Анық ой, айқын қолтаңба

Қыркүйек 20 / 2018

 

Биыл танымал журналист, жазушы, драматург Захардин Қыстаубайұлы мерейлі жетпіс жасқа толады. Ол Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ауылда дүниеге келген. Жалпы, сол кездегі «Ленин туы» ұжымшарынан Нұрабай, Нармахан (Бегалы­ұлы), Нұриддин (Шәмшиев), Шаһаризада (Дәнеева), Өмірзақ, Ильичбек (Мұртазаев), Асқар, Ғалым секілді көптеген журналистер шығыпты. Сол қуатты толқынның ең талантты өкілі Захардин Қыстаубайұлы 1973 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген соң баспасөз саласында еңбек етіп, бірқатар аудандық, қалалық, республикалық басылымдар мен баспалардың бас редакторы, директоры болып қызмет атқарды.

 

1966 жылы орта мектепті бітірген соң еңбек жолын облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде корректорлықтан бастаған жазушы. 1967-1974 жылдары Бөген аудандық «Коммунизм таңы» (қазіргі Ордабасы аудандық «Ордабасы оттары»), Сайрам аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеген. 1974-1977 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, жауапты хатшының орынбасары, 1977-1982 жылдары Леңгір аудандық «Ильич жолы» – «Путь Ильича» (қазіргі Төлеби аудандық «Төлеби туы»), сондай-ақ Кентау қалалық «Кентау правдасы» – «Кентауская правда» (қазіргі «Кентау») газеттерінің редакторы қызметтерін атқарды.

1982 жылы Алматыға қоныс аударып, республикалық «Жалын» және «Жазушы» баспаларында редактор, аға редактор, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор болып қызмет етті. Желтоқсан оқиғасының тікелей куәгері. 1987 жылы арнайы шақыртумен Қазақ КСР Мәдениет министрлігіне ауысып, жетекші редактор лауазымында қызмет істеді. 1992 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне аға референт қызметіне шақырылған. «Игілікбанкте» қызмет еткен. Ал, 1994 жылы республикада тұңғыш рет заң әдебиеттерін шығаратын «Жеті жарғы» баспасын ұйымдастырушылардың бірі болды. Жалпы алғанда, он жылдай уақыт Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі саласында заң әдебиеттерін шығару ісімен айналысты. Тәуелсіздік алған жас мемлекеттің жаңа заңдарын дайындауға, мәтіндерін қазақшалауға және оларды түсіндіріп, насихаттауға атсалысқан. Алматыда мемлекеттік қызметте жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Орыстанып кетуге айналған қалада қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру жолындағы бүкілхалықтық қозғалыстың басшылық құрамына еніп, қыруар тірлік тындырды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін республикалық «Жас Алаш» газетіне қызметке келді. Жалпы, ол қандай басылымдарда қызмет атқарса да кәсібіне адал бола білді.

2008 жылдан Шымкентке қоныс аударып, республикалық «Айғақ» газетінде үш жыл бас редактор болды. Кейіннен қалалық «Шымкент келбеті» – «Панорама Шымкента» газеттерінде директор – бас редактор қызметін атқарды.

Зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмастан «Оңтүстік Рабат», «Жебе», «Қазақтар-ХХІ», «Уақыт», «Саясат ақпарат», «Әділет» секілді бірқатар басылымдарда басшылық қызметте болып, олардың қалыптасып, дамуына үлес қосты. Бүгінде республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің директоры – бас редакторы қызметін абыроймен атқаруда. Шымкентте шығатын «Қазығұрт» журналы редакция алқасының мүшесі. Иә, республикалық жетекші газет-журналдардың қай-қайсысында да Захардин Қыстаубаевтың журналистік қолтаңбасын кезіктіруге болады. Жүрекпен сүйетін кәсіп, халыққа етене жақын, тілектес мамандық иесі ретінде талай шыңдарды бағындырды. Бүгінде ол журналистика саласының кәнігі майталман маманына айналған. Еңбегі ескеріліп, Қазақстанның құрметті журналисі, Ордабасы ауданының құрметті азаматы атанған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Оның алғашқы мақалалары, сықақ өлеңдері мен әңгімелері мектепте оқып жүрген кезінде аудандық, облыстық газеттерде жарияланыпты. Тырнақалды «Қос рельс» атты әңгімесі 1969 жылы республикалық «Жалын» альманағында жарияланса, 1972 жылы «Жазушы» баспасынан «Ақ түн» деп аталатын алғашқы кітабы шыққан. Бірнеше әңгіме, хикаят жинақтарының, пьесалардың авторы. Бірқатар әдеби конкурстардың лауреаты атанған. 1975 жылы 19 желтоқсанда жастар мен балаларға арналған әдеби көркем шығармаларға жарияланған бәйгенің қорытындысы бойынша Қадыр Мырза Әли мен Күләш Ахметоваға екінші сыйлық, Захардин Қыстаубаев пен Жүсіпбек Алтайбаевқа үшінші сыйлық берілген екен. Осыдан-ақ жас та болса хас таланттың орда бұзар отызға жетпестен қазақ әдебиетінің классиктерімен иық тірестіретіндей деңгейде қалам сілтегенін аңғарамыз. Әр жылдары оның «Ережепбай Молдабаев», «Бәйтеректер» (1977), «Жүректегі жүзік» (1987), «Алматының ақ жауыны» (1991), «Сүйріктің махаббаты» (1998), «Бозінген», «Жазмыш», «Қос мұңлық» (2003) деп аталатын кітаптары жарық көрген. Драматург ретінде «Таңшолпан», «Аспиранттың ақ шымылдығы», «Егіздің сыңары» пьесалары еліміздің бірнеше театрында сахналанды. Ол кәсіпқой баспагер ретінде де танымал. Өзі кітап шығарып қана қоймастан, бірқатар авторлардың сан түрлі тақырыптардағы әдеби көркем туындыларын редакциялап, кітап болып шығуына атсалысты.

Халқымызда: «Алпысқа келгенде алдыңда жүрер алты ағаң болсын, жетпіске жеткенде жетегіңде жүрер жеті інің болсын» деген тамаша тәмсіл бар. Захардин Қыстаубайұлы асқаралы алпыс жасқа толғанда оның алдында Еркінбек Тұрысов, Байдулла Қонысбек, Нармахан Бегалыұлы, Есқара Тоқтасынұлы, Мархабат Байғұт, Бекет Тұрғараев тәрізді арқасүйер ағалары жүрді. Иншалла, бүгінде олардың бәрі дін аман. Өкініштісі, етене жақын араласқан Ерсінбек Қойбағаров пен Жұмабек Мұқанов секілді қаламдас достары бақилық болып кетті. Жетпістің жотасына шыққанда оның жанында өнегелі тәлім-тәрбиесін көрген ілтипатшыл інілері жүр. З.Қыстаубаев әріптесі, айтулы ақын Дүйсенхан Нахымов туралы «Темірланның тұсында тұма бұлақ», ал, Жұмабек Мұқанов жайында «Сайланбаған депутат» атты көлемді мақала жазған.

Міне, біз білетін, айрықша құрметтеп-сыйлайтын қарымды қаламгер, қажырлы қайраткер Захардин Қыстаубаев осындай сегіз қырлы, бір сырлы жан. Әріптесімізді жетпіс жылдық мерейтойымен құттықтап, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз!

Әбдісаттар ӘЛІП.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ