1968 жыл. Будапешт. Кафедегі бойжеткен

Қазан 04 / 2018

 

сол бір сиқырлы сәт әлі есімнен кетпейді

 

Төлеген Момбекұлы 1919 жылы Созақ өңіріндегі Мыңжылқы биігінің бауырындағы Қозмолдақ елді мекенінде дүниеге келген. Арғы аталары Саңғыл биден тараған Көшек атадан Есен, одан Қазы, одан Қожамжар, одан Назар, Қайдау, Бапыш атты үш ұл болған. Назардан Сәбденбек, Момбек. Сәбденбектен Сыпабек, Момбектен үш ұл Жәнібек, Төлеген, Бөлеген және Күнтай, Тойындық, Сұлуай, Шәрипа деген апа-қарындастары болған.

Үлкен аталары Есен өз заманында датқа, би болды. Оның немересі Қожамжар атақты шешен, Қаратаудың дуалы ауыз адамы болған деседі. Назар өз заманында би атанса, Қайдау атамыз айтыс ақыны, Бапыш бүркіт пен құмай тазы ертіп, домбырасын қоржынынан тастамайтын сал-сері болған көрінеді. Бапыштан Баршабек есімді ұл ерген.

Әкелеріміз «Төлегенге Бапыш жарықтықтың ықыласы ерекше түсті. Келіні Әсер босанғанда шақалақты қолына алып, «әй, Момбек, нәрестенің аты Төлеген болады. Сенің Жәнібегің бар ғой. Мен мұны Баршабегіме іні етіп аламын. Алла берсе, Әсер келін тағы бала табады, бұған иегің қышымай-ақ қойсын» деген екен» – деп айтып отыратын. Бапыш атасы күнде таңертең киіз үйдің сыртына келіп «келін, баламды емізіп болсаң, алып шық» дейді екен. Сәбиді қойнына тығып, үйіне алып келіп, алқымынан иіскеп тұрып «шіркіннің исінен айналайын» деп еміреніп, кемпірінің қолына ұстатады екен. Төлеген көбіне Бапыш атасының үйінде Баршабекпен ойнап, екі үйде тел өседі. Ал, сөзге шебер, өлеңдетіп сөйлеп, Қайдау атасының қасынан қалмайтын Жәнібек жазба ақын болды. Бапыш атасы айтқандай Әсер келіні Төлегеннен кейін Бөлеген, Күнтай атты бір ұл, бір қызды дүниеге әкеледі. Бөлеген ертерек шетінепті. Өте ажарлы Күнтайға 16-17 жасында көз өтіп қайтыс болады. Одан кейінгі Тойындық, Сұлуай, Шәрипадан ұрпақ бар.

Домбыра үні Төлегеннің құлағына кішкентайынан сіңді. Атасы Бапыш Төлегеннің ықыласын танып, домбыра үйретті. Бапыштың үйінде сал-серілер, әнші-күйшілер, аңшылар жиі бас қосатын. Осындай ортаға түскен сегіз жасар Төлегеннің күй тартуға, терме айтуға ынтасы арта түсті. Атасы Бапыш Төлегенге өзінің «Харқарау», «Қара жорға», «Ыңғай төкпе» атты күйлерін үйретеді.

Төлеген тоғызға келгенде атасы Бапыш қайтыс болып, артынша Созақ көтерілісі бұрқ ете қалады. Көтеріліске Төлегеннің ауылынан жүз адам қатысады. Кеңес өкіметі көтерілісті басқан соң Волленберг үштігі қатысушыларды жазалай бастайды. Сол үштік Біләл деген жерде егіс егіп жүрген Төлегеннің әкесі Момбек пен Құралбай қажыны атып кетеді. Он жасар Төлегенді ағасы Жәнібек Созаққа алып кетіп, оқуға береді. Жәнібектің үйі Сүгір күйшімен көрші екен. Билік ұлттық құндылықтарға шекеден қарап тұрған сол күндері ұлы Сүгір күйші домбырасын жасырып ұстап, түнде ғана ептеп тартады екен. Сүгірдің күйін тыңдап жүргенін байқаған ағасы Жәнібек Төлегенге Бапыш атасының домбырасын әкеліп береді. Ол көбінесе күйді үйдің сыртында тұрып тыңдап, домбыраға түсіретін. Бірде Жәнібек ағасы Сүгірді қонаққа шақырып, күй тартқызып, Төлегенді таныстырады. Баланың ынтасын байқаған күйші біраз күйді солақай тартады да тұрып кетеді. Жәнібек пен Төлегенді Созақ көтерілісіне қатысқан «халық жауының» тұқымы деп қудалай берген соң ағайынды екеуі тау асып, Ибатадағы әпкесін паналайды. Жәнібек Түркістанға жұмысқа тұрады. Жездесі Төлегенді жасы жетпеген соң «1918 жылы туған, Бапышұлы» деп жаздыртып, Хантағыдағы рудникке жұмысқа орналастырады. Төлегеннің осында екенін ізін аңдығандар біліп қойған соң ағасы Жәнібек оны Солтүстік Осетиядағы Садон руднигіне жұмысқа жаздыртып, өзі Ташкентті бетке алады.

Осетиядағы Садон руднигінде электрик болып жұмыс істеп, күнде кешке жұмысшыларға балалайка, мандолин, гармонь тартып беріп, қадірі артады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда «соғысқа қатысып, жарақаттансаң, бұрынғыларды кешіреді, қудаланбайсың» дегенді естіген соң өз еркімен майданға жазылады. Барлаушылар отрядының құрамында әскери тапсырмаларды абыроймен орындайды.

1943 жылы жауынгерлік тапсырманы орындау үстінде басынан жараланып, Ярославль госпиталінде ұзақ емделеді. Денсаулығы жарамаған соң елге қайтарады. Бұл әңгіменің барлығын көкемнің өз аузынан естігенмін. Елдің меценант азаматтары Қуаныш Төлеметов, Досыбай Шерімқұлов, Қуаныш Айтаханов, Мәлік Бегалиевтердің демеушілігімен «Шертпе күйдің шебері» деген жинақ шығардық.

Төлеген менің жақын көкем. Ауылда үнемі бірге көшіп-қонып отыратынбыз. Төлегеннің күйлерінің қалай шыққанын, жазылу тарихын бір адамдай білемін. Ол өте қарапайым, көп сөйлемейтін, біртоға, қанағатшыл адам еді. Ағасы Жәнібекті 1950 жылдары іздеп барып табысты. Ауданнық мәдениет бөлімінде жұмыс істейтін көкеміз көрші ауылдарға да мәдени шаралар ұйымдастыратын. Пернеш жеңешеміз «Қызыл отауда» кітапханашы болды. Айлап ел аралап, мәдени іс-шаралар ұйымдастыратын көкем ауылға оралғанда көпшілік ортаға алып, өлең, ән, жыр, дастан тыңдайтын. Соғыстан алған жарақатынан шекесіндегі ойығы бүлкілдеп, көкем өнер көрсетуге кірісетін. Көкеміз етжеңді, үлкен мұрны қорғасыннан құйғандай, мол денесі өзіне жарасып тұратын. Добалдай саусағымен домбыраны шерткенінде сиқырлы әуен тұла бойды шымырлатып, жан-дүниеңді баурап алатын.

Төлеген көкем 1943 жылы соғыстан оралған соң Пернеш жеңешеміз екеуі мәдениет саласында табан аудармай 40 жылдан астам еңбек етті. Әттеген-айы, жеңешеміз қызы Салтанат үш жасқа келгенде ұзақ науқастан қайтыс болды. Райхан, Қызжан, Гүлжан, Салтанат, Қайрат атты перзенттері аналарынан жастай қалды.

Елге жазушы Сәбит Мұқанов пен ғалым Рахманқұл Бердібай келмегенде көкеміз ауылда домбырасын тартып жүре берер ме еді, кім білсін?! Зиялы адамдар Төлегеннің өмірін күрт басқа арнаға бұрып жіберді. Бұл жәйт талай рет баспасөзде жарияланды да. Осы екі ғұлама Қаратаудың күй шеберлері Сүгір мен Төлегенді бүкіл қазақ даласына танытты.

1968 жылы Венгрияның Будапешт қаласында әскерде жүргенімде бір кафенің қасынан өтіп бара жатып көкемнің күйін естіп қалдым. Ішіне кірсем жас қыз күйтабақтан көкемнің күйін тыңдап отыр екен. Кафенің иесі жасы қырықтардағы Әбдіманап деген кісі Алматыға барғанында осы күйтабақты сатып алыпты. Елге келгенде осы оқиғаны көкеме айтып бергенімде кәдімгідей масаттанып, риза болды. Қаратау баурайына көкемді іздеп әйгілі Нұрғиса, Шәмші, Секен сияқты небір күйші, композиторлар келіп, қона жатып, батасын алған.

Қарт Қаратаудың күйшілік мектебінен тәлім алған Төлеген Тәттімбет, Бапыш, Тоқа, Ықылас, Сүгір сынды біртуар күйшілердің күйлерін бүгінге жеткізуші ғана емес, өз жанынан да жүздеген күй шығарып, Қаратау күй мектебін дамытушы ретінде де тарихтан орын алды. Сөз соңында Сүгір мен Төлегенге облыс орталығы болып құрылған Түркістан қаласы мен Шымкент шаһарынан көше аттары беріліп жатса, халықтың өз күйшілерін құрметтегенінің бір көрінісі болар еді.

Күйші Төлеген Момбековтің 100 жылдық мерейтойы туған жері Қозмолдақ – Сызғанда 4 қазан күні өнер мерекесімен басталып, 5 қазан күні Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда ғылыми конференциямен жалғасады.

Рахманберді ЖАПБАРҚҰЛҰЛЫ, тарихшы, өлкетанушы. Созақ ауданы, Қозмолдақ елді мекені.

Суретте (оңнан солға қарай): Төлеген МОМБЕКОВ және Рахманберді ЖАПБАРҚҰЛҰЛЫ. 1997 жыл.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ