Аспан асты, жер үсті 0 пікір 2095 лайк

Сайрамда инсульт орталығы ашылды

Қыркүйек 22 / 2018

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Сайрам аудандық ауруханасында компьютерлік томографиямен жарақтандырылған инсульт орталығы ашылды. Жаңа қондырғы инсульт және бас-ми жарақатын анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, осы аппараттың көмегімен бастағы қатерлі ісікті, ағзадағы басқа да ауру түрлерін анықтауға болады.

 

Жалпы құны 365 миллион теңге тұратын америкалық «Дженерал электрик» компаниясының әмбебап компьютерлі томографиясы облыстық бюджет қаржысына сатып алынды. Осы аппаратпен жұмыс істеуді үйрену үшін екі дәрігер және екі рентген-зертханашы Алматы қаласында оқып, сертификат алып қайтты. Бұған қосымша әрбір маман Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада екі апталық тағлымдамалық тәжірибеден өтті.

Аудандық ауруханада ашылған өңірлік инсульт орталығы тағы 20 төсекпен толықты. Оның ішінде 3 төсек қарқынды (интенсивті) терапия мен жансақтау бөлімдеріне қойылған. Бұл бөлімшеде неврология, нейрохирургия саласының білікті әрі тәжірибелі мамандары жұмыс істейді. Дәрігерлер Астана, Алматы қалаларында білімдерін жетілдірген. Мәселен, дәрігер Н.Маннапов Ресейдегі Санкт Петербург қаласында нейрохирургия мамандығы бойынша оқып келді.

Инсульт орталығы алғашқы үш сағат ішінде науқасты тексеріп, оған қажетті ем тағайындайды. Қазіргі уақытта 27 ауру (19-ының ми қан айналымы бұзылған) тексеруден өтіп, ауруханада емделуде. Әрине, аурудың алдын алған әлдеқайда жеңіл. Емдеу мекемесі осылайша алғашқы пациенттерін қабылдады. Алда атқарылатын жұмыс әлі де көп. Орталықты қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, жедел медициналық көмек көрсетуді жақсарту кезек күттірмейді. Ең басты мақсат – жүрек, ми қан айналымдары ауруларынан қайтыс болатындар санын кеміту, науқастар арасындағы мүгедектіктің алдын алу.

Сайрам ауданында барлығы 214 277 адам тұрады. Жыл сайын аудандық ауруханаға жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша 500 адам жүгінсе, оның 200-і мидағы қан айналымындағы өзгерістерге орай емделуге жатады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ