Ол қайта оралады!

Қыркүйек 20 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Өткен жексенбі күні миллиардтаған көрерменнің назары Лас-Вегасқа ауғаны белгілі. «Ғасыр жекпе-жегіне» баланған Геннадий Головкин мен Сауль Альварес екінші рет рингке шығып, жұдырық түйістірді. Миллиондаған қазақстандық жанкүйерлердің өкінішіне қарай қарағандылық боксшы бұл кездесуде жеңіліс тапты. Жеңіліс!... Геннадий кәсіпқой рингке шыққалы бері алғаш рет төрешілер оның қолын көтермеді.

 

Қазақстандық боксшының алғашқы жеңілісін күллі қазақ жұрты шын күңірене қабылдаған жоқ. Мексиканың ұлттық мейрамы кезінде олар жеңісті қазақ ұланының қанжығасына байлап бере салмайтынын іштей түсінді. Бір тарап төрешілердің әділетсіздігін атап, Головкиннің жеңіске жеткенін айтса, екінші тарап қазақстандық боксшының жеңілмегенін, жекпе-жектің кемінде тең дәрежеде өткенін айтады. Бокс ұйымдастырушы промоутерлік компаниялардың пайдасы үшін де Геннадийдің жеңілгені тиімді еді. Қалай десек те, шаршы алаңда жеңілмейтін батырға айналған Головкин 39-шы кездесуінде жеңіліске ұшырады.

Лас-Вегастағы T-mobіle аренасында Геннадий Головкин жеңілгенімен қазақ боксының халықаралық аренадағы абырой-беделі төмендей қойған жоқ. Мексиканың тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келген жекпе-жекте Альварестің аздаған басымдыққа ие болары түсінікті еді. Ол туралы газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған да болатынбыз.

Рингтен тыс әңгімеден шаршы алаңға қайта оралсақ... Дегенмен, екінші кездесуге Сауль Альварестің мықты дайындалғаны көзге ұрып тұрды. Алғашқы жекпе-жекте қашқақтап жүріп бокстасқан ол бұл кездесуде «бірінші нөмірмен» ойнады.

«Канелоның» тактикасын өзгертіп жібергеніне қазақстандық боксшы да таң қалған болуы керек, тек төртінші раундтан кейін ғана өзінің ежелгі жекпе-жек жүргізу мәнерін таба бастады. Егер Геннадий қалған раундтарда сол бесінші раундтағыдай жұдырықтасқанда қазір жеңіс тойын тойлап отырған болар ма едік... Алайда, физикалық тұрғыда шаршаңқы көрінген Головкин қарсыласын оныншы раундта бір рет тәлтіректетіп жібергені болмаса, қалған уақыттарда ауыр соққыларын дарыта алмады. Қос боксшының жас айырмашылығы да шаршы алаңда өз дегенін істеді. Өзінен 8 жас үлкен Головкинге қарағанда мексикалық боксшы ширақ көрінді.

Жекпе-жектен соң Сауль Альварес Мексика халқын ұлттық мерекелерімен құттықтап, сәлем жолдады.

Ал, қазақстандық спортшыға чемпиондық белбеулерін Альвареске беруден басқа амал қалмады.

Спорт – елдің атын халықаралық дәрежеде биікке аспандататын бірден-бір сала. Елдің абыройы асқақтауы үшін мемлекеттің спортшысына жаны ашуы керек. Осы тұрғыдан алғанда Мексика Қазақстанның алдын орап кетті десе болғандай. Америкада өтетін кездесуді өздерінің ұлттық мерекесіне орай ұйымдастырып, боксшыларының елге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауына жағдай жасауын басқаша түсіндіріп бере алмаспыз.

Тәуелсіз БАҚ өкілдерінің біразы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа Геннадий Головкинге «Халық Қаһарманы» атағын беруді ұсынып, хат жолдады. Құптарлық іс. Маңдай терімен тәуелсіз Қазақстанның абыройын көтерген былғары қолғап шебері бұл атаққа лайық бірден-бір адам. Рингке әр шыққанда қазақтың оюлы шапанын, көк туын тастамайтын, маңдай терін ел абыройы үшін сорғалатқан спортшы «Халық Қаһарманы» деген атақты алып жатса әділетті шешім болары сөзсіз. Бұл өз кезегінде басынан қиын күндерді өткізіп жатқан боксшыға қосымша мотивация да болатын еді.

Геннадий Головкин өзіне тиесілі болған чемпиондық белбеулер үшін рингке қайта оралуға уәде берді. Демек, қаржылық жағынан промоутерлерге тиімді болатын жекпе-жектің үшінші бөлімін көріп қалуымыз да ғажап емес. Бұл жекпе-жек трилогияға ұлассын, ұласпасын, Геннадий Қазақстанның халық батыры болып қала береді. Таразы басы әзірге мексикалық спортшының жағында. Оны теңестіру үшін Геннадийдің командасы да аянып қалмайтыны сөзсіз. Бізге қалғаны – кәсіпқой мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырап, психологиялық тұрғыда ауыр соққы алған Генаға барынша қолдау көрсету. Ол өзінің чемпиондық атағын қайтарып алу үшін бокс аренасына қайта оралары хақ!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ