Рухани жаңғыру 0 пікір 2129 лайк

Ұстаздың биік мерейі

Қыркүйек 27 / 2018

(«Жақсылар, дастан айтайын» байқауына қатысушы талапкерлерге тілек)

 

Ұстаздарым, қашанда бағаң бөлек,

Шәкірттері беретін заманға леп.

Дастан жаттап, дәстүрді жалғап жатыр,

Ұқыптыны таппассың одан зерек.

 

Айналайын, жас ұрпақ, жаның ізгі,

Қуантарсың сан мәрте әлі бізді.

Жатқа айтып «Алпамыс батыр» жырын,

Тулаттың-ау бойдағы қанымызды.

 

Оқып тұрған саңқылдап жырдан үлгі,

Танып тұрмын алыстан сұңқарымды.

«Оңтүстіктің» ұсынған мінберінен,

Қамшы салмас қабылда тұлпарыңды!

 

Мұзбалақтар нәр алып ұшқан қолдан,

Қуат алған асыл сөз, дастандардан.

Алтын баулы қыранды баптай білген,

Айналайын ақ жүрек ұстаздардан!

 

Жыр жаттаған ұрпағың дара батыр,

Болып шығар, әлеумет, қара да тұр.

Тарих сырын ұқтырған асыл ұстаз,

«Темір тұлпар» тізгіндеп бара жатыр!

Бауыржан ОҢҒАРБАЕВ, республикалық «Алпамыс батыр» қоғамдық қорының президенті. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ