Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Оңдасыновтың аманаты орындалды

Қыркүйек 20 / 2018

 

Облыс әкімдігінде шұғыл шаруам болып Түркістан қаласына жол түсті. Арыс – Түркістан каналы бойындағы облыстық басқармалар орналасқан ғимаратқа соқсам, облыстық әкімдік тарихи-этнографиялық орталықта екен. «Көш жүре түзеледі» демекші, жаңадан салынатын облыстық әкімдік кешенінің құрылысы біткенше осылай бөлініп отырғандары да дұрыс деп ойладым. Кезінде ел астанасын Орынбордан Қызылордаға көшіргенде мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанов «Түркістан елдің ежелгі астанасы еді, енді оның реті келмес, неде болса Ақмешітке көшірейік» деген екен. Түркістандық Нұртас Оңдасынов «Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру қолымнан келетін еді, енді ол кейінгілерге аманат» деп өкініш білдіріпті.

 

Міне, ардақтыларымыз армандаған тарихи шешім де қабылданды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ағымдағы жылдың 19 маусымында Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Осыдан он жыл бұрын «Түркістан рухани астана болса, Кентау да гүлденер еді» атты мақала жазған едім. Өткен жылы ТҮРКСОЙ шешімімен «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып бекітіліп, күллі түркі жамағаты осында бас қосқан еді. Түркістан облыс орталығы атанғалы барлық аудан округтері Кентау қаласына беріліп, тұрғындар саны 200 мыңнан асты. Жыл сайын қуаныш қуанышқа ұласып, Түркістанымыздың еңсесі биіктеп, халқымыздың хандары мен сұлтандары, батыр-билері мәңгілік дамылдаған көне шаһардың тарихи маңызы артып келеді.

Мен өзім бұрынғы Түркістан ауданының Қызыл шаруа, қазіргі Қаратөбе ауылында өмірге келгенмін. «Әркімнің туған жері – Мысыр шәрі» демекші, Түркістан қаласына деген ілтипатым, махаббатым ерекше. Ес білгелі киелі шаһардың топырағын кешіп, ауасымен тыныстап, мейірімді құшағында өмір сүріп келемін. Сондықтан да сүйікті қаламның өткені мен бүгіні және ертеңі мен үшін өте маңызды. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов айтқандай, мен де елімнің, туған қаламның болашағы үшін қызмет етуге әзірмін.

Ысқақ ӘЛІҰЛЫ. Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ