Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Міндетті мінсіз атқару – кәсібиліктің шыңы

Қыркүйек 22 / 2018

 

«Жетісай» шекаралық бақылау бөлімшесінің жауынгерлік қызметтегі жетістігі жоғары. Бұл – халықтың пікірі. Аталған бақылау бекеті құжаты ресімделмеген дәрі-дәрмектерді, зергерлік алтын бұйымдарды, шетел валюталарын контрабандалық жолмен алып өтпек болғандардың талайына тосқауыл қойып келеді. Мұның бәрі шекарашылардың өз жұмысын шебер ұйымдастыра алатындығын көрсетеді.

 

«Жетісай» шекара отрядына қарасты «Жетісай» шекаралық бақылау бөлімшесі 2011 жылы құрылған. Мақтаарал ауданы, Атакент ауылының іргесіне қоныс тепкен шекара бөлімшесі халықаралық дәрежедегі күре жолдың маңында орналасқан. Мұндағы шекарашылар күніне жүздеген шетел азаматының құжатын тексеруден өткізеді. Мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтар мен көліктерді, жүктер мен тауарларды тексеруде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің «Атамекен» кедендік бекетімен, ҰҚК-нің жергілікті бөлімшесімен, аудандық ІІБ-мен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Халықаралық дәрежедегі мәртебеге ие «Жетісай» шекаралық бақылау бөлімшесі күніне жүзге тарта жүк көлігін, оннан аса жолаушылар автобусын, жүз елуден астам жеңіл көлікті өткізуге қабілетті. Бүгінде бақылау бекетінен өтетіндердің қатарында екі ел арасында жолаушылар тасымалдайтын автобустардың да қарасы көп.

Аса жауапкершілік пен қырағылықты талап ететін абыройлы міндетті мінсіз атқару ең алдымен басшыға байланысты. Майор Ақсұлтан Жанатов «Қандай да әскери ұжымды басқаруда бір ғана қағидаға сүйену керек. Ол – әр әскери қызметшінің өзінің лауазымдық міндеттерін терең сезіну арқылы қызметке деген адалдығын сақтауы» дегенді жиі қайталайды. Иә, Отанға деген анты мен қызметіне деген адалдығынан айнымаған шекарашылар өз ісінің майталманы дер едім. Солардың ішінде кіші сержанттар Нұрғали Әшірәлиев, Марат Артықбаев, сержанттар Біржан Қоспаев, Дәулет Әміров, ефрейтор Ербол Бердіқұловтың есімін ерекше атауға болады. Тек жауынгерлік қызметімен ғана емес, кәсіби дайындығымен, спорттағы жетістіктерімен өзге бөлімшелерден оқ бойы озық тұратын «Жетісай» шекаралық бөлімшесі алдағы уақытта да тындырымды тірлігімен ел алғысына бөлене бермек.

Талғат МҰҚАШЕВ, №2037 әскери бөлімінің қызметкері, майор. Мақтаарал ауданы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ