Цифрландыру: жетістік те, түйткілді мәселелер де бар

Қыркүйек 22 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Соңғы онжылдықта қазақстандықтардың өміріне цифрлық технологиялар батыл енгізіле бастады. Айталық, 2011 жылдың 18 қаңтарында ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле­радиохабар тарату желісі іске қосылды. Бүгінде ұлттық оператор қызметін 1 миллионнан астам отбасы пайдаланып отыр. Цифрлы стандартқа көшкен сәтте Қазақстанда жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны небәрі 6 300 болғанын ескерсек, бұл көрсеткіш аталған қызметтің халық арасында үлкен сұранысқа ие екенін көрсетеді.

 

Қазақстанда ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары мемлекеттік басқару жүйесінде де біршама сәтті қолданыла бастады. Оған мысал «eGov» жүйесін немесе Қазақстанның электронды үкіметін айтуға болады. Бірақ, теледидарды цифрлық форматта тамашалау және құжатты электронды түрде ресімдеу арқылы елімізді цифрландыру жұмысы бітпейтіні бесенеден белгілі. Цифрландыру процесінің нәтижесінде елімізде үлкен экономикалық және технологиялық дүмпу болуы тиіс. Ал, ол үшін, ең алдымен, тағы сол ІT саласына басымдық беріледі. Сол себепті Президент Н.Назарбаев 2017 жылғы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдау қажеттігін айтты.

Біз бүгін Президенттің бастамасымен қабылданған айтулы бағдарламаның Түркістан облысында қалай жүзеге асып жатқанына тоқталмақпыз. Бағдарлама аясында Түркістан облысы білім бағыты бойынша пилотты өңір ретінде таңдалған. Өңірде 1371 мектепке дейінгі білім беру ұйымы болса, онда 140 мыңнан астам бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Өңірдегі балабақшалардың 481-і немесе 35 пайызы «Мектепке дейінгі ұйымдарға кезекке тұрғызу және жолдама беру процесін автоматтандыру» жобасына қосылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Бұл жүйе ата-аналарға бүлдіршіндерін үйінен шықпай отырып-ақ, интернет арқылы балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік береді.

Мұнан бөлек облыста 901 жалпы орта мектеп бар. Онда 456 639 оқушы білім алуда. Облыста мектепке баратын оқушылардың құжаттарын автоматтандыру қызметі биыл шілде айынан бастап іске қосылған. Бұл жоба баласын бірінші сыныпқа беретін немесе бір мектептен екіншісіне ауыстыратын ата-аналардың құжат ресімдеуін жеңілдетуге жол ашты. 1 қыркүйекке дейін аталған қызметті облыста 52 мыңнан астам ата-ана пайдаланған.

Оңтүстікте мектепке жұмысқа орналасу кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиі орын алатынын Мемлекет басшысының өзі сынға алған болатын. Осы күрделі проблеманы шешу жолында жергілікті билік цифрлық технологияларды қолдануға шешім қабылдапты. Бүгінде облыста jumys.sіtcen.kz жүйесі іске қосылды. Бұл жоба мектеп директорларын жұмысқа қабылдау конкурстарын және педагог кадрлар мен техникалық персоналды жұмысқа қабылдау үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде жүйеде 996 вакансия жарияланған және 787 адамнан осы жүйе арқылы өтініштер келіп түскен.

«Нұр Отан» партиясының бастамасымен өңірде 20 ІТ-сыныптар ашу қолға алынды. Оның 8-і облыстың қалаларында, 12-сі аудан орталықтарында ашылмақ. Онда жалпы 3200-ден астам бала қарапайым алгоритмдерді құруды, веб-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимациялар жасауды, жалпы бағдарламалаудың бастапқы машықтарын үйренеді.

Бүгінде Kundelіk бірыңғай ақпараттық жүйесіне облыс мектептерінің 90 пайызы қосылған. Бұл жүйені 362 мың оқушы, 186 мың ата-ана және 50 мыңға жуық педагог тұрақты түрде пайдаланып келеді. Жалпы, облыста білім беру жүйесіне осындай жаңа технологияларды енгізудің нәтижесінде құжат айналымын электронды форматқа көшіріп, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін 60 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Сондай-ақ, сала басшылары бұл жұмысқа қабылдау кезіндегі сыбайластық фактілерін азайтып, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға кететін қаржыны 30 пайызға қысқартады деп сендіреді. Ең бастысы, жаңа технологиялар оқушылардың білім сапасын 12 пайызға жақсартады деген болжам бар. Бірақ...

Атқарылып жатқан осынау ауқымды жұмыстарға қарамастан білім саласын цифрландыруда бірқатар түйткілді мәселелер де жоқ емес. Соның бірі мектептерді интернет желісіне қосу мәселесі. Бүгінгі таңда облыстағы мектептердің небәрі 36,7 пайызында ғана Wі-Fі құрылғылар орнатылған және 69 пайызында ғана кең жолақты интернетке шығуға мүмкіндік бар. Дегенмен, жергілікті билік биыл жыл соңына дейін бұл мәселені толықтай шешуге уәде беріп отыр. Мұнан тысқары біздегі мектептерде әлі күнге дейін оншақты оқушыға 1 компьютерден келеді. Ресми деректерге сәйкес, облыс мектептерінде 39 796 компьютер бар. Яғни бір комьютерді орта есеппен 11,5 оқушы пайдаланады. Биыл аудандардың бюджеттерінен 721 миллион теңге бөлініп, 1 454 компьютер сатып алынған. Облыстық бюджеттен бөлінген 607 миллион теңгеге 1500 дана BіlіmBook және 189 интерактивті панельдер сатып алу жоспарланған. Мұның барлығы жақсы ғой. Бірақ, деректер облыс мектептерінде орналасқан әр үшінші компьютердің (жалпы 12 226 компьютердің) әбден тозығы жеткенін, оларды дереу жаңасына ауыстырмаса, жұмысқа жарамсыз екенін көрсетіп отыр. Яғни осы қарқынымен жаңаланған күннің өзінде ескі компьютерлерді жаңалау ісі кемінде 4-5 жылға созылады деген сөз. Сонда біз Еуропа мектептеріндегідей әр оқушының өз компьютері болатын күнге қашан жетеміз? Мына қарқынымызбен бұған қанша жыл кетерін өзіңіз бағамдай беріңіз. Ал, материалдық-техникалық база талапқа сай болмайынша, жас ұрпақтың ІТ-технологиялардың шебері атануы екіталай.

Жалпы, облыс көлемінде цифрландыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқаны шындық. Жаңа технологиялар білім беруден бөлек денсаулық сақтау, транспорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау бағыттарында белсенді түрде енгізіліп жатыр. Дегенмен, Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру қажеттігін айтқан болатын. Ең бастысы, мемлекет 2020 жылы ІТ-технологиялар индустриясынан түсетін пайданы жалпыұлттық ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Егер жергілікті билік осынау асқақ мақсатқа жетуге облыстың лайықты үлес қосқанын қаласа, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын мүлтіксіз жүзеге асыруға қазіргіден де көбірек назар аударуы керек деп есептейміз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ