Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2106 лайк

Қазақстан жаңа сандық форматқа көшу үдерісінен тыс қалмауы керек

Қыркүйек 22 / 2018

 

«Астанадағы EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VІ форумы өтіп жатыр. Шара барысында ҚР Үкіметі басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау хатын оқып берді» деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 

«Машина жасау – экономиканың негізгі салаларының бірі. Мемлекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы машина жасау өнімінің көлемі 1 трлн. теңгеге жуық болды. Биылғы форумның негізгі идеясы машина жасау саласындағы төртінші өнеркәсіптік революция жаһандық технологиялық прогрестің қазіргі болмысына сәйкес келеді. Машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар бүгінде озық елдер үшін үйреншікті құбылысқа айналды» делінген Елбасының хатында.

 Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бүкіл әлем жаңа сандық форматқа көшіп жатқанын, Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалмауы керек екенін қадап айтты.

 «Машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары форумда талқыланатын маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Жаһандық технологиялық үдерістерге сай өндірісте жаңғыртуды көздейтін аталған бағдарламалық құжат саланы дамытудың стратегиялық бағдарын айқындайды. Іс-шара аясында нәтижелі пікірталас болып, осы салада өзекті мәселелерге қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді деп сенемін» деді Н.Назарбаев.

Форумда тек машина жасау саласының ғана өзекті мәселелері емес, сонымен қатар барлық өңдеу өнеркәсібінің ірі жүйелі проблемалары талқыланады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ