 2018

Олжас БАКИРА, «Жақсылар, дастан айтайын...» ІІ аймақтық байқауының бас жүлдегері:

«БОСҚА УАҚЫТ ӨТКІЗГІМ КЕЛМЕЙДІ»

– Олжас, биыл мектеп бітіргелі жатыр екенсің, мұндай кезде түлектер алдағы ҰБТ-ға дайындалып, басқа іске мойын бұруға мұршалары болмаушы еді. Сен «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұйымдастырған байқауға қатысып, Алпамыс батыр жырын бастан аяқ жаттап, жүлдегер атанып отырсың. Қиын болмады ма?

– Жоқ, түк те қиналмадым. Мен бала күнімнен түрлі байқауларға қатысып жүргендіктен, мұндай сайыстарға үйреніп қалғанмын. Сабақты да жақсы оқуға, әдеби кітаптардан қол үзіп қалмауға тырысамын. Бәріне уақыт табамын.

Былтыр да сіздер ұйымдастырған осы байқауға қатысып бақ сынадым. Маған батырлар жыры қатты ұнайды. Газетті бақылап, биыл байқауға қай батырлар жыры түсетінін іздеп, күтіп жүрдім. Байқаудың шарттары жариялана салысымен жаттауға кірістім. Әрине, батырлар жыры көлемді болатындықтан жаттау оңай емес. Бірақ, еңбектенген адам бұл қиындықты еңсереді. Ең бастысы, батырлар жырын жаттау арқылы есте сақтау қабілетім артқанын байқадым. Бұл қабілетті дамытуға жыр жаттау көп көмектесті.

– Байқаймын, сенде ұялы телефон жоқ екен. Сенің жасыңдағы бозбалалар «соткаға» құмар ғой. Интернетте, әлеуметтік желілерде отырады...

– Жоқ, менің ондайға уақытым жоқ. Үйдің үлкенімін. Үй шаруасына қолғабыс етумен қатар, бауырларымның сабағына көмектесуім керек. Өзім де алға қойған мақсатыма жету үшін жақсы оқып, жан-жақты дайындалуым қажет. Сондықтан босқа уақыт өткізгенді қаламаймын.

– Байқаудан бас бәйгені қанжығалап қайтқанда сыныптастарың қалай қарсы алды?

– О-о-о-о, бүкіл ауыл болып қарсы алды ғой! Құттықтап, бәрі де келіп қуанышымызды бөлісіп жатыр. Мектепте сыныптастарым зор қошеметпен қарсы алып, мен үшін қуанышты екендіктерін білдірді. Мен оқитын Отырар ауданындағы М.Әуезов атындағы мектепте 11-сынып үшеу. Сол үш сыныптың да жетекшілері келіп, оқушыларын жинап мені ортаға алып, қуанып, құттықтағанда, әрқайсысы тілегін айтқанда көңілім көтеріліп қалды.

– Бұрын байқауды елемей жүрген сыныптас достарың «біз де қатысатын едік қой... неге айтпадың?» деген шығар, иә?

– Ондайлар болды. Негізі дайындалып жүргенімді бәрі естіген ғой. Бірақ, бәрі ҰБТ-ға дайындалып жүргендіктен жыр жаттауға мұршалары болмады деп ойлаймын. 11-сынып оқушыларынан гөрі, байқағаным бізден төмен сыныптың оқушылары қатты қызықты. «Келесі жылы біз де қатысамыз» деп ниет етіп отыр. Әсіресе, «ұстазына көлік мінгізіпті» дегенді естіп ауыл әжептәуір шулады ғой, негізі... Содан да болар ауылдастарым бұл байқауға қатты қызығып отыр.

– Қай мамандықты меңгеруді армандап жүрсің?

– Негізі кішкентай кезімнен дәрігер боламын дейді екенмін. Әлі де дәрігер болуды қалаймын. Дегенмен, кейде журналист те болғым келіп кетеді...

– Неге? Журналистика несімен қызықтыруда?

– Бала күнімнен әдебиетке жақынмын ғой. Тіл байлығым да жақсы. Оның үстіне ауданда өтетін көптеген іс-шараларға «дикцияң жақсы» деп жүргізушілікке шақырады үнемі. Сахнаға жиі шығамын. Домбыра тартып, терме де орындаймын.

– Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі жігіт екенсің ғой...

– Енді, қабілетім жеткенінше бар өнерді меңгеруге тырыстым. Әдебиет сабағынан шығарма жазуда үнемі мақтаулы болдым. Өлең жазамын.

– Әдебиеттен қол үзіп қалмауға тырысамын дейсің, алдағы кезде кімдердің шығармаларын оқуды жоспарлап жүрсің?

– Негізі сіздер ұйымдастырған батырлар жыры байқауынан соң орыс классиктерінің, шетел қаламгерлерінің шығармаларына ден қойсам ба дегенмін. Бірақ, алдымен Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние...» кітабын оқып шыққым келді. Қазір осы кітапты қолға алдым. ҰБТ-ға дайындық барысында уақыт тауып, осы кітапты толық оқып шықсам деймін.

– Олжас, талабыңа нұр жаусын! Әлі талай белесті бағындыруыңа тілектеспіз! Арманыңа жет!

Сұхбаттасқан Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ