Түркістан – қазақ руханиятының өзегі

Қыркүйек 20 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Түркістан облысының әкімдігінде облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне 7 мәселе шығарылды. Бірінші мәселе – «Түркістан облысы, Түркістан қаласының дамуы туралы» облыс әкімі Жансейіт Түймебаев кең көлемде баяндап өтті.

 

– Облыстық әкімдіктің Түркістан қаласына көшіп келгеніне бүгін бір ай толып отыр. Бұл іске ертерек қамданғанымыз дұрыс болды. Себебі, қазір толық жұмысқа кірісіп кеттік. Осы уақыт аралығында 27 әкімшілік басқармасы, 29 департамент, жалпы екі мыңнан астам адам Шымкенттен Түркістанға қоныс аударды. Бүгінгі күні қызметкерлерді кеңселермен қамтамасыз ету ісі толығымен аяқталып, қызметкерлер өз жұмыстарын алаңсыз атқарып отыр. Өткен аптада Елбасының қабылдауында болдық. Түркістан облысына, Түркістан қаласына Елбасымыз үлкен көңіл бөлуде. Сондықтан да баршамыз жаңа Түркістан облысын, Түркістан қаласын құруға бір кісідей атсалысуымыз қажет, – деді облыс басшысы.

Сондай-ақ, Жансейіт Қансейітұлы жиынға қатысушыларды Түркістан қаласының болашағымен байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып өтті және Түркістан қаласының бас жоспарына сәйкес салынатын құрылыстардың жайына да кең көлемде тоқталды.

Қ.А.Ясауи кесенесі тұрған аймақтан 100 гектардан аса жер бөлініп, арбат, қонақүйлер, түркі тарихи музейі, ұлы дала елі музейі, керуен сарай салынбақ. Олардың барлығы да орта ғасырлық шығыс үлгісінің стильдерімен бой көтереді.

Әкімшілік іскерлік орталыққа әкімшілік басқару мекемелерінен басқа театр, конгресс хол, стадион және мектептер мен балабақшалар және Назарбаев зияткерлік мектебі орналасады.

Ең бастысы қалаға жаңа подстанса тұрғызылып, су құбыры жүргізіледі және газбен, жылумен қамту ісі де жеделдетілмек.

– Тұрғын үйлер салуды бастап кеттік. Бүгінгі күні Түркістанда 1200 орынды 20 көп қабатты үй, Кентауда 420 пәтерлі 7 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Биылғы жылдың соңында 120 пәтерлі 2 үйді пайдалануға береміз. Келесі жылы 1500 пәтерлі 25 үй пайдалануға беріледі. Жыл соңында Түркістанда 2520 пәтерлі 42 тұрғын үйдің құрылысын бастаймыз. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 360 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй салынады. Бұдан басқа, Түркістанда бой көтеретін 29 әлеуметтік және мәдени нысандардың жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеуді бастадық, – деді облыс әкімі.

Көне шаһарды көруге арнайы шетелден келуші туристердің саны өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда биыл көбейген. Дегенмен, заман талабына сай қонақүй мен тамақтанатын орындар болмағандықтан туристер қалада көп аялдамай қайтып кеткен. Осы мәселені баса айтқан Жансейіт Қансейітұлы туризмді дамыту үшін қызмет көрсететін орталықтардың да талапқа сай болуы қажеттігіне тоқталды.

Алдағы жылдары аэропорт салынып, халықаралық рейстер ашылған тұста қалаға келетін туристердің санын 5 миллионға дейін көбейту жоспарланып отыр.

Жиында Жансейіт Қансейітұлы тек Түркістан қаласын ғана емес, облыста жүзеге асатын өзге де жоспарлармен таныстырды.

Шымкент қаласынан Ташкент жолына өтетін жерге Оңтүстік–Батыс айналма жолы, Сарыағаштан Шардараға айналма жол салынатынын және Сырдариядан Арыс–Түркістан каналына «машиналы» канал салу жоспарланып отырғандығын айтты.

Жиында бұдан өзге де мәселелер талқыланды. Атап айтар болсақ, «Оңтүстік Қазақстан облысының тірек ауылдық елді мекендерінің тізбесін айқындау туралы» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №205 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы; «Мемлекеттік денсаулық сақтау секторы ұйымдарының ауылдық жерде және қала үлгісіндегі кенттерде жұмыс істейтін медицина және фармацевтика қызметкерлеріне коммуналдық қызметтерге және отынға арналған шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеу мөлшерін белгілеу туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2016 жылғы 25 ақпандағы №47/389-V шешіміне өзгеріс енгізу туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы; «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі №103 «Бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды сақтанушының, сақтандырушының, агенттің және қоғамның ұсыну нысаны мен мерзімдерін белгілеу туралы» қаулысының күшін жою туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы; «Субсидияланатын өсімдіктерді қорғау құралдары түрлерінің тізбесі және 1 бірлікке (литрге, килограмға, грамға, данаға) арналған субсидиялардың нормаларын бекіту туралы» Түркістан облысы әкімдігінің қаулы жобасы; «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 24 тамыздағы №516 «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1194 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы туралы құжаттар талқыға салынып, қоғамдық кеңес мүшелерінің қолдауымен қабылданды.

«Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» және «Түркістан облысы Түркістан қаласының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы да қолдау тапты. Осы шешімге сәйкес, Түркістан қаласындағы «32-разъезд» елді мекені Қарсақты елді мекені болып өзгертілсе, «30-разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталатын болды. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар берілді. Осыған сәйкес, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе және өзге де көшелер пайда болды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ