Заң-заман 0 пікір 2086 лайк

Біз білетін Ілияс осындай!

Қыркүйек 22 / 2018

 

Дамира МОЛДАНАЗАРОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Полицейге жайбарақаттық жараспайды. Оның күнделікті тіршілігінің өзі қым-қуыт оқиғалардан тұрады. Ұсақ тәртіп бұзушылардан бастап қылмыс әлемінің серкелеріне дейін одан аяқ тартып тұратыны тегіннен-тегін дейсіз бе?! Бойында титтей құқықбұзушылықтың өзіне төзбейтін қасиеті бар адам ғана полицей бола алса керек. Сондай-ақ, ізденімпаздылық, байқампаздық, еңбекқорлық сияқты қасиеттермен қатар полицияның бойында өз-өзіне деген қатаң талап та болуы қажет. Рас, бұл мамандық иелері туралы қоғамда әртүрлі пікір айтылады. Алайда, сіз қылмыскерлермен күн сайын бетпе-бет кездесетін олардың жанына бір сәт үңіліп көріңізші...

 

Біздің кейіпкеріміз Ілияс Дәуірбаев – Шардара аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы. 1994 жылы дүниеге келген ол бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандапты. Сол арманның жетегінде ержеткен Ілияс Кеңесұлы Шардара қаласындағы М.Горький атындағы жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясына оқуға түседі.

Алғашқы еңбек жолын Мақта-арал аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік полиция инспекторы болып бастаған жас маман аз ғана жылдар ішінде үздік нәтижелерге қол жеткізді. Төрт мыңға жуық тұрғыны бар Төменгі тоғай елді мекенінің тұрғындары Ілиясты түгел таниды. Әсіресе, көршілер арасындағы сол бір кикілжіңнен кейін көпшілік оны етене тани бастағандай. Оқиға былай болыпты. Жазғы сарайына жинаған 8 қап бидайы мен мотоцикл бөлшектері қолды болған ауыл тұрғыны учаскелік инспекторға хабар береді. Бұған дейін де ұсақ-түйектерін үптеп кетіп жүрген нағыз ұрыны табу ауыл тұрғындары үшін елдік маңызды мәселелерден еш кем емес еді. Себебі жоғалған затын бір-бірінен көретін көршілер алауыз бола бастаған. Ілияс осы сәтте білімі мен біліктілігін көрсететін кез келгенін іштей сезінді. Ұры із қалдырушы ма еді?! Осы уақытқа дейін жинаған тәжірибесіне сүйеніп, үй айналасына түскен іздерге зер салады. Кенет жалғыз дөңгелекті көліктің көмескіленген ізі көзге шалынады. Жіптің ұшы қолға ілінді! Ұры алыстан келмепті. Бір-екі үй әріде тұратын О.А. сөзге келместен ұрлығын мойындайды.

Ілияс Кеңесұлы кәсібіне шын берілген жан. Қашан көрсең де ізденіс үстінде жүргені. Бірде Б.Т. деген азаматтың үйіне бас сұғады. Қарттың хал-жағдайын біліп, есіктен ұзай бергенде қатар тізілген гүлдерге көзі түседі. Байыппен қараса... кәдімгі марихуана! Есірткі! Дереу жедел-іздестіру тобын шақырып, кінәлінің қолына кісен салады. Дәл осылай үй ауласында есірткі өсіретін Л.М. есімді азаматшаны құрықтауда да Ілияс ілкімділік танытты. Жұрт көзіне түспес үшін бөшке ішінде марихуана тәріздес шөп өсіретін әйел инспектордың қолына қалай түскенін өзі де білмей қалды.

– Бұл қызметте уақытпен санаспай, күннің ыстық-суығына қарамай еңбек етсең ғана зор табысқа жетесің. Әсіресе мереке күндері жұрт бейқам ұйқыда жатқанда жұмыс істеп, талай қиындық пен қауіпті жағдайларды басынан өткізіп жүрген әріптестерімді әрқашан мақтан тұтамын. Дегенмен, полиция қызметкерлері қоғам тарапынан айтылған сын-ескертпелерді де дұрыс қабылдап, оны өз қызметін жақсарту үшін пайдаланса, жұрт арасында құрмет пен беделге ие боларымыз сөзсіз, – дейді ол.

Жыл басынан бері Төменгі тоғай елді мекенінде 5 қылмыстың беті ашылса, 80-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Мұндағы 5 тұрғынға қару ұстауға рұқсат берілсе, оның екеуіне қару ұстау ережелерін сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ, наркологиялық есепте тұратын

7 адаммен тұрақты жұмыс жоспары түзіліп, жүйелі түрде профилактикалық шаралар ұйымдастырылып келеді. Ал, жазасын шартты түрде өтеп жатқан 2 азамат әрдайым учаскелік инспектордың қадағалауында. Күн сайын түнгі

22.00-ден кейін осы екі азаматтың үйінің алдынан табылады. Осылай үнемі жарғақ құлағы жастыққа тимейтін Ілиясты ауыл тұрғындары өз балаларындай жақын тартады. Біз білетін Ілияс осындай!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ