Армрестлинг. Шардара. Арман

Қыркүйек 22 / 2018

 

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Дәл осылай деуге толық негіз бар. Өйткені, бүгінде қазақ армрестлинг спорты әлемді мойындатып келеді. Ал, қазақты әлемге мойындатуға ту-у түкпірде жатқан Шардара ауданының қосып отырған үлесі ерекше.

 

Иә, қазақ елінің қол күрестегі даңқы Шардара арқылы шықты. Алақандай ауданнан соңғы он жылда 14 әлем чемпионы, 70-тен аса Азия чемпионы, 100-ге жуық Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері шықты. Сол себепті Шардара мен армрестлинг бүгінде егіз ұғымға айналып кетті. Ал, Шардараның атын шартарапқа танытқан армрестлинг сөз болса, міндетті түрде Арман Қарсыбаевтың есімі бірге айтылады. Армрестлинг – Шардара – Арман... Бірін-бірінен бөліп қарауға болмайтын үштік ұғымға тереңірек үңіліп, тарқатыңқырап айтайық.

Екі мыңыншы жылдар... Арман Қарсыбаев аудандағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жас маман. Өзі құралпы жастарды жанына жиып, мектептің қуықтай бөлмесінде жаттығу жасап, үлкенді-кішілі жарыстарға қатысып жүрді. Күндердің күнінде Токиода өтетін халықаралық жарысқа жолдама алды. Бұл бүгінде көптеген елдерде болып, жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген шардаралық құрыш білектілерге берілген алғашқы мүмкіндік еді. Қалайда бару керек. Айлық жалақыдан басқа табысы жоқ жас маман өзінің мініп жүрген «Волгасын» базарға шығарды. Жарысқа баратын жолкіре табу үшін «темір тұлпарын» сатқан Арманның бұл әрекеті, шыны керек, жұртшылыққа қызық көрінді. Сөйтсек, тым әріден ойлайтын Арманның өз арманына жету жолындағы бұл алғашқы әрекеті екен. Тәуекел етпесе бүгінгідей жетістіктерге жету қайда!

Көп ұзамай Жапониядан сүйінші хабар жетті. Токио төрінде өткен байрақты бәсекеде қазақ жігіті намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінді.

Бұл бүгінде есімін ел білетін даңқты спортшы, тәжірибелі жаттықтырушы, Шардара ауданының құрметті азаматы, облыстық №4 спорт мектебінің директоры Арман Қарсыбаевтың алғашқы жетістіктерінің бірі болатын. Одан кейін де жеңіс тұғырынан көріне білген шардаралық жігіттер осылайша әлем назарын өздеріне аударды.

Осыдан бес-алты жыл бұрын Кореядан бір топ қонақ келді. Әрине, ел болған соң келім-кетімсіз болмайды. Бірақ, бұл жолғы қонақтардың қиыр шеттегі Шардараға келгені де қызық. Бейресми сапарлап келген бесеу облыс орталығына аялдапты. «Сіздерде спорттың армрестлинг түрі ерекше дамыған. Біз соны өз көзімізбен көрсек дейміз. Олар қалай жаттығады және кім жаттықтырады? Мүмкін спортшыларды зор жетістіктерге жеткізетіндей бұл өңірдің климаты керемет шығар? Әлде басқа бір сыры бар ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп келген кореялық қонақтарды Шымкенттегі бапкерлер Шардараға бастап барады. Шет-шегі көрінбейтін ен дала, аңызақ-аптап. Шілденің шіліңгір ыстығы... Шынын айтқанда, бұл көрініс қонақтарға ұнай қоймайды. Мектептің жертөлесінде жаттығып жатқан құрыш білекті балуандарды көргенде, тіпті, естерінен тана жаздапты. Өйткені, ол жерден әлемді мойындататындай чемпиондар шығару мүмкін емес. Ми қайнайтын ыстық, тынысыңды тарылтатын тар жер... Жанкештілікпен жаттығу жасап жатқан жігіттер... Қонақтар таң қалысады. Алған әсерлерінен біраз уақытқа дейін арыла алмай жүреді.

2006 жылы ақпан айында Шардараға әкім болып Серікбай Ибадуллаев тағайындалды. А.Қарсыбаевты қатардағы жаттықтырушы болып жүрген жерінен спорт бөлімін басқаруға шақырды. Болайын деп тұрған баланы жазбай таныған Сәкең осылайша спорт жанашырын басшылыққа әкелу арқылы осы саланың өркендеуіне жол ашты. Жастарды спортқа баулу, жарыстарда жеңіс тұғырынан көріну үшін тек жаттықтырып қою жеткіліксіз. Тіпті, әлеуметтік жағдайына да араласуына тура келеді. А.Қарсыбаев жаттықтыратын жастардың біразы спортта жеткен жетістігі үшін жоғары оқу орындарына грантпен оқуға түсті. Біразы осы саланың білікті маманы, тәжірибелі бапкеріне айналды. Жастарды соңынан ерте білген Арман Романұлы бірте-бірте өзінің бастапқы, бала кезіндегі арманына қол жеткізіп келеді. «АрмСпорт» деп аталатын мектеп ашты. Қазір онда екі жүзден астам жеткіншек жаттығып жүр. Демек, Шардараның армспорты әлі талай биіктерді бағындырады.

Иә, бүгінде қазақтың қолының күшін әлем мойындады. Ендеше, еліміздің даңқын асқақтатып жүрген Арман Қарсыбаев секілді азаматтар қандай құрметке де лайық деп білеміз.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ