Рухани жаңғыру 0 пікір 2187 лайк

«БІЗ СҮЛЕСОҚ ЖҮР ЕКЕНБІЗ ҒОЙ...»

Қазан 06 / 2018

 

 

Айнұр ӘКІМХАНҚЫЗЫ, Отырар ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бас жүлдегер:

«БІЗ СҮЛЕСОҚ ЖҮР ЕКЕНБІЗ ҒОЙ...»

– Айнұр Әкімханқызы, шәкіртіңіз Олжас Бакира топ жарды. Оқушыңыз мінгізген «темір тұлпарыңыз» құтты болсын! Олжас былтырғы бәйгеде де топ басынан көрініп, 1-орын алған еді.

– Иә, ізгі тілегіңізге үлкен рахмет! Олжас әрі шәкіртім, әрі ұлым. Ұстаздар қауымының мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтатқан қарашаңырақ – «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымына мың алғыс! Сіздер бірінші болып бұрын-соңды ешкімнің ойына келмеген ғажап байқау ұйымдастырдыңыздар. Басында бұл өзі қалай болады екен, осыдан бір нәтиже шыға ма екен деп күдіктенген едік. Сөйтсек оқушыларға өзіміз батырлар жырын жаттатпай, түп-тамырын танытпай, күнделікті сабақ өтуден аса алмай, сүлесоқ жүр екенбіз ғой. Байқау барысында оқушылардың бойынан лапылдап тұрған жалынды көріп, ақынның аузынан шыққан «Біз жанбасақ лапылдап» деген жыр жолдары ойыма оралды. Бәйдібек ауданынан келген Елжан Жандосұлы деген бала жыр оқығанда оның мақамынан бүкіл зал дүрлігіп кетті ғой. Кіп-кішкентай ғана Елжанның бүкіл халықты серпілтіп, сілкіндіріп тастағанын бәріміз көрдік қой. Оқушылар былай тұрсын, балабақшаның кіп-кішкентай бүлдіршіндерінің өзі жырды жатқа айтқанда намысы қамшыланбаған, ұлттық рухы оянбаған жан қалмаған шығар-ау. Міне, бұл – рухы мықты қазаққа ғана тән қасиет! Ат үстінен түспеген бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр даланы рухының мықтылығымен қорғап қалған ғой.

Өткен жылы байқаудан 1-орын еншілесек, биыл бас жүлдені жеңіп алдық. Бірақ, өзім жеңістің дәмін әлі де сезіне алмай жатырмын, рас па, өтірік пе деп. Біздің ауыл – шағын ғана ауыл. Кештетіп үйге жетсек, бүкіл ауыл біздің шаңыраққа жиналған, бәрі мәре-сәре. «Автокөлікті шынымен берді ме?» деп бәрі таңқалып жатыр. Тіпті, сонау Батыс Қазақстан облысынан «машинаны шынымен басыбайлы берді ме, басында көрсетіп, сосын қайтадан алып қойған жоқ па?» деп сенімсіздік білдіріп, телефон шалғандар да болды. Бұған дейін оқушының есте сақтау қабілетін арттыру үшін үйге жаттау бергенімде ата-аналары телефон соғып «жаттауды көп беріп, баламның басын қатырмаңыз» деп реніш айтатын. Кешелі бері «Менің балама жыр жаттатыңызшы, келесі байқауға қатыстырыңызшы» деген өтініштер қардай борауда. Алла нәсіп етсе, әлі талай оқушы әкелемін бұл жарысқа. Көнені жаңғыртып, халықтың рухын көтергендеріңіз үшін Сіздерге басымды иемін.

– Олжастың өзіңіздің ұлыңыз екенін енді білдік. Байқауға қалай дайындалдыңыздар? Балаңыз жырды неше күнде жаттады?

– Жалпы, байқау жайлы былтыр алғаш рет ұлым Олжас әлеуметтік желіден хабардар болыпты. «Қамбар батыр» жырын жаттаса мұғалімнің мәртебесін көтереді әрі оқушыға кітап оқытады екен. Біз де бағымызды сынап көреміз бе?» деген соң тәуекел етіп, күш-жігерімізді салып, жатпай-тұрмай еңбектендік. Дегенмен, 48 оқушының арасынан 1-орын алу оңай болмады. Аудан басшыларына, мектеп басшылығына рахмет, үлкен қолдау көрсетті.

Биыл ұлым 11-сыныпта оқитындықтан, мамандыққа әдебиетті не болмаса биология-химияны таңдасам ба деп екі ойлы болып жүрген. Балаға өтініш жасап көріп едім, жаз бойы жаттап үлгеремін деп келісті. Алланың берген төрт қыз, екі ұлы бар. Бесеуі мектепте оқыса, кенжеміз төрт айлық. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» деген емес пе, үлкен ұл кітап ашса, қалған төртеуі де кітап ашады. Олжас жыр жаттауды бастаса, қалғандары да түгел жаттауға кірісетін әдеті бар. Былтыр да «Қамбар батыр» жырын бесеуі бірге жаттап алған. Әйтсе де, байқауға әр ұстаз бір-ақ оқушы даярлауы керек екен деп қате түсініппін. Биыл байқаудың шартымен қайта танысып, бес оқушы даярладым. Төрт оқушымның екеуі мен декреттік демалысқа шыққанда кішкене қараусыз қалғандықтан, жырдың жартысын ғана жаттапты. Кешелі бері эйфорияда жүрмін, өзге пәннің оқытушылары «физика, химия пәндерінен де осындай байқау болса ғой» деп қызығуда.

– Дайындықты қай кезде бастадыңыздар?

– Былтыр байқау жайлы ести сала дайындыққа кіріскенбіз. Оның үстіне «Қамбар батыр» жырының көлемі шағындау еді. Биыл газет арқылы құлақтанған соң тәуекел етіп, Олжас та, одан кейінгі қызым Қазына да жаттауға кірісіп кетті. «Алпамыс батыр» жыры көлемділеу екен. Алдымен жырды түгел оқып шығып, сосын оқиғаның басталуы мен аяқталуын талдадық. Композициялық құрылысы туралы әңгімеледік. Ішіндегі портрет, бейнелеу дегендерге мән бердік. Оқушы судыратып жаттамай, жырды бойына сіңіріп, оқиғаның барысына бастан-аяқ қанықсын, дұрыс түсінсін деген ой болды. Жаттау барысында Олжасқа қарағанда Қазына алғырлық танытты. Қазына бес бетін жаттап болғанда Олжас енді бастады. Былтырғы тәжірибеге сүйеніп, жырды айтып келе жатқанда үзіп қойып, екеуіне алма-кезек жалғастыртып отырдым. Жырды толық жаттап болған соң көнерген сөздерді талдадық. Жырда отыз көнерген сөз бар екен. Қолданыстан шығып қалған, ескіре бастаған сөздерді де талдап, мәнін ашуға тырыстық. Осылай қызу еңбек басталды да кетті. «Қамбар батыр» жырында кездескен қалқан, күрзі, найза сөздері тағы да алдымыздан шықты. Қызойнақ, ұрын бару, сота, машайық секілді сөздердің мәнін аштық. Одан сұрақ-жауапқа дайындыққа кірістік. Қажет жерінде айтасыңдар деп 15 ақын-жазушының қара сөздері мен өлең-жырларынан бірер шумақтан тағы жаттаттым.

– Еңбегіңіз еш кетпей, жемісін көргеніңіз дұрыс болыпты. Түсінген адамға мұғалімнің еңбегі жанғаны ұлттың бір белеске көтерілгені емес пе?!

– Дұрыс айтасыз, әр мұғалім өзін ұлт алдында жауапкер сезінбей, мемлекет алға дамымайды.

Бір тәуірі, соңғы кезде мұғалімді бұрынғыдай көше сыпыруға, тазалық жұмыстарына, жиналыстарда зал толтыруға көп мазаламайтын болды. Енді тек білім-білігіңді көрсет, оқушыларды жетістікке жеткіз дейді. Демек, ендігісі бізге серт!

– Мамандығыңызды жүрек қалауыңызбен таңдадыңыз ба?

– Мектепті елдің әлеуметтік-тұрмыстық проблемалары шаш-етектен келетін тоқырау кезеңінде, яғни 1994 жылы бітірдім. Әкем Әкімхан жоғары білімді болмаса да оқымаған кітабы жоқ, әдебиетке құмар адам. «Қызым, тіл ешқашан да өлмейді, қазақ тілі пәнінің мұғалімі боласың» деп құжатымды пединститутқа тапсыртты. Институтты бітірген соң ауылға оралып, қайнаған еңбектің ортасынан табылдым. Өмірімнің мәні ұстаздықта екенін ұғынып, мамандығымның қыр-сырына терең бойлауға тырыстым. Бұл жолда ізденістерім аз болмады, түрлі ашық сабақтар өткізіп, тәжірибемді арттырдым. Мектеп ұжымы еңбегімді бағалап, 2014 жылы Шымкент қаласындағы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтына бірінші деңгейлі біліктілікті көтеру курсына оқуға жіберді. Курсты бітірген соң жалақым 100 пайыз көбейді. Біліктілігімді осылай көтерсем, қарашаңырақ басылым «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауын ұйымдастырып, мерейімді одан әрі үстем еттіңіздер. Сіздерге үлкен рахмет!

– «Ізденген жетер мұратқа» деген осы. Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

Сұхбаттасқан Үмітхан АЛТАЕВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ