Экономика 0 пікір 2063 лайк

«Жаңа Ақдаланың» өніміне сұраныс көп

Қыркүйек 20 / 2018

 

Бізді «Агрофирма «Жаңа Ақдала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сапарбай Дәрібаев бастап барды. Серіктестік басшысы Ерулан Әжібеков зауыттың тыныс-тіршілігімен танысқалы келген бізді бірден өндіріс алаңына бастады.

 

Фирмада елуге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал, маусым кезінде мұнда екі жүздей адам жұмыс істейді. Фирма жетекшісінен білгеніміздей, мұнда тәулігіне 600 тонна қызанақ өңделеді. 2017 жылы 27222 тонна қызанақтан 3370 тонна томат концентраты өндірілген. Сондай-ақ, былтыр 607,9 миллион теңгеге жеке инвестиция тартылып, томат концентратын шыны ыдыстарға құятын цех іске қосылыпты. Бұдан бөлек, егістік жаңбырлатып суару әдісі арқылы жұмыс істейтін заманауи техникалармен жабдықталған. Арыс өзенінің суы дәл іргеден ағып жатқанымен су үнемдеу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Биыл фирма егіншілері 290 гектар қызанақты, 170 гектар бауды, 95 гектар пиязды, 359,1 гектар жоңышқаны тамшылатып суару арқылы нәрлендірген. Жалпы, шаруашылық 383 гектарға қызанақ, 170 гектарға бау, 256,5 гектарға жоңышқа, 50 гектарға пияз еккен.

Ерулан Табандыұлы биыл тағы да қосымша техникалар алғанын баяндап өтті. «КаМАЗ» жүк автокөлігі, тіркемесімен тракторлар сатып алынған. Олардың барлығы бүгінде тоқтаусыз жүріп тұр. Бау-бақша өнімдері тиелген автокөліктер әрі-бері ағылуда.

«Агрофирма «Жаңа Ақдала» ЖШС өнімдеріне шетелдіктер де тапсырыс береді. Мәселен, былтыр Ресей федерациясы 40 тонна томат концентратын сатып алыпты. Биыл тағы да осынша өнім сатып алуға тапсырыс берген. Бұдан тыс Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия елдерінің кәсіпорындары да Арыстың томатына қызығушылық танытқан.

Зауыт 2017 жылы жергілікті бюджетке 17,1 миллион теңге құйыпты. Ал, 2018 жылдың 6 айында 10,7 миллион теңге салық төлеген. Демек, агрофирма жергілікті бюджеттің молаюына да қомақты үлес қосып келеді.

Біз осы сапарда Арыс қалалық кәсіпкерлік бөлімінде де болдық. Бөлім басшысы Қуаныш Шойнаховтың айтуынша, қалада 2018 жылдың 7 айында негізгі капиталға тартылған жалпы инвестиция көлемі 4159,2 миллион теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 196,4 пайызды құрапты. Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы елді мекенінде «Желмая» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі түйе сүтін өндірумен айналысады. Кооператив бүгінде тәулігіне 1 тонна қымыранды пластикалық ыдыстарға құю цехын іске қосыпты. Жоба құны – 40 миллион теңге. Қазір мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қуаныш бізге тағы қала экономикасының ілгерілеу бағыты туралы мәліметтер айтты. 2017 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 8781,7 миллион теңгені (2016 жылы 7402,6 миллион теңге) құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1379,1 миллионға артқан. 2018 жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2856,4 миллион теңгені құрап (2017 жылы 2502,6 миллион теңге), өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 353,8 миллион теңгеге артқан. Бұл жоспардың 104,5 пайызға орындалғанын көрсетеді.

Қазір Арыс қаласында 12 кәсіпорын жұмыс істейді. Қала бойынша 2018 жылдың 7 айында 3570 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ. Арыс қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ