Шымкенттік бойжеткендер топ жарды!

Қазан 06 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкентте алғаш рет қыздар арасында ұйымдастырылған республикалық турнир мәреге жетті. Жыл сайын ұлдар қатысатын «Coca-Cola. Былғары доп» аталатын турнир биыл алғаш рет қыздар арасында өтті. Турнирдің ақтық кезеңінде еліміздің барлық өңірлерінде өткен іріктеу кезеңінен сүрінбеген 6 команда чемпион атағы үшін таласты.

 

Айта кетерлік бір жайт, ақтық сынға Шымкент қаласынан екі команда қатысты. Финалда шымкенттік қыздар Көкшетаудан келген «Оқжетпес» командасын 8:0 есебімен ойсырата жеңіп, чемпион атанды. Ал, жамбылдық қыздар қанжығаларына қола жүлдені байлады.

«Coca-Cola. Былғары доп» туринирі арқылы танылған футболшылар қазір еліміздің ұлттық құрамасында доп теуіп жүр. Атап айтсақ, Бауыржан Исламхан мен Сергей Хижниченко, бразилиялық клубта доп тепкен Рауан Сариев секілді аяқдоп шеберлері осы турнир арқылы танылған. 2006 жылдан бастап бұл турнирге республикадағы 6 200 мектеп қатысқан екен. Содан бері бұл турнир аясында бақ сынаған балғын спортшылардың саны 1 миллион 200 мыңнан асып жығылады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ