Руханият 0 пікір 0 лайк

«Перзенттерім алтау менің, жетіншісі – өлеңім»

Қазан 06 / 2018

 

Газетімізге өзге өңірлердегі, ауыл- аймақтардағы оқырмандарымыз өрілген қыздың бұрымындай етіп өлең шумақтарын қолмен жазып жолдап жатады. Осындай қолжазбаның бірі – Бибіфатима Тасболатқызының хаты. Оның өлеңдерінен туған жерге деген перзенттік парыз, аналық махаббаттың самалы есіп тұр. Расында да, «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай атамыз айтпақшы, оқырманымыздың жүрекжарды жырын ұсынуды жөн көрдік.

 

Қазығұрт

Қазығұртым – киелі жер, қасиетті мекенім,

Сенде сезіп, сенде ұқтым бақыттың не екенін.

Кіл жақсының кіндік қаны тамған жер,

Мен өзіңе басымды иіп, қадірлеумен өтемін.

 

Күн кешіп сенде қиындық бар ма көрмеген?!

Күн кешіп сенде қиындық бар ма жеңбеген?!

Жер бетіндегі жәннатты менен сұраса,

Ойланбастан-ақ, Қазығұрт, оны сен дер ем.

 

Тасыса көңілім, ашылса жолым себепсің,

Сүрінсем сүйеп, жығылсам қанша демепсің.

Жығылғанымда, қуанғанымда қаз тұрып

кетуім үшін сен ұзақ жасау керексің!

 

Перзенттеріме...

Перзенттерім алтау менің, жетіншісі – өлеңім,

Жетеуін де мақсатына жеткізсем деп келемін.

Алла берген осы жеті қазынамды қадірлеп,

Бір жүректі жетеуіңе бөліп беріп келемін.

 

Отбасымды жарық еткен жеті қанат жұлдызым,

Жүрекжарды жырым менің және үш ұл, үш қызым.

Сендерсіңдер қуанышым, бақытым да шаттығым,

Сендерсіңдер болашағым, соңымдағы нұрлы ізім.

 

Сендерсіңдер ну орманым, жайқалатын құрағым,

Сендерсіңдер тағдырыма қойған жеті сұрағым.

Сендерсіңдер өшпесін деп жел өтінен қорғайтын,

Үш күн, үш түн менің жеті шырағым.

 

Сондықтан да мен сендерді шын жүрекпен сүйемін,

Сендерсіңдер мен сыйлайтын қасиеттім, киелім.

Өздеріңдей жеті бақыт берген ұлы тағдырға,

Шын жүректен әз басымды иемін.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ