ЖАУАПТЫ ХАТШЫ

Қазан 06 / 2018

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Оңтүстік Қазақстан».

Мемлекеттік органдарда кездесетін «жауапты хатшы» атты қанатты қызмет редакцияларда да бар. Газет-журнал тарихында бұл бөлім ежелден «секретариат» аталып келеді. Журналистердің өзі секретариатты «редакцияның қара қазаны» деп атайды. «Бас штаб» деген қосалқы атауы тағы бар. Қалай дегенде де мұнда таңертеңнен қара кешке дейін қарбалас жұмыс. Қызметкерлерінің қолдары бір босамайды. «Секретариаттағы-лармен» сөйлесудің өзі мұң. Қашан көрсеңіз де мұрындарынан шаншылып жүргендері.

 

Аракідік секретариатта қызу қарбаласпен қатар «мылтықсыз майдан» да тұтанып қалады енді. Жо-жоқ, атай көрмеңіз, мұнда мылтық атылмайды, бас жарылып, қол сынбайды. Бірақ, қаламының желі бар, ойы ұшқыр, жазғандары жарамды, бүгінгі күннің күйіп тұрған өткір мәселелерін түп-тамырымен қопара жазатын қарымды қаламгерлер жазған-сызғандарын газеттің шығып бара жатқан нөміріне салдыруға ұмтылмай ма? Әрине, газет резина емес, көлемі, беттері шектеулі. Сонда секретариаттағылар не істемек керек? Мұны түсіне қоятын әріптес қайда? Секретариат аталатын «бас штабтан» аракідік алабөтендеу, «бозғылт бұлттың» сызашықтана көрініп қалатыны сондықтан.

Міне, осындайда жауапты хатшының төзімділігі, сабырлылығы, әріптестерімен майдан қыл суырғандай әдепті де биязы сөйлесе білуі керек-дүр. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Талғат Досымбаевты осы талап үдесінен шығып жүрген әріптес ретінде мақтаныш тұтамыз. Сыйлаймыз. Ол қашан да біртоға қалпынан айныған емес. Сыпайы, сырбаз. Араның ұясындай құжынап жатқан ортада әріптестерінің барлық «өкпе-назына» орнықты жауап тауып, дәргейлі дәрежесінен төмендемейтін мінез байлығына тәнті қалатынымыз бар. Басшыларымыз әрдайым осы бір жұмыстың алабөтен қиын екенін, мүмкіндігінше оларды көп мазаламау керектігін неге жиі ескертетінін, қадірменді оқырман, енді Сіз де түсініп, түйсініп отырған шығарсыз деп шамалаймыз.

Қалай дегенде де тағдырлы Талғат бұл биікке оңайлықпен қол жеткізген жоқ. Өзінің ізденімпаздығымен, іскерлігімен, адамдармен тіл табыса білетіндігімен, төзімділігімен жетті. Ол журналистика атты «жолбарыстың» жалынан қалай ұстады? Жазуға деген махаббатын кім оятты? Әңгіме ауанын солай қарай бұралық.

Талғаттың әкесі Әбдіжаппар ауылдың хат тасушысы еді. Ол кезде бүгінгідей емес, адамдар жаппай газет-журнал оқитын. Хат тасушыны құдасы келе жатқандай қуана қарсы алатын ауылдастары Әбекеңді қатты сыйлайтын. Ол кісі кейінгі жылдары аурушаңдау болды да, газет-журнал, хат-хабар жеткізу бала Талғаттың мойнына жүктелді. Ол бұған қатты қуанды. Алдынан арсалаңдап шығатын аталарының, апаларының ақ алғыстарын алу да бір бақыт емес пе?! Сөйтіп жүріп оның жүрегінде газет-журналдарға деген өшпестей махаббат тұтанды. Әкесі Әбдіжаппар, ағасы Шахан (Сағидулла) сөзге шешен, ақынжанды еді. Талғат тырнақалды туындыларын сол кісілерге оқытып, бағыт-бағдар алды. Өзі туып-өскен Майбұлақ ауылынан Сатыбалды Дулати, Әбдіраш Ерназаров сынды ағаларының аудандық газетте жарияланатын танымдық мақалаларын қызыға, құныға оқитын болды. Бұл бір керім шақ еді.

Сөйтіп жүріп өзі де түртініктеп аудандық газетке мақалалар жаза бастады. Кейін «Қазақстан пионері» газетіне мақаласы, хабары шыққанда аты-жөнінің астына «жас тілші» деп жазып қоятын. Осының өзі оған шалқар шабыт сыйлады. Мектеп директоры, ағай-апайлары енді оған үлкен үмітпен қарай бастады. Оныншы сыныпты бітіргенде ол аудандық «Ильич жолы» газетінің штаттан тыс тілшісі болатын.

Азаматтық борышын Қиыр Шығыста өтеп, елге оралған Талғат жоғары білім алу үшін Шымкент педагогикалық институтының филология факультетіне құжаттарын тапсырған. Абырой болғанда, сыннан сүрінген жоқ. Республикалық бірқатар басылым беттерінде барқадарлы, байыпты мақалалары жарық көріп жүрген оны «Замана» газетінің бас редакторы Иса Омар қызметке шақырды. Міне, тап осы тұстан Талғаттың журналистік қызметі басталып жүре берді. Осында жүріп талапты Талғаттың қаламы ысылды, тәжірибесі молықты. Кейін бас редактор оған газеттің қосымшаларын шығаруды сеніп тапсырды. Сөйтіп жүргенде оны «Отырар» телеарнасы қызметке шақырған. Иса қимаса да «ол да бір мектеп, бағыңды сынап көр» деп шәкіртін шығарып салған. Бұдан кейінгі Талғаттың журналистік жолы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жалғасты. Аға тілші, бөлім меңгерушісі, редакция меңгерушісі сияқты баспалдақтардан өтті. Редакция басшылары Талғаттың талантын тани білді, жауапты қызметке жоғарылатты.

Міне, біз білетін сыпа Талғаттың қысқаша еңбек жолы осылай өріледі.

– Сіздерге жақсы ғой. Уақыттарыңыз жеткілікті. Ал, мен жазуды сағынамын, – дейді қарбалас жұмыстардан қолы босамайтын әріптесіміз.

Қасымызда, қатарымызда қанаттас жүрген қызметтес, үзеңгілес достардың кейде мерейлі жасқа келіп қалғанын аңдамай да қаламыз- ау. Білікті журналист, облыс әкімі степендиясының, «Алтын қауырсын» сыйлығының, облыстық мәслихаттың Алғыс хаттарының иегері, әріптесіміз Талғат Досымбаев та елуді еңсеріпті.

Біз, редакция ұжымы қаламгерді еңселі елу жасымен шын жүректен құттықтап, оған шығармашылық мол табыс, отбасына амандық тілейміз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ