Көне шаһардың ажарын ашады

Қыркүйек 20 / 2018

 

Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев облыс орталығы Түркістанда жиһаз шығаратын «GRAND MІKS» фабрикасы мен жақын уақыттарда халыққа қызмет етеді деп күтіліп отырған «Mega cіty» ойын-сауық кешенінде болып, олардың жұмысымен танысты.

 

Бүгінде «GRAND MІKS» еліміздің барлық аймақтарын жиһаздың сан түрлерімен қамтамасыз етуде. Кәсіпорын Ресейдің көршілес Челябі облысына да өз өнімдерін шығарады. Цех бастығы Надыр Ибрагимовтің айтуынша, мұнда жүзден астам адам жұмыспен қамтылған. Тұтынушылар тапсырысына орай құрастырылған жиһаздардың бағалары да қолжетімді. Ал, шикізат негізінен Ресейден келеді екен. Жұмысшылардың дені жастардан құралған, айлық жалақылары да талапқа сай. Фабриканың жұмыс процесімен жіті танысқан облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы өндірістің жақсы деңгейде жолға қойылғанын, алайда, жұмысшылар денсаулығына қатысты қауіпсіздік шараларын дер кезінде қолдану керектігін еске салды.

Мұнан кейін облыс әкімі «Mega cіty» ойын-сауық кешенін аралады. Төрт қабатты ғимараттың жалпы аумағы – 15000 шаршы метр. Кешен алдағы желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарланған. Қуаттылығы тәулігіне 800 адамға қызмет етеді деп белгіленген нысанда 200 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба құны 2 млрд. теңгені құрайды. Аталған кешеннің атқарушы директоры Азамат Мамеджанов мұнда халыққа көрсетілетін қызмет түрлері көп екенін айта келе, бір қабатында кинотеатр болатындығын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Ж.Түймебаев қала басшылығына бірқатар ұсыныстар мен тапсырмалар берді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ