Рухани жаңғыру 0 пікір 2158 лайк

ЕРЛІК ПЕН ЕЛДІК РУХЫ

Қазан 02 / 2018

 

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет сарайында өткен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің «Жақсылар, дастан айтайын...» атты ІІ аймақтық жас жыршылар байқауы ұлттық рухтың төрге озған мысалы болды десек, асыра айтқанымыз емес! «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауға төрт жасар бүлдіршіннен бастап, тоқсан төрттегі ақсақалға дейін қатысты.

Тоқсанның төріндегі қария Нұрмұхамбет Әжіметов жас жыршыларға батасын берсе, Шымкент қаласындағы №100 «Тоғжан» балабақшасының төрт жасар тәрбиеленушісі Қыдырәлі Әбдісабыр мен бес жасар тәрбиеленушісі Шынар Тойымбетова (тәлімгері – Жолдыкүл Төребекова) «Алпамыс батыр» анимациялық фильміне дубляж жасап, жырды жатқа оқыды.

Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев облыстық газет ұжымы биыл екінші рет өткізіп отырған жас жыршылар байқауының мән-маңызына жан-жақты тоқталып, үміткерлерге ақ жол тіледі. Ал, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Ғалия Шарафиева облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Онда: «Қазақ – тарихын жырға жазып кеткен халық. Батыры көп елдің кейінгі ұрпағы да саналы. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы жыр байқауын ұйымдастыру арқылы жас ұрпаққа батырлық эпостарын жаттатып, жырда кездесетін көнерген сөздердің мән-мазмұнын түсіндіру арқылы тәуелсіз ел жастарының мәдениеті мен өнерінің дамуына зор үлес қосып отыр. Балаларды кітап оқуға тәрбиелеуде, халық поэзиясы мен ұлтымыздың рухани асыл мұрасына қызығушылығын арттыруда, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуда, ерлік пен елдік рухын сезінуде, өнерлі жастарды іздеп табуда бүгінгі байқаудың маңызы ерекше» делінген.

Аймақтық жас жыршылар байқауына қатысқан 33 үміткердің өнерін құрамында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері-заңгері, заң ғылымының докторы, профессор Бекет Тұрғараев (төраға), ҚР халық әртісі, әнші Қажыбек Бекбосынов, Шымкент қаласындағы Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнаш Жұматаева, А.Пушкин атындағы №1 мектеп-лицейінің оқытушысы Әсел Темірбаева және «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан бар қазылар алқасы саралады.

Бізді қуантқаны, «Жақсылар, дастан айтайын...» байқауына шардаралық Әсел Төлеп, төлебилік Әдемі Ахметжан, арыстық Әлжаппар Жорабеков, отырарлық Олжас Бакира, қазығұрттық Ырысдәулет Сәрсенбаев, сарыағаштық Малика Әбдімәлік биыл екінші рет қатысып отыр. Демек, олар кемінде көлемді-көлемді екі дастанды жатқа біледі деген сөз! Ал, байқауымыздың былтырғы жеңімпазы түркістандық Гүлжайна Елмұратова биыл байқауды жүргізді.

«Ат жүйрігі білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай» демекші, 33 үміткердің 20-сы екінші кезеңге өтіп, билет бойынша сұрақтарға жауап берді. Жырдағы көнерген сөздердің мәнін түсіндіретін үшінші ақтық кезеңге 10 оқушы өтті. Сонымен, бас жүлдені (200 000 теңге) отырарлық Олжас Бакира жеңіп алса, ұстазы Айнұр Әлшері туған жеріне автокөлік мініп қайтты. Шардаралық Әсел Төлеп 1-орынды иеленсе, екі бірдей 2-орын отырарлық Қазына Бакира мен арыстық Ұлсана Мұқанға бұйырды. Үш бірдей 3-орынды созақтық Рәбия Шалтай мен Несібелі Сайлау және арыстық Әлжаппар Жорабеков еншіледі. Тағы 5 оқушы мен ұстаздарына ынталандыру сыйлығы (20 000 теңге) берілді. Олар: Ақмарал Борантай (Бәйдібек ауданы), Әнел Бәкірқызы (Шымкент қаласы), Фатима Жолдас (Шардара ауданы), Елжан Жандосұлы (Бәйдібек ауданы), Гүлдана Құлажан (Төлеби ауданы).

P.S. Былтыр байқауды алғаш рет қолға алған тұста «балалар бір жырды тұтас жаттай алар ма екен» деген күдік, қорқыныш болған. Жаттады. Осыдан кейін сенім пайда болды. Ел ішінде талантты балалар көп екеніне көзіміз жетті. Бізді алға жетелеген – қарапайым халықтың қолдауы. Бөліп беретін ештеңесі болмаса да, жылы сөзбен қолдап отырды.

Көзіміз анық жеткені, халық шоудан шаршапты. Олардың жыр тыңдағысы келеді екен. Балаларда да жырды жаттауға деген құлшыныс былтырғыдан артқан. Батырлар жырын оқып, жаттап өскен бала жамандыққа бармайды, жат идеологияның жетегінде кетпейді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дегенде Елбасының көздегені де осы емес пе еді?!

 

Жылы лебіздер

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің батырлар жырын жатқа айтудан мектеп оқушылары арасында байқау ұйымдастыру туралы бастамасы Алматы қаласы әкімдігінен де қызу қолдау тауып, олар бюджеттен 40 млн. теңге бөліп, осы сайысты өткізгелі отыр. «Ұшқыннан жалын лаулайды» деген осы! «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бастамасы таяу уақытта басқа облыстарда да қолдау табатын сияқты. Себебі, бұл жоба – ұлттық дәстүрімізді, тілімізді көтерудің, балаларды әдебиетке, мәдениетке бейімдеудің, ұлттық намысын оятудың бірден-бір жолы. Менің ойымша, біздің әдебиетке, сөз өнеріне бейімділігімізді сонау бала кезімізде жаттап өскен батырлар жырын жатқа айту өнері дамытты. Байқауға қатысқан балалар келешекте ұлтжанды, елжанды болып өсетініне бек сенімдімін. Газет ұжымы алдағы кезде ұлы Абайдың туындыларын жаттап, қара сөздерін жатқа айтудан байқау өткізсе, ғанибет болар еді.

 

Мархабат БАЙҒҰТ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– «Оңтүстік Қазақстан» газеті ұжымының «Жақсылар, дастан айтайын...» атты жобасының келешегі өте зор деп ойлаймын. Себебі, батырлар жырын ең көп жаратқан қазақ халқы. Біздің өткеніміз де, бүгініміз де, келешегіміз де осы батырлар жырына байланысты. Әйгілі Бауыржан Момышұлы «Сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан, немересіне ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын» деген екен. Біздің халықтың ұлттық рухы, ұлттық коды батырлар жырында жатыр. Сол үшін де газет ұжымының батырлар жырын жаңғыртқандарына үлкен рахмет! Дәстүр жалғаса бергей!

 

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА, Қазақстанның халық ақыны:

– Бала күнімізде ата-әжелерімізге май шамның жарығымен небір қисса-дастандарды, батырлар жырын оқып беруші едік. Ол тұста бүгінгідей теледидарға телміру болмайтын. Жырдағы елді жаудан қорғаған батырлар секілді халқымызға пайдамыз тисе, мұратына жеткізуге үлесімізді қоссақ деп талай армандадық та. Иә, жас ұрпақ өздерінің тарихын білгісі келсе, алдымен батырлар жырын оқып, жаттап алуы тиіс. Батырлар жыры – қазақтың түп-тамыры, Елбасы айтқандай ұлттық коды.

 

Қажыбек БЕКБОСЫНОВ, ҚР халық әртісі, әнші:

– Балаларымыздың тәрбиесіне Батыстан келген небір теріс дүниелер кері ықпалын тигізіп тұрған сәтте «Оңтүстік Қазақстан» газетінің батырлар жырын жатқа айтудан оқушылар арасында байқау ұйымдастыруы іздесең таптырмайтын дүние болды. Алпамыс, Қамбар, Қобыланды, Ер Төстік, Ер Тарғын секілді батырларымызға қайта оралып, олар жайындағы жыр-дастандарды жатқа айту – еліңнің көне тарихына, өткеніне, кешегісіне оралу деген сөз. «Көненің көзі, асылдың сынығы» дегендей, көне дастан-жырлар жүрегімізге дәру болып құйылып, жан дүниемізді рухани байлыққа бөлейді. Сондықтан бүгін Түркістанның төрінде өнер тойы, жыр-дастан, қисса тойы өтіп жатыр, ал, оның жас ұрпаққа берері мол демекпін.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ