Экономика 0 пікір 2161 лайк

Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі: уақыт биігінен

Қазан 02 / 2018

 

Биыл Қазақстанның жинақтаушы зейнет- ақы жүйесіне 20 жыл толып отыр. 20 қыркүйек күні Қордың барлық филиалдарында осы айтулы датаға арналған халықпен дәстүрлі кездесу - Ашық есік күні өтті. Еліміздің зейнетақы жүйесінің жұмысы туралы кеңірек білу үшін біз «БЖЗҚ» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Байдуанов Самат Стаханұлын әңгімеге тарттық.

 

– Самат Стаханұлы, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің ерекшелігі неде және бұл жүйеге көшуіміздің себебі қандай?

– Кеңес Одағының кезінде ортақ зейнетақы жүйесі жұмыс істеді. Оның мәнісі экономикалық белсенді тұрғындардың қарттардың алдындағы жауапкершілігіне құрылған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл зейнет- ақы жүйесін бұрынғы кеңестік жүйеге кірген барлық мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да мұраға алды. Бірақ, оның бірнеше кемшіліктері болды. Біріншіден, тәуелсіз Қазақстанда туу көрсеткіші азайып, қарттардың саны өсті. Бұл өз кезегінде зейнеткерлер мен жұмыс істейтіндердің пропорционалды ара-қатынасын бұзды. Екіншіден, елде жұмыссыздық көбейді. Үшіншіден, жұмыс істейтіндердің табысы мен зейнетақы көлемі арасындағы байланыс әлсіреп кетті. Яғни табысы бірдей немесе әртүрлі азаматтардың бірдей көлемде зейнет- ақы алулары мүмкін еді. Әрі азаматтардың жеке зейнетақы шоты жоқ болғандықтан, олардың зейнетақы жинақтарын нақтылы есептеу мүмкін болмады. Ал, бұл азаматтардың өздерінің болашағына керекті зейнетақыны жинауға ынталандырмайтын. Сондықтан 1998 жылы зейнетақы реформасының басты мақсаты – азаматтардың болашақ зейнетақысына қатысты жауапкершілігіне негізделген әділетті зейнетақы жүйесін қалыптастыру болды. Жаңа жүйеге негіз ретінде сексенінші жылдары әлем бойынша озық болып танылған Чили үлгісі алынды. Қазақстан оның басты қағидаты – зейнетақы жарналарының міндетті сипатын қабылдады.

– 2013 жылы барлық жеке қорлар жабылып, жалғыз мемлекеттік қор қалды. Мұның себебі неде? Олар өз жұмысын ақтамады ма?

– Зейнетақы нарығындағы бәсекелестік алғашында жақсы нәтиже бергенімен, уақыт өте жеке қорлардың әлсіз тұстары біліне бастады. Кейде қорлар бәсекелестік жағдайында жаңа салымшылардың орнына бір-бірінің салымшыларын тартып алып отырды. Ол аздай көптеп табыс табу үшін күмәнді құралдарға инвестиция салынып, табыс табудың орнына шығынға батқан жағдайлар да болды.

Азаматтардың жинақтарын басқару қауіпсіз әрі тиімді болу үшін 2013 жылы Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы құрылды. БЖЗҚ-ға жүктелген негізгі міндеттер – салымшылардың зейнетақы шоттарының есебін дұрыс жүргізу, олардың жай-күйін бақылау, салымшылардың деректемелеріне тиісті өзгерістер енгізіп отыру, ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізу, зейнетақы төлемдерін жасау ретінде көрініс тапты.

– БЖЗҚ-ның құрылуы қандай өзгерістер әкелді?

– БЖЗҚ-ның құрылуы және зейнетақы активтерінің біріктірілуі нарықты өзгерткенімен, зейнетақы жүйесінің құрылымын өзгерткен жоқ. Қазақстанда көп деңгейлі жүйе мен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жеке шоттардың жүргізілуі, жинақтардың жекеменшігі және олардың мұраға қалдырылуы, зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік кепілдік сынды негізгі параметрлері бұрынғыша қалды. Жинақтаушы зейнетақы да бұрынғыша екі көзден – мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы, ал, БЖЗҚ-дан салымшылардың өз жинағы есебінен қаржыландырылады.

БЖЗҚ-ның құрылуы салымдарды есептеу мен сақтауға кететін операциялық шығындар мен әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Тиісінше, комиссиялық шығындар жеке қорлардыкімен салыстырғанда екі есе азайды. Сонымен қатар бизнес-үдерістерді оңтайландыру, тиімсіз шығындарды жою, жаңа электрондық қызметтер енгізу, олардың үлесін арттырудың арқасында комиссиялық сыйақылар тағы да төмендеді. Тағы бір маңызды жәйт – мүдделес тұлғалармен келісімшарт жасау мүмкіндігіне тосқауыл қойылды. Салымшылардың бір қордан екінші қорға ауысуы доғарылды. Осылайша жүйенің тағы бір осал тұсы жойылды. Бірыңғай базаның арқасында қате техникалық шоттар барынша азайтылды. Мұның бәрі зейнетақы жүйесін нығайтуға мүмкіндік берді.

– Жинақтаушы зейнетақы жүйесіне толығымен өтуіміз мүмкін бе?

– Көп деңгейлі зейнетақы жүйесі ойдағыдай жұмыс істеп келеді және бұл жүйені таңдауымыздың дұрыс екендігін уақыт дәлелдеп берді. Сондықтан жүйенің әртараптану қағидатын сақтауымыз қажет. 2040 жылдары зейнетке 1998 жылға дейін еңбек өтілі жоқ азаматтар шыға бастайды. Яғни, ортақ құрамдауыш толығымен жойылып, оның орнын жинақтаушы жүйе басады. Сондықтан БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына жүйелі түрде зейнетақы жарналарын аударып, жұмыс берушінің өз міндетін адал атқарып жүргенін тексеріп тұрған жөн. Сонымен қатар, ерікті зейнетақы жарналарын барынша көбірек аудару керек.

– Сонда мемлекет азаматтарды зейнетақымен қамту жұмысына араласпай ма?

– Көп деңгейлі жүйе мемлекет, жұмыс беруші мен жұмыскердің ортақ жауапкершілігіне негізделген. Мемлекет қазақстандықтарды, азаматтығы жоқ тұлғаларды, елімізде тұратын шетелдіктерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы міндеттемесінен бас тартпайды. Керісінше, биылдан бастап базалық зейнетақы жүйесі әлеуметтік әділеттілік қағидатына сай, халықты зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру үшін одан әрі жетілдірілді.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақыны тағайындау тәртібі өзгерді. Енді 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ, зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Егер жалпы өтіл

10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайтылып отырады. Ал, 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

– БЖЗҚ электрондық қызметтер туралы айтып кетсеңіз.

– «БЖЗҚ» АҚ алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – тұрғындарға әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы зейнетақы қызметін көрсету. Қор зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әрбір азаматқа зейнетақы қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету стратегиясын алдына мақсат етіп қойып отыр. Ал, оған жету үшін тікелей, қашықтықтан және өзіне-өзі қызмет көрсету жүйелерін дамыту қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халыққа жыл сайынғы Жолдауында сандық технологияларды ендіру, инновациялық даму және қарқынды технологиялық жаңғырудың ел экономикасы үшін маңызды екендігін атап өткен болатын. «БЖЗҚ» АҚ көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және жаңғырту жолында салымшылар мен алушыларға жаңа, заманауи қызметтерді ұсынады. Айта кету керек, бұл қызметтер уақыт шығындап Қорға келіп, қағаз құжаттарды толтырудан құтқарады. БЖЗҚ 2017 жылдың 30 маусымынан бастап www.enpf.kz сайтының «Жеке кабинет» және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде мынадай сервистерді іске қосты. Олар:

– міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде өтініш беру;

– зейнетақы төлемдерін тағайындау жөнінде өтініш беру;

– берілген өтініштердің орындалу мәртебесін қадағалау.

Ескере кеткен жөн, зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішті зейнеткерлік жасқа толған азаматтар мен мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі бар адамдар ғана жолдай алады. Өткен жылдың үшінші тоқсанынан бастап тағы да жаңа сервистер іске қосылды. Атап өтер болсақ, бұлар салымшының (алушының) жеке деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу және зейнетақы жинақтарының жай-күйі бойынша хабарлау тәсілін өзгерту туралы қызметтер. Міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу және зейнеткерлік жасқа толу немесе

1,2 топтардағы мүгедектіктің мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жөніндегі өтініш беру рәсімі бірнеше минутты ғана алады. Осылайша Қор онлайн тәртібінде салымшының жинақтаушы зейнетақы жүйесінде болған бүкіл кезеңі барысында – жеке зейнетақы шотын ашқаннан бастап зейнетақы төлемдерін алғанға дейін оған ілеспе қызмет көрсетеді. Одан басқа, Қордың байланыс орталығының 1418 телефон нөмірі, Қордың корпоративтік сайтының «Кері байланыс», «Онлайн-чат» нысандары, сондай-ақ, Қордың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Қорға хабарласуға болады. Зейнетақы Қоры барлық салымшылар мен алушылар үшін әрқашан ашық және қолжетімді. Қордың орталық аппаратына өтініштер қағаз жүзінде де келіп жатады. Бұдан бөлек азаматтар «Пікірлер мен ұсыныстар» кітабына да пікірлер мен ұсыныстар қалдыра алады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен А.Сынтас.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ