Экономика 0 пікір 2091 лайк

Түйе - табыс көзі

Қыркүйек 22 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Golden Camel» кәсіпорны түйе және бие сүтін өңдеп, одан ұнтақ шығарып, Қытайға экспорттауды қолға алып жатқанын газетіміздің өткен сандарының бірінде жазғанбыз. Аталмыш өндіріс орны облыста түйе шаруашылығын дамытудың арнайы жоспарын да жасаған екен. Енді сол мәселе төңірегінде біраз әңгіме қозғасақ.

 

Бұл серіктестік – Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің арасындағы индустриалды-инновациялық байланыстар бағдарламасындағы 51 кәсіпорынның бірі.

Сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «индустрияландыру және экономикалық өсімінің» үшінші бағыты бойынша Жол картасына енгізіліп, Инвестициялар және даму министрлігінің комитетімен арнайы келісімшартқа тұрған.

Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлері – түйе шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Әсіресе, Сырдария өзенінің бойындағы шөлді, шөлейтті аймақтар нағыз түйенің жері. Түйе шаруашылығымен айналысу дегеніңіз тек Ойсылқара төлін бағып, етін жеп, сүтін ішу ғана емес. Түйе малынан мұнан өзге де көптеген тұрмысқа пайдалы заттар өндіруге болады. Мәселен, терісі мен жүні былғары өнімдер шығаруға, киім тоқуға жараса, сүті опа-далап, фармацевтика өндірісіне таптырмас шикізат. Қажетті инфрақұрылымды дамытып, қолдау көрсетілсе түйеден алынған өнімдерді шетелдерге, осынау өнімдерге сұранысы көп нарықтарға экспорттауға мүмкіндік туар еді. Бүгінгі таңда әлемде түйе еті мен сүтіне деген сұраныс өскен. Мәселен, Қытай мен Францияда шұбаттан әртүрлі иіссулар, сықпа майлар жасап шығарады. Сондықтан оларға шикізат ауадай қажет. Біздің өнімдер «құланның қасынуына мылтықтың басылуы» болар еді.

Сарапшылардың пікірінше, елімізде түйе шаруашылығының кенжелеп қалуының бірнеше себебі бар. Солардың негізгілеріне тоқталсақ. Біріншіден, өндіріс, қайта өңдеу, өнімді өткізу мәселесі бізде шешілмеген. Оны айтасыздар, жергілікті нарықта түйе шаруашылығы өнімдерінің саудасы дұрыс жолға қойылмаған. Өзімізде түйе бола тұра өнімдерін тұтына алмаймыз. Алайын десек, жөнді тауар таппайсыз және оның үстіне қайта-қайта сатып ала беруге халықтың қалтасы көтермейді. Түйе бағатындардан бөлек кім қазір күніге шұбат ішіп, түйе етін жеп жүр?!

Екіншіден, түйе шаруашылығын дамытатын салалық бағдарлама жоқ. Соның кесірінен өнім өндіру, қайта өңдеу, түрлі азық-түлік пен тұтыну тауарларын жасап шығару ісі алға жылжыр емес. Осы саламен айналысатын ғалымдардың, ғылыми-тәжірибелік институттардың жаңалықтары, жобалары мен еңбектері практика жүзінде жүзеге аспай жатыр. Бизнес қауымдастығы оларды кәдеге асыра алмауда. Үшіншіден, түйе шаруашылығы республикалық палатасы мен шаруалардың арасында тығыз байланыс жоқ. Саланы қаржыландырудың жолдары, механизмдері оңтайлы қарастырылмаған.

Экономикалық зерттеулер көрсеткендей, түйе бағу ірі қара немесе қой өсіруден әлдеқайда тиімді екен. Оған арнайы жемшөп қорын дайындау аса қажет емес. Яғни түйе өсіруші фермерлік шаруашылықтардың өзге шаруа қожалықтарына қарағанда рентабельділігі анағұрлым жоғары болып келеді. Нарықта түйе шаруашылығы өнімдерінің өтімділігін айттық. Сондықтан бұл саланы дамыту басты назарда тұру керек. Бүгінгі таңда түйе шаруашылығы облыста кластер ретінде дамымаған. Өнімдерді нарықтарға өткізумен айналысатын компаниялар, шаруаларға кеңес беретін консалтингтік орталықтар жоқтың қасы. Интернет-маркетинг жүйесі өте әлсіз. Міне, осы аталған олқылықтар бұл салаға тезірек инвестиция құюды талап етеді. Не үшін Ойсылқара төлінің өнімдерін экспорттауға көңіл бөліну керек? Түйе өнімдері ешқашан таусылып қалмайды. Оның ресурсы мәңгілік. Түйелер саны көп болған сайын өнім де көбейе түседі. Сондықтан аграрлы ел ретінде біз үшін бұл маңызды. Жоғарыда айтқанымыздай, түйе сүті мен етін өндіру ірі қара және өзге де түлік түрлеріне қарағанда 1,5-2 еседей арзан түседі. Жайылымдық жерлерімізге, табиғатымызға, ата кәсібімізге қарап түйе шаруашылығы әлемдегі бәсекеге қабілетті ең мықты шаруашылық деп айтуымызға толық негіз бар.

Сондықтан да сарапшылар мемлекеттің бүгінгі таңда осы салаға көрсетіп отырған қолдауларын, ішкі нарықтағы сұраныстарды, экспорттық әлеуетімізді, түйелер санын көбейтуге оларды өсіруге мүмкіндіктер мен тәжірибелердің барын ескере келе өңірде түйе шаруашылығы кластерін қолға алатын кездің жеткенін айтады. Бұл ретте Түркістан облысының түйе шаруашылығын дамытудағы әлеуеті зор. Ал, «Golden Camel» кәсіпорны түйе бағушы шаруашылықтардың басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыруға ниетті.

Кәсіпорын Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарынан түйе сүтін жинауды көздеп отыр. Осы өңірлерде 84 мыңнан астам түйе бар екен. Олардың 37 мыңдайы сауылады. Бастапқыда осыншама інгеннің 20 пайызының, яғни 7,5 мыңдайының сүтін өңдеу жоспарлануда. Күніне әр інген орта есеппен 6 литр сүт беретінін есептегенде, 7,5 мың інгеннен 45 мың литрден астам сүт алынады. Зауыт бастапқыда 30 пайыз қуатпен жұмыс істейді. Араға белгілі бір уақыт салып, кәсіпорын қуаттылығы жүз пайызға шаққанда күніне 100 мың литр сүт өңдеуге шамасы келеді. Бірақ, оған шикізат жеткілікті болу керек. Сол үшін шаруаларға алдағы уақытта түйе сүтін өткізу мәселесінде алаңдамауға болады. Қайта мал санын көбейтіп, өнімділігін арттыру бағытында жұмыс істегендері абзал. Ал, зауыт басшылығы 4 өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасы, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, кәсіпкерлік индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, ауылдарда түйе сүтін қабылдайтын пункттер ашуды ойластыруда. Кәсіпорынның өзінің түйе сүтін жинау, сақтау, тасымалдау бойынша әзірлеген әдіс-тәсілі бар.

«Golden Camel Group ltd» компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Сәкен Арапбаевтың айтуынша, зауыт құрылысын жүргізуге мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбеді. Газ, жарық, су өндіріс аймағының маңында орналасқандықтан кәсіпорын инженерлік-коммуналдық жүйелерді өз күшімен тартып алды. Соның арқасында бюджеттің миллиардтаған қаржысы үнемделді. Ал, жобаның өзіне 7 млрд. теңгеден астам инвестиция құйылды. Бұл Түркістан облысындағы ең ірі жобалардың бірі болып саналады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ