Қазақтың гиппократы

Қыркүйек 22 / 2018

 

Адамзат тарихында медицина саласының негізін қалаушы ретінде алдымен Гиппократтың немесе Ибн-Синанының есімдерін ауызға аламыз. Олай болуы заңды да. Алайда, айтайын дегеніміз осынау ұлы тұлғалардың есімдерімен қатар өз ұлтымыздан шыққан дарынды шипагерлерді де қалай ұлықтасақ жарасатынын ұмытпауымыз керек. 2009 жылы оқулық ретінде баспадан шыққан «Бүкіл әлемдік медицина тарихы» атты Р.Қ.Биғалиеваның кітабында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы туралы жан-жақты мағлұматтар берілген. Ғұлама, қараүзген шипагер, жаһангер, этнограф, тарихшы, философ, ақын, астроном, биолог, химик, психолог, ұстаз хақында біраз тарихи деректер келтірілген. Өз өмірін тұтастай шипагерлік жолына арнаған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы дәрінің 1050 түрін жасап, науқастарға 4 577 шипа түрін ұсынды.

 

Шипагер Өтейбойдақ ғылыми-зерттеулерін сынақтан өзі туып-өскен кең далада өткізген. Түліктің әр түрін сойып көріп, тексеріп, даланың неше түрлі шөбін, өсімдігін және емге қажетті минералды заттарын кәдеге жаратқан. Игілікті істе тәуекелге сан рет барды. Жасаған дәрісін алдымен өзі ішіп көріп, талай рет уланған да жағдайы болыпты. Алайда, өзін-өзі емдеп жазып, ажалдан сан мәрте аман қалады. Осылайша ғалым дәрі-дәрмектің дәреметі мен шипасына, сауығудың сырына қаныға түседі. Кезінде Лұқпан Хәкімнің шәкірті атанған емші Жәнібек ханға денсаулықты сақтау жөнінде көптеген құнды ұсыныстарын айтып отырған. Ұрпақ амандығын сақтау жолында тындырған тірлігі орасан зор. Әсіресе, қан тазалығын сақтауда жеті атадан аспайынша қыз алыспау керектігін Өтейбойдақ емші қатаң ескертеді.

Жәнібек ханның сынынан өткен Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы оның әмірімен «Шипагерлік баянды» жазыпты. Бұл кітапта адам ағзасының 350-ден астам мүшелерінің анатомиялық термині бар. Еуропалық ғылыми медицинаға кейіннен белгілі болған қан айналымы шеңберін В.Гарвейден бір ғасыр бұрын ашқан. Сондай-ақ, ағылшын ғалымы Эдуард Дженнерден 350 жыл бұрын шешекке қарсы вакцинаны жасап, егуді бастаған. Оқулықтағы деректен бөлек, аңызға бергісіз мына әңгіме де ерекше назар аудартады. Қайбір жылы марқұм, академик Б.Балабеков іссапармен Англияға барғанда оны қарсы алған оқымыстылар «бұл ғалым ертеректе адамзатты шешектен аман алып қалған Өтейбойдақтың туған елінен келді» дегенде біздің ғалым қазақтан шыққан тұңғыш шипагерді білмейтініне қатты ұялыпты. Бұл жайында профессор Лесбек Тәшімовтің маған қызықты естелік айтып бергені есімде.

Ұлы ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қазақ медицинасының негізін қалаушы. Ғалымның қолжазбасы өз заманынында жарық көргенде әлемдік медицина саласындағы ірі ғалымдардың арасынан өзінің лайықты орнын иеленіп, қазақ медицинасының әлемдік өркениеттегі орнын белгілеп берер еді. Әттең, Қытайдағы мәдени революцияның салдарынан оның еңбектерінің көбі жоқ болып кеткен екен. Алайда, шипагердің соңында бәрібір өшпес мұра қалды.

Ғұламаның «Шипагерлік баян» кітабы ұлт медицинасының ежелден дамығанының айқын айғағы. 1994 жылдың желтоқсан айында Үрімжі қаласындағы Шынжаң ғылым - техника денсаулық сақтау баспасынан 20 мың дана таралыммен араб қарпімен басылып шыққан құнды еңбекке Қытай өкіметі мемлекеттік сыйлық берді. Ал, осы кітап Қазақстанда тұңғыш рет 1996 жылы «Жалын» баспасынан шығып, 30 мың данамен тарады. М.Жолдасбеков, Ә. Нұрмұхамедұлы, З.Қожалымов, М.Сапарбеков және тағы басқа зерттеуші ғалымдардың айтуынша, «Шипагерлік баян» – бұл медицинаның барлық салаларын қамтыған бірегей құнды еңбек.

Шығыс және Қытай медицинасының қалай және қандай дәрежеде дамығаны еліміздің денсаулық сақтау саласы қауымдастығына етене таныс. Алайда, республика бойынша Өтейбойдақ еңбектерінің отандық медицинада қаншалықты үлесі барын және оның ықпалы қандай болғандығын зерттеу ісі өкінішке қарай, әлі қолға алынған жоқ.

Осыдан 5-6 жыл бұрын Ұлттық медицина ассоциациясының кезекті ассамблеясы Түркістан қаласында «Халықтық медицинаның дамуы» деген тақырыпта халықаралық конференция өткізді. Сол форумға қатысқан Қытайдағы қазақтар Өтейбойдақ еңбектерін Қытай, Шығыс медицинасы өкілдері өздерінің күнделікті жұмастарында жиі пайдаланатынын айтқан еді. Жалпы алғанда, ұлы кемеңгер ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қазақ медицинасының негізін қалаушы әрі ұлттық медицинамыздың ірі тұлғасы ретінде жан-жақты зерттелуі, лайықты бағасын алуы қажет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында былтыр «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің бастамасымен және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Шымкент қаласындағы Абай саябағында денсаулық сақшыларының аллеясы пайдалануға берілді. Облыс әкімі Ж.Түймебаев бұл нысанды ел тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай салтанатты түрде ашқаны мәлім.

Аллеяның ортасына Өтейбойдақтың мүсіні биік гранит тастың үстіне қойылды. Оның оң жағына дәрігерлердің антынан үзінді, ал, сол жағына өзгенің өмірін құтқару жолында өз жанын пида етіп, марқұм болған медицина қызметкерлеріне арналған белгі қойылды. Ескерткіш орнатудағы негізгі мақсат – қазақтан шыққан алғашқы шипагерді ұлықтау, оның есімін өскелең ұрпақтың есінде сақтау. Облыстағы медицина қызметкерлерінің демеушілігі көмегімен салынған гүлзарды медициналық оқу орындарының үздік бітірушілеріне диплом табыстайтын, дәрігерлердің антын қабылдайтын қасиетті орынға айналдыру қажет. Мұндай игілікті қадам жастарды Түркістан өңіріндегі медицина тарихын білуге жетелейді. Ал, әріптестеріміздің денсаулық сақтау саласындағы үлкен ғылыми - практикалық жетістіктеріне Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атындағы сыйлық (төсбелгі) және үздік оқитын студенттерге шәкіртақы тағайындау өте дұрыс шешім болар еді. Ұлы бабамыздың «Шипагерлік баян» атты кітабын қайта бастырып шығарудың да уақыты жетті.

 Икрам ТӨЛЕЕВ, «Оңтүстік» медицина қызметкерлері қауымдастығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ