Азиада жүлдегерлерін марапаттады

Қыркүйек 22 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Индонезияда өткен Азия ойындарының жеңімпаздары мен бапкерлерін қабылдады. Кездесу барысында шаһар басшысы байрақты бәсекеден жүлдемен оралған спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттады.

 

– Дүбірлі додада жеткен жетістіктеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ел абыройын асқақтатқан еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еліміздің көк туын биікте шарықтатып, әнұранын әуелете беріңіздер, – деді қала әкімі.

Айта кетерлік бір жайт, Азиадаға Шымкент қаласының 36 спортшысы қатысты. Оның 14-і елге жүлдемен оралды. Көркем гимнастикадан Алина Әділханова мен Даяна Әбдірбекова командалық жарыста І орынға ие болды. Алина жекелей жарыста да үздік шықты. Ескек есу мен каноэ есуден Инна Клинова құрлықтық бәсекенің жеңімпазы атанды.

Әкім алтын медаль иеленген спортшылар мен олардың бапкерлеріне 1 миллион теңге сыйақы тағайындады. Ал, қоржынға күміс медаль салған спортшылар мен олардың бапкерлері 500 мың теңгеден сыйақы алса, қола жүлдегерлер 300 мың теңге сыйақыға ие болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ