Руханият 0 пікір 0 лайк

Бір бақытты күтумен күн өтуде

Қазан 06 / 2018

 

Жүсіп ӘШІМОВ.

 

Өмір-ай

Қиялды алып қашып сағымдарға,

Көл жаққа жиі барам сағынғанда.

Даланың самал желі тербетеді,

Жабырқап, жалғыз қалған жанымды алдап.

 

Табылардай бір бақыт сары даладан,

Кезем, жарты бақыт қой ол да маған.

Жазирамның әрбір тас, топырағы

Бір бақытты тұрғандай жарнамалап.

 

Қызарып батқан күннен мұң көремін,

Қимастық пен қоштасу бұл дегенің

Ертең-ақ, қауышармыз қызыл арай,

Сондықтан үндемегін, үндемегін.

 

Жаяулатып кеп қалдық міне түнге,

Қара түнде бір сыр бар, білетінге.

Бар сабырым жанымды сірі етуде,

Бір бақытты күтумен күн өтуде.

2010 ж.

 

Ашыну

Мақтанып қайтем,

Білмейтін жайым көп әлі.

Ақталып қайтем,

Күндерге барып қаралы.

Жанымды мына өкініш өртеп барады

Сақтанып қайтем,

Онсыз да жүрек жаралы.

 

Пенделік ғұмыр,

Шуақты күнді жалмады.

Басымда жұмыр,

Титімдей бақ та қалмады.

 

Өмірде мынау,

Бақыттың бар ма теңдігі

Көңілге мынау

Сол медет болар ендігі.

2014 ж.

Көңіл көкпен таласып...

 

Желп-желп еткен көңілді,

Желіктірмей қойсамшы,

Елп-елп еткен сезімді

Еліктірмей қойсамшы.

Қанағаты аз бергенге,

Нысапшыл жан көргенге

Тек өзіне алаңдар

Сараңбайдай болсамшы

Көңіл көкпен таласып,

Қиял желмен жарысты.

Адамдықпен жарасып,

Нақтылаймын әр істі.

2015 ж.

 

Мен өлсем...

Мен деген – арым биік, намысшылмын,

Сондықтан арсыз істен алыс тұрдым.

Ұятымды алтынға да алмастырман,

Өмірді өлеңіммен қабыстырдым.

Мен өлсем – бір өлермін, намысымнан,

Кезі жоқ ұятымның сағы сынған.

Мен өлсем – көріп өлем надандарды,

Ар деген қасиетті әрі ысырған.

 

Арсыздардың жоқ маған киік құны,

Келем осы сөзімді жиі ұқтырып,

Мен өлсем – бір өлермін намысымнан,

Тексіздердің жанында биік тұрып.

 

Өлермін сөзімді айтып жан ұшырған,

Алдымда жамандардың сағы сынған

Ұятым мен арымды биік қойып,

Мен өлсем – өлермін тек намысымнан

2017 ж.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ