Экономика 0 пікір 2073 лайк

Шаруалар мақта бағасына алаңдайды

Қыркүйек 20 / 2018

 

Жуырда Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен мақтаның жиын-терім науқанына байланысты арнайы мәжіліс өтті. Оған Жетісай аудандық мәслихатының хатшысы Әділхан Утанов, Жетісай аудандық ішкі істер басқармасының басшысы Бауыржан Жанаев, аудан прокурорының орынбасары Ырысбек Ерназаров, қала, кент және ауыл округінің әкімдері, мақта өңдеу зауыттарының басшылары мен шаруа қожалықтарының төрағалары қатысқан.

 

Жиында белгілі болғандай, қазірдің өзінде ауданда мақтаны қолмен теретін 32 бригада құрылған. Алайда, бұл жеткіліксіз көрінеді. Сондықтан Жетісай қаласы мен Асықата кентінің тұрғындары арасынан жұмыссыздарды мақта теріміне тарту мәселесі сөз болды. Аудан басшысы қала мен кент әкімдеріне жұмыссыз азаматтарды қоғамдық жұмысқа көптеп жұмылдыруды жүктеді. Бұл өз кезегінде мақта теріміне шеттен келетіндердің санын азайтып, негізгі табысты жергілікті жерде қалдыруға септігін тигізбек.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Жетісай ауданында 187 комбайн мақта терімі науқанына сақадай сай тұр. Оның 77-сі «Джон-Дир» комбайны. Сондай-ақ, 900-ге жуық трактор мен қосымша тіркемелер әзірленуде. Бұдан бөлек, ауданға қарасты 11 ауыл округі әкімдеріне шаруаларға қажетті жанар-жағармай талондары үлестіріліп берілген. Биылғы күзгі науқан мен жер жырту жұмыстарына шамамен 9415 тоннадай жанар-жағармай жұмсау жоспарда бар.

Жиын барысында мақта өңдеу зауытының басшылары да өз ойларын ортаға салды. Олар шаруаларды қолмен терілген мақтаны таза әрі ұқыпты өткізуге шақырды. Бұл өз кезегінде мақтаның салмағын таза сақтауға, нақты пайдаға кенелеуге көмегін тигізеді.

Мәжілісте биылғы мақта бағасына алаңдаған шаруа қожалығының басшылары да сөз қозғады. Олар ең алдымен мақта зауыттарындағы таразының «тазалығын» тексеруді сұранды. Өзекті мәселеге орай аудан әкімі Жамантай Қанайұлының бастамасымен өңірге таразы тексеретін арнайы мамандар шақыртылуда. Бұдан бөлек, таразыдан проблема туындаған жағдайда арнайы мобильді топ құрылатыны белгілі болды. Сондай-ақ, шаруаларға мақта өткізер алдында зауыттармен келісімшарт жасасып алуға кеңестер берілді.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің Мақтаарал ауданындағы меншікті тілшісі С.Қалдыбаевтың хабарлауынша, бүгінгі таңда терімшілерге мақтаның әр келісіне 20-30 теңгеден төленеді екен. Мәселен, Ш.Ділдәбеков ауыл округінде бұл баға 25 теңге. Осы ауыл әкімдігінде 5 бригада құрылған. Әр бригада 40-50 адамнан жасақталған. Науқан барысында бригадалар саны өсе береді. Биыл мақтаны комбайнмен ору бағасы қымбаттапты. Комбайншылар гектарына шамамен 50 мың теңге сұрап отыр. Былтыр бұл баға 38 мың теңге төңірегінде еді. Комбайн қызметі құнының өсуіне солярканың және мақта бағасының қымбаттауы себеп деген болжам бар. Сонда биыл 50 мың теңгеден 10 гектар жерін тергізген шаруа комбайншының қолына 500 мың теңге ұстатады деген сөз.

Осының алдында мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы тәжірибе стансасының директоры И.Үмбетаевтың қатысуымен өткен жиында шаруалар мен мақта өңдеушілер «ақ алтынның» бағасын тоннасына 200 мың теңгеден болады деп пәтуаласқан еді. Дегенмен, жуырда «Ақ керуен» салтанатты шарасы ұйымдастырылмақ. Сонда баға нақтыланады. Бәсекелестік артса, мақта бағасы 250 мың теңгеге шығуы мүмкін. Өйткені, биыл мақтаның көлемі аз. Оған біріншіден, шаруалардың бақша дақылдарына көшуі себеп болса, екіншіден, биыл мақта егістіктерінің біразын зиянкестер бүлдіріп кеткен.

Мақтаны қолмен теру үшін құрылып жатқан бригадалардың денін ауылдағы жұмыссыз жүрген азаматтар құрайды. Олардың арасында зейнеткерлер де бар. Тіпті, отбасымен мақта теріміне қатысатын жандар да көп. Мәселен, бір үйден 5 адам күніне 500 келі мақта терсе, 15 мың теңге пайда табады. Он күнде 150 мың теңге кіріс кіріп тұр. Сондықтан шаруаларға мақтасын осындай бригадаларға тергізген тиімді.

Алайда, қазан айында Өзбекстаннан терімшілер келеді деп күтілуде. Ол жақтағы Сурхандария, Ферғана облыстарында мақта терімі тамыз айында аяқталып қалды. Сөйтіп, олар қазанда бізге қарай ағылады. Оларға бізде тегін жатақхана қарастырылады. Тамақтары да тегін. Тек мақтаны теріп-теріп, ақшаны қалталарына басып кетеді. Бірақ, олардың жұмысты таза істемейтініне мақта зауыттары налиды. Салмағы көп болсын деп мақтаның жаңадан ашылған көсегін, мақтаны жапырағымен, күл-қоқыс топырақты араластырып теріп кетеді. Соның кесірінен мына жақта зауыттағылар шығынға батады.

Аграршылар егер мақта түсімділігі гектарына 30 центнерден айналса, қолмен емес, комбайнмен тергізген тиімді деп есептейді. Техника күшімен мақта 2-3 күнде жиналса, қолмен аптаға созылады. Осы аралықта шаруа біраз шығын шегеді. Диқан үшін тегін нәрсе жоқ. Тіпті, трактордың тіркемесін бір орыннан екінші орынға жылжытудың өзі ақша тұрады.

– Жетісай ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары А.Маханбетовтің айтуынша, Ливерпуль мақта биржасында «ақ алтынның» бағасы тоннасына 212 мың теңге болып белгіленіпті. Алайда, мақта зауыттары 170 мың теңге сұрап отыр. Қазір бұл кәсіпорындар мақтаны саудаламайды, тек өңдеп береді. Сатып алатындар басқа. Бұл баға осылардың қойып отырған талабы екен. Сондықтан мақта зауыттары алыпсатарлардың сөзінен аса алмай отырғандарын айтыпты. Ал, бұған шаруалар көнер емес. Тым болмаса, 200 мың теңгеден болсын деп өтініш жасап отыр. Әзірге осы баға бойынша келісім жасалғандай көрініп тұр. Екі ортада мақта бағасының тағдырына алаңдаған шаруа байғұс шырылдап жүр, – дейді С.Қалдыбаев.

Ә.НҰРЖІГІТҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ